Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денесі көгерген, іш киімі мен алтын алқасы жоқ": Қарағанды облысында гараждан денесі табылған 29 жастағы әйелдің туыстары істің жабылғанына наразы

29 жастағы әйелдеің денесі гараждан табылды
Фото: Время порталынан

Қарағанды облысында гараж массивінен 29 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Ресми қорытынды бойынша өлім себебі – көміртек тотығынан улану. Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқаға күмән келтіріп, істі қайта тексеруді талап етіп отыр. Себебі әйелдің денесі көгерген, сызаттар болған әрі оған тиесілі іш киімі мен алтын алқасы қайтарылмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Эльмира Қошқарбаеваның денесі осы жылдың 13 сәуірінде табылған. Дегенмен бұл күмәнді өлім туралы жақындары тек жақында ғана жариялай бастады. Олардың сөзінше, әйел таңертең Қарағандыға жұмысқа кеткен. Күндіз күйеуімен байланыста болған. Ал кешке баласын балабақшадан алуы керек еді. Бірақ ол келмеген. Бірнеше сағаттан кейін оны Пришахтинск аумағындағы гараж массивінде көліктің ішінен өлі күйінде тапқан.

Тергеу қорытындысы бойынша, өлім себебі – көміртек тотығынан улану. Осыған байланысты қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Алайда отбасы бұл іске қатысты әлі де көп сұрақ жауапсыз қалғанын айтады.

Тергеу материалдарына сәйкес, Эльмира қайғылы оқиға күні жұмыстан кейін 49 жастағы әріптесінің қасында болған. Ер адамның айтуынша, ол әйелді гараж массивіне барбекю жасауға шақырған. Сол жерде олар алкоголь ішіп, кейін көлікте ұйықтап қалған. Ал оянған кезде ер адам әйелдің қимылсыз жатқанын көрген. Тергеудің негізгі нұсқасы осы болған.

Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқа Эльмираның өмір салтына сәйкес келмейтінін алға тартты. 

"Біз тату-тәтті өмір сүрдік. Ешқандай жанжал болған жоқ. Ол көңіл көтеретін ортада жүретін адам емес еді. Жұмыс, бала, үй оның өмірі осы болды. Ол қалай сол ер адамның қасында болғанын түсіне алмай отырмыз", – деді күйеуі Нұрсұлтан Қошқарбаев.

Отбасының күмәнін күшейткен жайт денедегі жарақаттар. Күйеуінің айтуынша, марқұмның денесінде бас, қол, аяқ және жыныс аймағында көгерулер мен сызаттар болған.

"Сараптама қорытындысы бойынша, кейбір жарақаттар өлімге дейін, яғни қайтыс болардан аз уақыт бұрын алынған. Бірақ ол жарақаттардың қалай пайда болғанына ешкім нақты жауап берген жоқ.Біз маман емеспіз. Бірақ барлық жағдай қайта тексерілуі керек деп санаймыз", – деп қосты ол. 

Туыстары нақты бір адамды айыптамайтынын және қылмыс жасалды деп тікелей мәлімдеме жасамайтынын алға тартты. Айтуларынша көкейде қалған сұрақтарға жауап алғылары келеді. 

Себебі отбасы сонымен қатар марқұмның жеке заттарына қатысты да күмән келтіреді. Кейбір киімдері қайтарылмаған, ал үнемі тағып жүретін алтын алқасы да табылмаған.

"Бізге сырға мен неке жүзігін қайтарды, бірақ алқасы жоқ. Оның қайда кеткенін білмейміз. Кейбір киімдер жуылған күйде, кір жуғыш ұнтақтың иісі шығып тұрды. Іш киім мүлдем қайтарылмады. Олар қайда кетті? Бәрі түсініксіз", – деді күйеуі.

Қарағанды облыстық полиция департаменті оқиға бойынша қылмыстық іс тіркеліп, барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілгенін алға тартты.  Ведомство мәліметінше, сот-медициналық сараптама қорытындысы әйелдің өлімі көміртек тотығынан жедел улану салдарынан болғанын көрсеткен. Тергеу барысында қылмыс белгілері анықталмағандықтан, іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Бұл шешім прокуратурамен келісілген.

Алайда марқұмның отбасы бұл қорытындымен келіспей, істі қайта қарауды талап етіп, қадағалау органдарына жүгінген. Эльмираның артында екі баласы қалды. Күйеуінің айтуынша, отбасы шындықты анықтау үшін соңына дейін күреспек.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 19 Маусым, 2026 17:28