Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада көшеге тыржалаңаш шыққан ер адам қамауға алынды

жалаңаш ер адам сот
Фото: pexels.com

Астанада әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот көпшілік жерге жалаңаш шыққан ер адамның ісін қарады. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Соттың мәліметінше, Қ. есімді азамат қоғамдық орында бөгде адамдардың көзінше жалаңаш жүрген. Осылайша, ол қоғамдық тәртіп пен әдеп нормаларын өрескел бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Сондай-ақ азаматтардың ар-намысы мен тыныштығына нұқсан келтіретін жағдай туғызған.

Сот отырысында ер адам кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді. Сонымен қатар құқық бұзушылық бейнежазбаға түсірілген.

Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сот өкілдерінің айтуынша, жаза тағайындау кезінде істің мән-жайы, құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығы, кінәлінің жеке басы, сондай-ақ оның құқық бұзушылыққа дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы ескерілген. 

Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Астана тұрғыны үйіне келген соң балаларының жанында ұйықтап жатқан жалаңаш ер адамды көргені туралы жазған едік. Ер адам үш кішкентай бала ұйықтап жатқан пәтерге кіріп кеткен. 

Айым Болатқызы
Жексенбі, 18 Қазан, 2026 17:50