Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дағыстандағы теракт, Байден мен Трамптың дебаты, НАТО-ға бас хатшының бекітілуі: Әлем жаңалықтарына шолу

Осы аптада Марк Рютте НАТО бас хатшысы қызметіне бекітілді. Байден мен Трам сайлау алды дебат өткізді. Ал Ресейде 80-нен аса шетелдік БАҚ-тың веб-сайттары мен еуропалық басылымдар бұғатталған. Сонымен қатар Дағыстанның екі қаласында теракт болып, 19 адам қаза тапты. Таяу Шығыстағы жағдай да осы аптада өрши түсті. Израиль әскерлері Газаның аудандарының бірінде күтпеген жерден операция бастады. Оған қоса Израильдің Ливанмен қарым-қатынасы шиеленісе түсті. Stan.kz тілшісі әлем жаңалықтарына апталық шолу ұсынады. 

Израиль әскері Газадағы аудандардың бірінде шұғыл операция бастады

Фото: GETTY IMAGES

Израиль қорғаныс күштері Газа қаласындағы Шеджая аймағының тұрғындарындарының қауіпсіз аймаққа өтулерін талап етті.

"Шеджаядағы барлық тұрғындар мен бейбіт тұрғындары қауіпсіздіктері үшін оңтүстікке қарай, яғни Салах ад-Дин тас жолы жақтағы гуманитарлық аймаққа көшуі керек", – деді Израиль қорғаныс күштерінің өкілі Авичай Адри.

Мааривтің хабарлауынша, бұл аймақта шұғыл операцияны басталған.

Палестина тарапының мәліметі бойынша, аймақта тікұшақтар арқылы қарқынды артиллериялық шабуыл жүріп жатыр. 

Израиль мен Ливан арасындағы қақтығыс

Израиль сыртқы істер министрі "Хезболланың" Израиль территориясына жасаған шабуылдарын тоқтату үшін тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеді.

"Хезболла Израиль территориясы мен азаматтарына шабуыл жасауды тоқтатуы қажет. Біз жақын арада қажетті шешімдерді қабылдаймыз. Толық ауқымды соғыста "Хезболла" жойылып, Ливан ауыр жеңіліске ұшырайды”, – деп жазды Израиль сыртқы істер министрі Израиль Катц.

Фото: The Insider

Израиль әскері Ливанға жасалатын шабуылдың операциялық жоспары мақұлданып, бекітілгенін және әскерлердің жауынгерлік дайындығын арттыру жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Ал "Хезболла" жетекшісі Хасан Насралла Израильмен толыққанды қақтығыс болған жағдайда, өз арсеналының арқасында Израиль аумағының кез келген бөлігіне шабуыл жасай алатынын хабарлады.

"Жау біздің ең нашар сценарийге дайындалып жатқанымызды және біздің зымыран шабуылымыздан құтыла алмайтынын біледі", – деді Насралла.

Ол ұйымның Жерорта теңізіндегі нысандарға шабуыл жасай алатынын да атап өтті. Сонымен қатар Кипр Израильге көмек жіберетін болса, Кипрге де шабуыл жасалатынын мәлімдеді.

“Хезболламен" соғысқымыз келмейді - Израиль қорғаныс министрі

Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант Вашингтонға сапары кезінде Израильдің "Хезболла" қозғалысымен соғысқысы келмейтінін, бірақ жағдай ушықса жауап беруге дайын екенін айтты.

“Екі арада соғыс болғанын қаламаймыз. Бірақ "Хезболла" қазір қауіпті ойын ойнап отыр. Біздің израильдіктерге жасалған шабуылдарға қарап отырмайтынымыз анық. Әрине өзара түсіністік болғанын қалар едік, дегенмен ықтимал сценарийлерге дайындалып жатырмыз", – деді Галант.

Байден мен Трамптың арасындағы дебат: Кім жеңіске жетті

Фото: CNN

Маусымның 28-іне қараған түні Джорджияда АҚШ-тың бұрынғы және қазіргі президенттері Дональд Трамп пен Джо Байден арасында сайлау алдындағы теледебат өтті.

Студияға алдымен Байден, одан кейін Трамп кірді. Олар АҚШ-тың қырық алтыншы және қырық бесінші президенттері ретінде таныстырылды.

Американың қазіргі басшысы Байден президенттік мерзімінде бірде-бір әскери қызметкер өлмегенін атап өтті.

"Мен осы онжылдықта әлемнің ешбір жерінде сарбаздарды өлтірмеген жалғыз президентпін”, – деді Байден.

Америка президенті Трампты қаза тапқан америкалық сарбаздарды құрметтемеді деп айыптады.

Байден Трамп АҚШ-тың НАТО-дан шығуын талап етуі мүмкін екенін айтты.

