Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Цой Алматыда эпидемиологиялық ахуалға бақылаудың нашар екенін айтты 

Бүгін Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой санэпидбақылау, аймақтық департамент мамандарының, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен КВИ-мен күрес жөніндегі штабтың көшпелі отырысын өткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Алексей Цой қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың бақылау болмағандықтан нашарлағанын айтты. Осылайша, министр Алматы медициналық активінің алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды, оларды коронавирус инфекциясының одан әрі таралу қаупін жою үшін қысқа мерзімде шешу қажет.

"Жедел резервтік аурухана қуатын арттыру, КВИ-мен сырқаттанушылықтың өсуін бақылау алгоритмдерін әзірлеу, қаланың ересек халқын барынша қамту үшін вакциналардың қосымша көлемін жеткізу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Министр алғашқы буын, қалалық емханалық қызметтер деңгейінде байланыста болған адамдарды уақтылы анықтау, тексеру және бақылау жөніндегі іс-шаралардың орындалуына назар аударды. Сондай-ақ, ол КВИ жағдайларының бақылаусыз өсуіне әсер ететін коронавирус ошақтарын уақтылы анықтаудың маңыздылығын атап өтті", - делінген министрліктің ресми сайтында. 

Сонымен қатар, ақпаратта КВИ-ға қарсы күрес жөніндегі штабтың көшпелі отырысының қорытындысы бойынша министр Цой шектеу шараларын қатаң сақтауды, барлық бағыт бойынша инфекцияны оқшаулау жұмысын күшейтуді тапсырғаны айтылады. 

Айта кетсек, 25 наурыздағы жағдай бойынша Алматы қаласында COVID-19 жұқтырған 31 307 науқас және ықтимал COVID-19 (ПТР -) диагнозымен 5 498 жағдайы тіркелді. 559 адам қайтыс болған (452 КВИ+, 107 КВИ-).

Соңғы 7 күн ішінде 100 мың тұрғынға шаққанда КВИ+ сырқаттанушылық көрсеткіші - 141,0 құрады, RT репродуктивті саны 1,11 құрады. Соңғы тәулікте КВИ+ 341 жағдайы тіркелді, өсім 1,1 құрады.

Өткен аптада (18 наурыздан 24 наурызға дейін) алдыңғы аптамен салыстырғанда (11 наурыздан 17 наурызға дейін) аурудың 1,3 есе өсуі байқалады (2 033-тен 2 659 жағдайға дейін).
Аурудың ең жоғары көрсеткіші Бостандық, Әуезов, Медеу және Наурызбай аудандарында тіркелді.


 

Талқылау