Астанадағы Назарбаев ескерткішінен “Елбасы” сөзі әлі де алып тасталмаған

Астанада Нұрсұлтан Назарбаев атындағы саябақта орналасқан Қазақстанның тұңғыш президентіне арналған ескерткіш әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Себебі тұғырдағы жазуда әлі күнге дейін “Елбасы” деген атау көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агеттігі хабарлайды.
Ескерткіш Астанадағы Әлихан Бөкейхан және “Керей, Жәнібек хандар” көшелерінің қиылысындағы саябақта, Президенттік орталық пен Тұңғыш Президент музейінің маңында орналасқан. Қола мүсін 2021 жылғы жазда Нұрсұлтан Назарбаевтың 81 жасқа толуына орай ашылған еді.
Қала тұрғындары ескерткіштің гранит тұғырындағы жазуға назар аударған. Онда “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев” деп жазылған.
Алайда 2023 жылдың басында Конституциялық сот “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы” заңның күшін жойған еді. Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың “Елбасы” мәртебесі ресми түрде тоқтатылды. Сондықтан ескерткіштегі бұл жазу қазір көпшілік арасында сұрақ туғызып отыр.
ОқыңызКейінгі жылдары Назарбаевқа қатысты бірқатар нысан мен мүсіндер де өзгеріске ұшырады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда оның ескерткіші құлатылды. Кейін жергілікті билік оны қайта қалпына келтірмейтінін мәлімдеді. Оның орнына Абай ескерткішін орнату туралы шешім қабылданған.
2024 жылы Астанадағы Ұлттық қорғаныс университеті аумағынан тұңғыш президенттің мүсіні алынды. Сол жылы елордадағы Ұлттық музейдің орталық атриумындағы Назарбаев бейнесі де демонтаждалды. Бұған қоса, Алматы метросындағы кейбір портреттері де алынып тасталған.
Қазір Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған үш ірі ескерткіш қалғаны айтылады. Олар – Астанадағы осы ескерткіш, Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағындағы композиция және Түркістандағы 2021 жылы орнатылған мүсін.
Сонымен қатар Назарбаевқа арналған ескерткіштер мен бюстер шетелде де бар. Олардың қатарында Түркияның Анкара қаласы, Ресейдің Қазан және Грозный қалалары, Украинаның Каменское қаласы, Молдованың Комрат қаласы және Иорданияның Амман қаласы аталады.
Бұдан бөлек, Қазақстаннан тыс жерлерде Назарбаевтың атымен аталатын көшелер мен саябақтар да әлі бар.