Аю, борсық, қой, иттің майы, жылан еті ауыр дерттерден емдей ала ма? Мамандар жануар майы мен шөптер адам ағзасына қалай әсер ететінін айтты
Медицина мен технологиялардың қарқынды дамуына қарамастан, әлі де емнің дәстүрлі емес әдіс-тәсілдерін қолданатындар бар. Медицинаның баламасына айналған тәсілдер адамдарды дерттерінен айықтыра алады дейді осы бағыттың мамандары. Алайда олардың тиімділігі мен қауіпсіздігі ғылыммен дәлелденбеген. Халық арасында кең таралған жылан еті мен сорпасымен емдеу, жануар майларын қолдану мен шөптерді қайнатып ішу - бүгінде ешкімді таңғалдырмайды. Шын мәнінде аталған емдік әдістің пайдасынан зияны көп болуы мүмкін бе? Stan.kz тілшісі мамандардан сұрап көрді.
Жануар майы: плацебо ма, ем бе?
Жануарлардың майлары ішінде халық ішінде кең таралғаны аю, борсық, қойдың, иттің майы.
Аң-жануардың майын халық медицинасында Ресей, Тибет, Қытай елдері қолданған екен. Көбіне тұмау және өкпе қабыну кезінде сылап жағады.
Алматы Фтизиопульмонология орталығының жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі, пульмонолог-фтизиатр Абзал Малбасқанов халық емі Ибн Сина, аль-Фараби кезінен дами бастағанын айтады. Алайда қазіргі кезде базарда сатылып жүрген ит, борсық майларын қалай пайдаланып, қандай мөлшерде ішу керектігін әркім әрқалай айтып жүр, дейді ол.
"Үлкен кісілер май ішсем, жақсы болып кетем деп ойлайды, шындығында май асқазан, өт жолдарындағы түрлі ауруға себеп болуы мүмкін. Демек пайдасынан гөрі зияны көп пе, соны бірінші анықтап алған жөн. Себебі майды көп ішкеннен адамның бауыры мен ұйқы безінің жұмысы бұзылады. Егер маймен барлық ауру емделетін болса, медицина саласында бәрі оны қолданар еді. Сол себепті оның пайдасынан зияны көп деуге негіз бар", - дейді маман.
Айтуынша, адам сеніп ішкендіктен, аталған жануар майы психологиялық тұрғыдан көмектесіп жатады.
"Бұрынғы кезде дәрілер жоқ кезде қақырықты ерітеді, жібітеді деп айтылатын. Бірақ енді қарап отырсақ, бұл май өкпеге емес, асқазанға түседі. Тұрып қалған майдың қышқылдығы жоғарылайды. Асқазанға барған бұл май қышқылдығының әсерінен асқазанды жақсартқандай болады. Бірақ бұл алдамшы сезім. Майды көбіне сынықшылар көп пайдаланады. Соның ішінде жылқы, қой майы бар. Ал қойдың майын дененің тоңып қалған жерлерінде қан жүгірту үшін сылаған", - дейді ол.
"Ал енді аю, иттің етін дәстүрлі түрде жейтін халық бар, бірақ тек тағам ретінде. Өкпе ауруларының көбі Таяу Шығыстан шығып жатады. Ол жерде майдың түр-түрін жесе де, олардың өздері жиі ауырады. Бұл да ой салатын нәрсе деп ойлаймын. Иттің, аюдың майы адамға пайда әкеле қоймайды. Дінімізде де жыртқыштардың етін жеу қайшы нәрсе" , - дейді маман.
Оның пікірінше, майды сыртқа жаққан дұрыс.
"Адамның денесі күйгенде қаздың майын жағып жатады. Денені күйік шалғанда май жағуға болмайды, себебі ол ауруды одан сайын өршітеді. Суыққа салып, жапырақтар жапсырып, қызуы кеткенде қаздың майын жағып отырған. Дегенмен, дәрі-дәрмектің барлығы жеткілікті болса, майға жүгінудің қажеті жоқ. Мұның бәрі - өткен ғасырдың емі", - дейді ол.