АҚШ президенті Ресейге "бүкіл Украина" керек екенін және Ресей президенті Владимир Путиннің "Кеңес империясының бір бөлігі болған жерді қалпына келтіруді" көздеп отырғанын алға тартты.

Байден Трамптың Украинаға қатысты ұстанымы әлемді ядролық соғыс қаупін күшейтетінін айтты. АҚШ президенті Ресей Украинадағы қақтығыстан кейін "Польшаға және басқа жерлерге шабуылдауы мүмкін" деп мәлімдеді.

Сонымен қатар Байден Трамптың сотталғанын, әйелге зорлық көрсеткенін алға тартып, мұндай адамның ел президенті болуға лайық емес екенін жеткізді.

Трамп: Байден АҚШ тарихындағы ең нашар президент

Трамп Байденді Америка Құрама Штаттары тарихындағы ең нашар президент деп атады.

"Біз үшінші әлем еліне ұқсаймыз, бұл ұят. Бізді ешкім бұрынғыдай сыйламайды. Бұл АҚШ тарихындағы ең нашар президент. Оның Америка демократиясы туралы ешқандай түсінігі жоқ", – деді Трамп.

Байденнің билігі тұсында АҚШ-та инфляция бұрын сонды болмаған деңгейге жетті дейді Трамп. Ол Байденді президенттік кезінде заңсыз иммигранттар үшін жаңа жұмыс орындарын ашты деп айыптады.

Трамп АҚШ әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуын АҚШ тарихындағы "ең ұят" шешім екенін атап өтті. 

НАТО туралы айта келе, ол Байден еуропалық одақтастарынан Киевке көмектесу үшін көбірек қаражат сұрағанын айтты. Ол сондай-ақ Мәскеумен әскери қақтығыста Киевтің жеңіп жатқанын алға тартты.

Дебат барысында студияда көрермен болмаған.

Еске салсақ, Трапм пен Байден АҚШ тарихындағы ең кәрі президенттікке үміткерлер. Байден қазір 81 жаста, ал Трамп 78 жаста.

Марк Рютте НАТО-ның бас хатшысы қызметіне бекітілді

Фото: GETTY IMAGES

Солтүстік Атлантикалық кеңес отставкаға кетіп жатқан Нидерланд премьер-министрі Марк Рюттені НАТО-ның келесі бас хатшысы етіп бекітті. 

"Рютте Столтенбергтің өкілеттігі аяқталғаннан кейін, яғни 2024 жылдың 1 қазанынан бастап бас хатшы қызметіне кіріседі", – делінген хабарламада.

Альянстағы хатшылық қызметінен кеткен бас хатшысы Йенс Столтенберг бұл шешімді құптады.

"Мен НАТО одақтастарының Марк Рюттені меннен кейінгі хатшы ретінде таңдауын құптаймын. Марк – трансатлантизмнің шынайы жақтаушысы, мықты көшбасшы. Оған сәттілік тілеймін. НАТО-ны сенімді адамға қалдырып бара жатырмын", – деп жазды Столтенберг.

Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон да Рюттені тағайындалуымен құттықтады.

"Марк Рюттені НАТО-ның келесі бас хатшысы қызметіне тағайындалуымен құттықтаймын. Ол күшті және біртұтас НАТО блогы үшін тамаша көшбасшы", – деді Кристерссон.

Айта кетейік, одақтың қазіргі басшысы Столтенберг бұл қызметті 2014 жылдан бері атқарып келеді.

Ресейде 80-нен аса шетелдік БАҚ-тың веб-сайттары мен еуропалық басылымдар бұғатталған

Фото: РИА Новости

Ресей сыртқы істер министрлігі 25 маусымнан бастап “жүйелі түрде жалған ақпарат таратады” деп айыпталған 81 еуропалық БАҚ-тың веб-сайттарына кіруді шектеді.

Ресей сыртқы істер министрлігі бұл бұғаттауларыд ЕО-ның Voice of EuropeРИА мемлекеттік агенттігі, “Известия” және  "Ресей газеттері” басылымдарына қолжетімділікті шектеу шарасына жауап екенін мәлімдеді.

Ресейде Еуропалық Одақ елдерінің, соның ішінде Германия, Франция, Испания, Италия, Чехия, Швеция, Польша және Финляндия, Мальта, Ирландияның ақпараттық ресурстарының, сондай-ақ жалпыеуропалық БАҚ жарияланымдарының веб-сайттары бұғатталған.

Тыйым салынған еуропалық БАҚ арасында Der Spiegel, El Mundo, Le Monde, Agence France-Presse басылымдары бар.

"Егер ресейлік БАҚ-қа шектеулер алынып тасталса, ресейлік тарап аталған БАҚ операторларына қатысты шешімін қайта қарайды", – деп атап өтті РФ СІМ.

