Тоқаев Шөкеевтің отставкасын қабылдады: Түркістан облысының жаңа әкімі тағайындалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің отставкасын қабылдады. Ал Түркістан облысының жаңа әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі. Бұл туралы Ақорданың сайтында жазылды.
“Мемлекет басшысының Жарлығымен Өмірзақ Естайұлы Шөкеев Түркістан облысының әкімі лауазымынан босатылды.
Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Түркістан облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылсын”, – делінген хабарламада.
Президент аймақ басшысы қызметіндегі көп жылғы жұмысы үшін алғыс айтты.
Сатыбалды Дархан Амангелдіұлы - Сенат депутаты болып Шымкент қаласынан сайланған. 1974 жылы 26 наурызда туған, қазақ, білімі жоғары. С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылық институтын, Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітірген. Экономист-менеджер, заңгер, э.ғ.к. ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі бөлім меңгерушісінің орынбасары, Шымкент қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. "Құрмет" орденімен, "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.
Еске салайық, 26 тамызда Өмірзақ Шөкеев қызметінен кетуге өтініш берген. Кейіннен Шөкеевтің мұндай шешімге қол астындағы қызметкері, Кентау қаласының экс-әкімі Дәурен Махажановқа қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот үкімі күшіне енгеннен кейін келгені белгілі болды.