Шу қалалық ауруханасының дәрігер-терапевті Меруерт Бақыт жануар майын дәрілік мақсатта қолдануды қолдамайтынын айтады.
"Дәрігерлер ем жүргізуді белгіленген емдік протоколдармен жүргізеді. Ол протоколдар мен клиникалық ұсыныстарда дәлелді медицина тұрғысынан зерттелмеген, тексерілмеген ем-дом шаралары туралы жазылмайды, кеңес етілмейді. Жануар майы дәлелді медицина тұрғысынан ешқандай да клиникалық зерттеулерден өтпеген. Бұл халық медицинасы болғандықтан қарапайым адамдар өз бетінше емделген кезде біріне көмектесіп, енді біріне әсер етпей, тіпті ауруын өршітіп жіберуі мүмкін, себебі ол майдың ағзада қалай сіңіріліп, қалай шығарылатыны, қалай әсер ететіні белгісіз. Кейбір адамдарға ол майлар “плацебо эффекті”, яғни дәрі емес жалған дәрі арқылы емделу, сауығу секілді әсер етеді, себебі бұл плацебоның негізгі мағынасы адам өзін нандыру, сендіру дегенге саяды", - дейді терапевт.
Дәрігердің айтуынша, қойдың майы қазақтар арасында жаңа туған нәрестеге жиі қолданады.
"Құйрық май халық арасында нәресте денесін сылау ретінде кең танылғаны белгілі. Бірақ мұнда кейбір қателіктер бар. Нәрестені, әсіресе, алғашқы 1-2 ай құйрық маймен сылау зиян, себебі нәресте терісінің бездері, температурасын тұрақты ұстап тұруы толық қалыптаспаған әрі нәресте терісі арқылы тыныс алатындықтан май тері пораларын бітеп тастайды, осылайша ыстық, суықтың алмасуы дұрыс жүрмей, тершеңдікке әкеледі", - дейді Меруерт Дарханбекқызы.
Оның сөзінше, сондай-ақ, бала тоқ жүрсін деп, әжелеріміз құйрық майды балаға сорғызуға құмар. Бұл - дұрыс емес, нәрестенің майды ыдырату ферменттері толық қалыптаспағандықтан, оны қорыта алмай, ас-қорыту жолдарына аса ауыр салмақ салады, дейді терапевт маман.
Майлардан жасалған дәрілер Қазақстанда сұранысқа ие ме?
Фармацевт Айкерім Мағауияқызы жануар майының сіңімділігі мен пайдасына қатысты Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы жануарлардың қаныққан майларын пайдалануды 10%-ға дейін шектеуді ұсығанын айтады.
"Бұл дегеніміз, әр майдың пайдалы да зиянды жақтары бар екенін көрсетеді. Халық медицинасы тұрғысынан қарасақ, құрамында цитаминдер, ағзаға нәрлі заттардың енуін жақсартатын пептид биореттегіштері бар аю майын ең пайдалы деп көрсетеді және ол астың сіңімділігін алмастыра алады.
Басқада жануар майларына тоқталсақ: Суыр майын гастрит пен асқазан жарасы кезінде қолданады. Борсық майының иісі жағымсыз болғанымен, теріге пайдаланады. Борсық майын тері аурулары - нейродермит, дерматит, күйік шалу немесе үсіп кету кезінде қолдану қажет екендігін халық “халық медицина тұрғысынан” біледі.
Ал қазіргі медицина тұрғысынан қарасақ, бұл халықтық ем-домның тиімділігі туралы дәлел жоқ, себебі өнімді тұтыну қаншалықты пайдалы екенін ешкім зерттеген жоқ", - дейді маман.
