Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Велосипедпен өзім тағам тасимын”: Chocofood-тың бас директоры әлемдік сервистермен қалай бәсекелесіп жүр

Айгерім Баймұратова – қарапайым ауылдан шығып, қазақстандық ірі холдингте басшылық қызметке дейін көтерілген маман. Екі жыл бұрын ол Chocofood компаниясына бас директор лауазымына келген. Тұтынушылармен әрдайым жақын байланыс орната отыра оларды бақытты қылу басты мақсатымыз дейді ол. Тіпті Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұтынушыларға тағамды өзі жеткізетін көрінеді. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Айгерім компания жүріп өткен он жылдағы жетістіктері, әлемдік алпауыттармен қалай бәсекелес болып жүргені, тұтынушылар неге Chocofood сервисін таңдау керектігі жайлы айтып берді.

ー Өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Қайда туып өстіңіз, қандай бағытта, қайда білім алдыңыз?

ー Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келдім. Бала кезден математика пәнін сүйіп оқыдым. Мұнай саласында инженер болғым келді. Мектеп табалдырығында бағдарламалау курсына қатысқан соң, қызығушылығым бірден оянды. Бұл уақытта IT саласы енді-енді дамып келе жатқан. Осылайша 2000 жылдары Алматыға көшіп, мектепті бітіріп, “Болашақ” бағдарламасы арқылы Сингапур қала-мемлекетінде Нанянг технологиялық университетінде Компютерлік ғылым (Computer science)  мамандығымен бакалавр бойынша білім алдым. Ал 2011 жылы мамандығыммен шетелдік компаниялар: Procter & Gamble, Avon Cosmetics-те қызмет етіп, тәжірибемді арттырдым.

ー Қарапайым ауылдан шығып, осындай ірі холдингте басқарушы деңгейіне дейін көтерілдіңіз. Осы тәжірибелік жолыңызбен бөліссеңіз. Компанияға келгеніңізге қанша уақыт болды?

ー Холдингке келгеніме төртінші жыл болды, ал Chocofood-та үшінші жылға қарай жақындады. Шындығында бәрі product manager деген актуалды мамандықтан басталды. 2011 жылы ол нарыққа енді-енді танылып келе жатты. Бұл IT-дегі бизнесті, бағдарламауды, дизайнды біріктіретін сала. Қызығушылығым пайда болып, осы бағытқа ауыстым. 

Осы леппен 2019 жылы Choco холдингінің құрамына кіретін Aviata жобасына келдім. Онда іссапарларға шығу кезінде билет алуды автоматтандыру жүйесіне қатысты өнім жасап шықтым. Бұл компанияда бірқатар жетістіктерге жеттім деп айта аламын. Мен жасаған өнім Choco travel Business деп аталатын іссапарларды ұйымдастыруға арналған сервис болды. Осындай жақсы нәтижелерден соң 2021 жылдың наурызында Chocofood жобасын басқару ұсынысы келді. Бұл уақыт нарыққа шетелдік сервистер еніп жатқан кезбен тұспа-тұс келді. Сонда Chocofood-қа әлі үлкен күш-қуат керек болатынын ұғып, бірден келісе кеттім.

ーChoco холдингінде немен айналысасыз, қандай міндеттеріңіз бар? 

ー Chocofood-та бас директордың міндетін атқарамын. Қызметкерлермен қарым-қатынас орнатып, олардың проблемаларын шешумен айналысамын. Сондай-ақ жаңа адамдармен танысу, әңгімелесу, талдау жұмыстары, есеп жүргізу, әкімшілік іс-қағаздар сияқты жұмыстар да бар. 

Біздің компанияда иерархия деген жоқ. “3 адамды басқара алсаң, 3 мың адамды басқарып кете аласың” деген танымал фильмде айтылатын сөз бар ғой. Сол сияқты қазір командамда 120 адам бар. 
Әрине, тұтынушылармен қарым-қатынас орнатуды да баса назарға аламын. Велосипедіме мініп алып тұтынушыларға тамақ жеткізетінім де бар. Осындайда Қазақстанның барлық қаласын аралап, тамақ тасып, курьерлермен танысамын. Әр қаланың ерекшелігі бар ғой. Сәйкесінше, осы ерекшеліктерді анықтаймын. Тікелей жұмыс істейтін серіктестеріміз, яғни мейрамханалармен кездесемін. 

ー Өте қызық екен. Бұл тәжірибеңізге толығырақ тоқталсақ. Сонда өзіңіз тамақ жеткізесіз бе? Мұндай саяхаттардан соң пайдалы қорытынды шығаратын боларсыз. 

ー Мұндай сапарлар өзім үшін өте маңызды, себебі өңірлерде, қалаларда процестің қалай жүретінін көзбен көру керек. Бастық болып отыра бергеннен гөрі, адамдармен тілдесіп, тәжірибені сезінген дұрыс.

