Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дәрігерге екі рет жүгіндім": Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы баласының өліміне шымкенттік дәрігерлерді кінәлады

Ауыр атлетикадан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Александра Аборнева баласының өліміне шымкенттік дәрігерлерді кінәлады. Қызы құрсағында шетінеген. Спортшының айтуынша, қайғылы жағдай дәрігерлердің немқұрайдылығынан болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына" сілтеме жасап.

Аборнева бірнеше жыл әрекеттен кейін, 33 жасында жүкті болған. Оның сөзінше, негізгі кезең тыныш өткен, бірақ 41-ші аптада іштің қатты ауруы мазалай бастаған. Осыған қарамастан, дәрігерлер әйелді әр жолы үйіне жіберіп, ешқандай қауіп жоқ деп сендірген. 

"Менің толғағымды қабылдаған кісі мені шақырып алып: "Ой, сенде бәрі жақсы. Біз ешқандай патологияны көріп отырған жоқпыз. Үйіңе қайта берсең болады" - деді. Мен сосын сұрадым: "Бұл алғашқы жүктілігім. Қатты ауырады. Түсінесіз бе? Мен ұйықтамаймын, тамақ ішпеймін. Бұл қалыпты жағдай ма?". Ол: "Жуынып, тыныштандыратын дәрі ішіңіз, болды, кете беріңіз" - деді", - деп еске алады ауыр атлет.

Дәрігерлердің ұсынысы бойынша спортшы бірнеше күн үйде болған, бірақ ауырсыну күшейе түскен. Бала белсенді қозғала бастаған, бірақ бірнеше сағаттан кейін тоқтаған. Бірдеңе дұрыс емес деп күдіктенген спортшы тағы бір рет ауруханаға барған. Сол жерде құрсақтағы сәбиінің шетінегені белгілі болған. 

"Шетінеді деді. Мен: "Бәрі жақсы болған еді ғой. Мен сізге екі рет жүгіндім. Оның үстіне мен ауыр атлетпін. Сіз мені ең болмағанда ауруханаға жатқызып, қарауыңыз керек еді", - деп айттым", - деді Аборнева.

Оның айтуынша, дәрігерлер тіпті өлімнің себебін атамаған. Бала инфекцияның салдарынан шетінеуі мүмкін деген болжам ғана айтылған. Бірақ спортшының сөзінше, талдаулар мұны растамаған. Әйел полицияға жүгінген, бірақ арызын қабылдамаған.

"Біз Абай АІІБ бастығына бардық. Ол былай дейді: "Білмеймін. Кеңесу керек. Мен сізге көмектесе алмаймын. Сізге өзім қайта хабарласамын". Екі апта өтеді, жауап та, сәлем де жоқ. Олар бұл арызды қалай жазуды да білмеді", - деп ашуланды спортшының анасы Елена Аборнева.

Ал перзентхананың дәрігерлері барлық айыптауларды жоққа шығарады. Олар ұрықтың жағдайын мұқият тексергендерін айтады. Ол кезде патологиялық өзгерістер анықталмаған. Ананың денсаулығына да оң баға берілді, дейді дәрігерлер. Олардың айтуынша, босануды ынталандырудың қажеті болмаған.

"Баланың шетінегені анықталды. Осыдан кейін жасанды түрде босандырдық. Босанған әйелдің суы жасыл болғанын байқадық. Менің ойымша, ұрықтың өлімінің негізгі себебі инфекция болды. Бұл созылмалы трихомонадалық кольпит", - деп түсіндірді № 2 қалалық аурухананың патология бөлімінің меңгерушісі Шолпан Тастанбекова.

Енді шетінеген баланың туыстары істі тергеуді талап етеді. Олар баланың денесін эксгумациялауды сұрайды. Полиция департаменті бұл туралы әлі түсініктеме берген жоқ. Александра мен оның анасы прокуратураға өтініш жазуға ниетті.

Талқылау