"Бүгінгі таңда жануар майынан жасалған биологиялық белсенді заттар көптеп шығарылуда. Ғылыми деректерге сүйенсек, биологиялық белсенді заттар - тағамдық және дәрілік өсімдіктердің концентраты, жеке немесе тағам құрамын байыту үшін қосылып қолданатын ағзаның жалпы жағдайын жақсартуға арналған табиғи немесе табиғиға жақын заттар компоненті. Бұл жерде биологиялық белсенді заттарды дәрілік заттармен шатастырмау керек", - дейді маман.
Айтуынша, қазіргі таңда адамдардың денсаулығы нашарлағанын өмір салтынан, күнделікті дұрыс тамақтанбауынан байқауымызға болады.
"Адамның денсаулығының 50%-ы тамақтануға байланысты. Сол себепті халық жануарлар майынан жасалған биологиялық белсенді заттарға екітүрлі көзқараспен қарайды. Бірі пайдаланып, жақсы пайдалы тұстарын байқаса, енді бірі кері пікірде болады. Арнайы тексерістен өткізілген болса да, ең алдымен дәрігердің және фармацевттің нұсқаулығымен пайдаланған жөн", - дейді ол.
Жылан еті мен сорпасы қандай ауруларға ем?
Терапевт жылан еті мен сорпасы жалпы адам ағзасына пайдалы екенін айтады. Айтуынша, оның етінің құрамында бірнеше витаминдер мен минерал бар. Алайда дәрігер науқастарға кеміргіштердің етін жеп, сорпасын ішуді ұсынбайды.
"Жылан еті бұрынғы заманнан бері қолданылып кете жатқан тағамдардың бірі, әрі пайдасы жөнінде деректер де көп. Бірақ бұл дәл біздің қазағымызға арналған ас емес деп санаймын. Оны пайдалы екен деп мен барша науқастарыма оны тұтынуды ұсынбаймын. Әркімнің өз қалауы болады.
Жылан етінің иммунитет көтеретін, қабынуға қарсы, антиоксидантты (ағзадағы зиянды бос радикалдарды жою), жасушалардың жарақаттан соң жазылуын тездететін қасиеттері бар. Жүйке жүйесінің қатты қозуымен жүретін және жүрек-қан тамыр ауруларында, тірек-қимыл жүйесі ауруларында пайдасы бар", - дейді Меруерт Бақыт.
Фармецевт маман жылан майынан жасалған емдік дәрмектер сатылымда бар, олар көбіне жақпа май түрінде кездесетінін айтады
"Радикулитке, артритке, артрозға, остеохондрозға және буын жүйесі мен омыртқаның өзге де патологияларына қолданылады", - дейді ол.
Пульмонолог-фтизиатр Абзал Малбасқанов бұл саудалық спекуляция, дейді.
"Егемен ел болғалы айтылып келе жатқан әңгімелер. Жыланның сорпасы мен еті онкологиядан емдегенін байқамадық. Жылан етін күнде жейтін адамдар бар. Вьетнам, Қытай елдерінде жыланды көп жейді. ДДҰ қай елде онкологиялық аурулар көп екенін көрсететін статистикасына қарасақ, Жапония, Таяу Шығыс елдерінде асқазан обыры бірінші орында тұр. Олар да химиялық терапия, дәрілерге жүгінеді, себебі онкологияның емі дүниежүзінде бірдей. Бұл жағынан зеттеу жүргізілген, бірақ пайдасы болмаған", - дейді ол.
Айтуынша, қазіргі кезде көп адам пайда табатын жолға түсіп алды. Биологиялық активті тағамдардың неше түрі бар. Бұл - жоқ жерден ақша табу. Адамдар ақкөңіл, сенгіш, қалтасындағы соңғы ақшасына дейін салып жібереді, дейді пульмонолог-фтизиатр.