Ағымдағы жылдың мамыр айының ортасында Еуропалық Одақ Кеңесі өз аумағында аталған БАҚ-тың хабар таратуын тоқтату туралы шешім қабылдады.

"Бұл БАҚ Ресей Федерациясы басшылығының тікелей немесе жанама бақылауында және Ресейдің Украинаға қарсы агрессивті соғысын ілгерілету мен қолдауда, сондай-ақ көршілес елдердегі жағдайды тұрақсыздандыруда маңызды рөл атқарады", – делінген ЕО кеңесінің мәлімдемесінде.

Келесі апта Ресей активтерінен түскен пайданың алғашқы траншы Украинаға жіберіледі

ЕО елдері Ресейдің тыйым салынған активтерінен түскен пайдадан Украинаға көмектің бірінші траншын шілде айының басында аударады.

"Шешім қабылданды. Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен қаржыны Украинаға әскери қолдауымызды арттыруға жұмсаймыз. Бірінші транш келесі аптада, екіншісі келесі айларда Украинаға түседі ", – деді Жозеп Боррелл ЕО кеңесінің отырысы алдында.

Украинаға 1,4 миллиард еуро көлемінде көмек көрсетілмек.

Сонымен қатар, Боррел Еуроодақ елдері Украинаға мұндай көмекті бірауыздан шешім қабылдамай-ақ жіберу мүмкіндігін беретін құқықтық механизм әзірлегенін айтты.

"Біз мұны кейбір мүше мемлекеттердің бұғаттауын болдырмайтын заңды процедура арқылы жасаймыз", – деді Боррел.

Дағыстанның екі қаласында теракт болып, жиырмаға жуық адам қаза тапты

Фото: Ашық дереккөзден алынды

Дағыстанда соңғы 12 жылда алғаш рет теракт болды. Қарулы шабуылдар екі қалада бірдей уақытта болған. Соңғы ресми деректер бойынша, шабуыл салдарынан 19 адам қаза тауып, 44 адам жараланған.

Дербентте белгісіз біреулер Мәриям шіркеуі мен Келе-Нұмаз синагогасына шабуыл жасады. Шабуылшылар шіркеу мен синагогаға пулеметпен оқ жаудырған. Шабуылдың салдарынан синагогада күшті өрт басталып, түнде ғана сөндірілді.

Дәл осы уақытта облыс орталығы Махачкалада белгісіз біреулер оқ жаудырған. Онда жол полициясы бекеті мен жақын маңдағы синагогаға шабуыл жасалды. Қасиетті Успен соборының жанында да атыс болды. Махачкаладан 65 шақырым жерде орналасқан Сергокала ауылында да атыс болған. Онда белгісіз біреулер полиция көлігіне оқ жаудырып, нәтижесінде полиция қызметкері жараланған.

Шабуылдан кейін бүкіл Дағыстанда антитеррорлық операция режимі енгізілді. Терроризмге қарсы операция 24 маусым күні таңертең аяқталды.

Дағыстан басшысы Сергей Меликов лаңкестікке қарсы операция кезінде алты лаңкестің өлтірілгенін айтты. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, шабуыл жасағандар арасында Дағыстанның Сергокалинск ауданының басшысы Магомед Омаровтың екі ұлы Осман және Әділ Омаровтар, сондай-ақ оның жиені Абдусамад Амадзиевтер бар. Шабуылдан кейін Сергокалинск ауданының басшысы "партияның беделін түсіретін әрекеттері үшін" ұсталып, "Единая Россия" партиясынан шығарылды.

Аймақ басшысының айтуынша, лаңкестік әрекеттер Украинадағы соғысқа байланысты болған.

Шабуылдан 19 адам қаза тапты. Олардың ішінде 15 полиция қызметкері және төрте бейбіт тұрғын бар.

Тәжікстанда хиджаб киюге тыйым салынды

Фото: aa.com.tr

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон хиджаб киюге тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл туралы 20 маусымда президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

"Мерекелер мен рәсімдерді реттеу туралы" заңда азаматтарға Тәжікстан мәдениетіне "бөтен" киім киюге тыйым салынғаны атап өтілді. Бұл заңды орындамаған жағдайда айыппұл салынады.

Сонымен қатар, мерекелер мен рәсімдер туралы заңда енді Рамазан және Құрбан айт мейрамдары кезінде балаларға арналған әндерге тыйым салу қарастырылған.

Тәжікстан президентінің баспасөз қызметі мұндай құқықтық реттеу ата-баба құндылықтары мен ұлттық мәдениетті қорғау, наным-сенімдерді, сондай-ақ мерекелерді тойлау кезіндегі артықшылық пен ысырапшылдықты болдырмау мақсатында қабылданғанын түсіндіреді.

Талқылау