"Туберкулезбен ауыратын адамдар бұзаубас (түзу қанаттылар отрядына жататын зиянды жәндіктер - авт.) сатып алып жатады. Соны жеген адамдардың аурудан айығып кеткендерін көрген жоқпын. Халық емімен емделіп кеткендер кем де кем. Адам ауруға шалдыққанда түрлі ем іздейтіні белгілі. Тәжірибедегі дәрігер болғандықтан, онкологиямен, туберкулезбен ауырып, жоғарыда аталған емнің бәрін қолданған адамдарды көрдім. Бірақ олардың ешқасысы ем болған жоқ", - дейді ол.
Шөппен емдеу
"Дәрілік заттар мен дәрілік өсімдіктерді қолданар кезде міндетті түрде дәрігердің қабылдауынан өткен дұрыс. Себебі, қолданатын дәрілік өсімдік қай организмге нақты пайдалы екенін, қай уақытта қабылдау керектігі, қай дәрілік заттармен қатар қолдануға болмайтындығы және қанша мөлшерде қолдану керектігі туралы толық ақпарат ала аласыз", - дейді фармацевт Айкерім Мағауияқызы.
Ал терапевт дәрігер дәрілік өсімдіктер емге қосымша ғана тағайындалуы керектігін айтады.
"Дәрілік қасиеті бар өсімдіктер - бұл шығыс медицинасында қаншама мыңжылдықтардар бойы қолданылып, шипасын беріп келе жатқан ем түрі. Дәрілік шөптердің емдік қасиетінің негізі оларды дұрыс таңдап, дайындап, сақтап, қабылдауға байланысты. Бірақ дәрігер нұсқауынсыз оларды орынсыз қолдану дұрыс емес. Себебі жоғарыда айтылғандай емдік толық жүргізуді дәрігер түсіндіріп, тағайындауы керек. Дәрілік шөптердің ұзақ қолдану бауырға және бүйрекке кері әсерін тигізуі мүмкін, естен шығармаңыз. Сондықтан да өз бетінше емделу дұрыс емес. Жоғарыда айтқандай дәрілік препараттарда өз қажетінше дәлелді медицина бойынша ешқандай да зерттеулер өтпеген, тексерілмеген. Сондықтан да дәрілік өсімдіктер негізгі емге қосымша ғана тағайындалуы керек", - дейді .
Шығыс-Қытай медицина ортылығының дәрігері Ержан Нұрмұқан дәстүрлі медицина мен ұлттық медицинаны ажырату керек екенін айтады. Қазақтың ұлттық емшілігі ерте кездерден қалыптасқан, дейді ол.
"Қазақ медицинасында хайуанат, жануарлардың майы, еті, ағзасы - барлығымен емдейді. Ұлттық медицина атасы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы деген адам 1388-1478 жылдары Жетісу өңірінде өмір сүрген. Оның "Шипагерлік баян" атты кітабы әз-Жәнібек тұсында жазылған. Осы кітапқа негізделе отырып, Қытайдың қазақ аудандарында осы кітап бойынша ұлттық медицина дамыған. Қазақтар хайуанаттарының ағзалары мен майы және әртүрлі шөптермен емдеп, аурулардың алдын алып отырған", - дейді ол
Шығыс медицина дәрігері жануарлар майы әртүрлі ауруға ем бола алатынын айтады.
"Борсықтың ішегі арқылы іш өтуді, ал майымен геморройды емдейді дейді. Жыланның сорпасы мен етімен асқазан обырын емдеуге болады. Осындай ем процестеріне өзім де қатысқанмын. Алайда, әрине, кейде емнің өнімділігі 50%, 20% болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде әр адамның ағзасына байланысты. Біреуге көмегі тиеді, ал кейбіреуге әсері болмайды", - дейді ол.
- Судың пайдасы: күніне қанша су ішу керек
- Спортпен не үшін шұғылдану керек: тұрақты жаттығудың пайдалы 10 қасиеті
Шөппен жүйелі, ғылыми тұрғыда емдесеңіз бұл табиғи әрі тиімді ем, дейді Ержан Нұрмұқан.
"Қазақта жусанмен үйді аластау бар. Себебі оның құрамында вирусты өлтіретін заттар болғандықтан тұмау кезінде өте жақсы әсер етеді. Ұлттық медицинада жалбыз шөбі жалбыз деген шөп бар. Жалбыз бар жерде жан қалады дейді. Бұл өсімдік денедегі ыстықты қайтарады. Ермен жаңғақтың қабығы, желқонақ, желайдар, жоңышқа деген сияқты өсімдіктер көп. Бұлар жайлы Қытайда он жеті кітап жазылған", - дейді ол.
Айтуынша, жануарлар ішінде итке қатысты ұлттық емшілікте деректер мүлдем жоқ. Оның себебі қазақтардың иттің етін харам санауында.
"Ислам дінінің ықпалымен иттің сорпасы, еті харам болып есептеледі, сондықтан оны тамақ ретінде қолдануға болмайды. Дәрілік мақсатта аз ғана ішсе, аурудан емделу үшін қолдана алады. Кей ұлттарда, мәселен, кәріс халқында қатты тұмауратқанда иттің етінен сорпа ішіп жатады. Біздің ұлтқа ислам діні бойынша, харам болып саналатын жануарлардың етін жеп, сорпасын ләзаттанып ішуге болмайды, тек емдік мақсатта аз ғана мөлшерде қолдана аламыз", - дейді дәрігер.
Ал жабайы аңдардың ағзаларын емдік мақсатта пайдалану бірталай кітаптарда жазылған екен.
"Қасқырдың табаны, өті, бауыры түрлі аураларға ем. Оның бауырын езіп тамаққа жақсаңыз, ангинаны кетіреді. Аю, жолбарыс, борсық, елік сияқты жабайы жануарлардың мүшесін емге пайдалану мысалдары өте көп. Бірақ ит жөнінде мүлде айтылмаған. Еліктің жүрек қаны бірнеше ауруларға, соның ішіне жүрек ауруларына ем деп те жазылған", - дейді ол.
Ержан Нұрмұқан ұлттық медицина, емшілгінде дем салу, бал ашу, үрлеу деген сияқты ырымдарды айтып жатады, бірақ бұл - жаңсақ пікір. Қазақ емшілігі жануарлардың ағзалары мен шөппен емдеу екенін ажырата білген жөн, дейді дәрігер.
Пульмонолог-фтизиатр Абзал Малбасқанов қазақстандықтарға тұмау, вирус аурулары өрши түскен уақытта сақтануға көмектесетін әдістерді атады.
"Жедел респираторлы аурулар, коронвирус кезінде бетперде тағып, қолғап кигеннен бөлек, қыз, ұл болсын жылы киініп, ыстық тамақ ішіп, салауатты өмір салтын ұстану керек. Лапша, қуырылған, көшеде тез дайындалатын тағамдарды жей бермеген дұрыс. Құнарлы, табиғи заттарды жегенде ағаза жақсы жұмыс істейді. Химиядан жасалған сусындар ішуге, зиянды заттарға әуеспіз", - дейді ол.
Айтуынша, шөп дәрілері ішінде дәрумендерге бай түрлерін пайдаланған дұрыс.
"Барлығы зиян деп айта алмаймын. Пайдасы ділелденген заттар бар. Адам ағзасы дәрумендерді қайдан алады? Көбіне шөптер дәрумендерге бай болады. Мысалы, алоэнің қабынуды, ісікті басатын әсері бар. Итмұрын С дәруменіне бай. Итмұрынды қайнатып кампот жасап ішетін болсақ, С дәрумені қан тамырларының қабырғасының эластикалық қабығы жақсартады. Қандай витамин жетіспейді соған анализ тапсыру керек. Әрине шөптің бәрін бас-басына қолдана беруге де болмайды. Тек дәлелденгендерін пайдаланған жөн", - дейді дәрігер.
Дайындаған: Назерке МҰСА