Алматы қаласында айына бір рет осылай тұтынушыларға тамақ жеткізіп, тікелей байланыс орнату үшін велосипедпен шығып тұрамын. Ал Қазақстанның басқа қалаларында курьерлерге арналған көліктермен тасимын. Жаздың аптап ыстығында Ақтауға барып тамақ тасығанда қиындықтарды көзбен көріп, іштей сезіндім. 
Жалпы курьерлер ашық жандар, жұмыс процесіндегі олқылықтар туралы бізге әрдайым кері байланыс береді. Осы арқылы әртүрлі ыңғайсыз жайттарды  анықтадық. Сонымен бірге, жаяу жүретін курьерлерге тапсырыс аз түсетінін білдік. Өйткені адамдар әдетте тез жеткізу үшін көлігі бар не мопедпен жүретін курьерлерге тапсырыс бергісі келеді.  Осыдан соң алгоритмдердің жүйесін өзгертіп, жақын жерде жүрген курьерлерге тапсырыс түсетіндей жасадық. Сондай-ақ, мекенжай көрсетілетін жерге пікір қалдыру функциясын қостық. Осындай бір қарағанда кішкене ғана өзгерістер үлкен қадамдарға алып келеді. Қазір біздің сервисте тұтынушы мекенжайды шатастырып алса, курьер келесі мекенжайға тегін жеткізіп беретін функция бар. Әрине, егер арасы тым алшақ болып кетсе, қосымша ақы төлеу керек болады.

ー Қазір қандай өнімдерді шығарумен айналысып жатырсыздар? Жобалар мен өнімдерді шығаруда басымдықты неге бересіздер?

ー Қазіргі уақытта алгоритмдермен жұмыс істеп жатырмыз. Яғни кімге қандай тапсырыс жіберу керектігімен айналысудамыз. Кейде мейрамханаларға интернет нашар болып, тапсырыс түспей қалады. Осыны да шешуге тырысып жүрміз. Сервистімізге қосылған қолайлылық – Kaspi қосымшасына Chocofood-ты кірістіргеніміз болды. Осы қосымша арқылы енді тұтунышылар қалағандарына тапсырыс беріп, Kaspi Red не Kaspi Gold арқылы төлем жасай алады. Тұтынушыларға бұл мүмкіндік өте қолайлы, сондықтан көңілдерінен шығып жатыр. 
Жылдың екінші бөлігінде шығаруды жоспарлап отырған жаңа өнімдер де бар.     Жобалардағы басымдықты ең бірінші тұтынушылардың қажеттіліктеріне қоямыз. Яғни олар неге алаңдаулы, не нәрсеге басын қатырады, проблемасын шешкіміз келеді.  Сондықтан да әрдайым кері байланыс орнатып, пікірлерін біліп отырамыз. Екінші мәселе, басқа елде болып жатқан өзгерістер мен инновациялар. Олардың тәжірибесін өнімдерге қалай қолдануға болады, осы мәселеге де назар аударамыз. 

ー Биыл холдингтің атаулы датасы, компанияға 12 жыл толып отыр. Компания осы жылдар ішінде қандай өзгерістерді бастан өткерді? Нендей жетістерге жетті және бұл жетістік қандай жолмен келді, оның артында не тұр?

ー Choco ең алғашқы IT компания ретінде пайда болды ғой.. Холдинг ішіндегі Chocofood жобасы биыл 10 жылға толып жатыр. Он жыл ішінде бір миллионнан аса тұтынушы Chocofood сервисін қолданыпты, ал осы бір жылда олардың саны үш жүз мыңға жетті. 

Он жыл бойы бізге сеніммен қарап келген тұтынушыларымызды қадірлейміз, оларға алғысымыз шексіз. Choco арқылы қазақстандықтар алғаш рет үйге тағам тапсырыс берудің не екенін сезінді, купондар арқылы жеңілдіктерге ие болды. Одан бөлек, бізбен бірге өскен жұмысшылар да жоқ емес. Курьер болып жұмыс істей бастап, IT саласының маманына айналғандар бар.  Бізбен бірге мансап құрған қызметкерлер үшін шынайы қуаныштымын.

ー Choco - foodtech бағытындағы қазақстандық жалғыз компания. Wolt, Glovo, Яндекс сияқты әлемдік алпауыттармен бәсекелессіздер. Осы бағытта қандай қиындықтар бар және оған қалай төтеп беріп жүрсіздер?

ー Алпауыттардың біздің нарыққа келгені жақсы. Себебі бұл еліміздің әлеуетін көрсетеді. Жаныңызда мықты бәсекелес болса, сіз де қарқынмен дами бастайсыз. Олардан көп нәрсе үйренеміз, сервистерінің жұмысы қалай жүретінін курьерлерінен сұраймыз. Сондықтан бұл - бізге мотивация. 

ー Тағам технологиясы нарығында жұмыс істейтін компаниялар ішінде толығымен әзірлеу жағы өздеріңізден. Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз.

ー Иә, біздің компанияда өнімді басынан аяғына дейін өзіміз әзірлейміз. Сондықтан біздің өнім де шетелдік сервистерден еш қалыспайды. IT саласында мен 3 үлкен саланы бөлемін: клиенттік қосымшаларды әзірлеу, бэк-енд әзірлеу және әзірлеу инженериясы. Осының бәрін команда өзі істейді. 

ー Неге тұтынушылар Chocofood-ты таңдауы керек деп ойлайсыз? 

ー Біз жасап жатқан сервистің сапасы жоғары, әрине, кемшіліктер де жоқ емес. Онда барлық мейрамханаларды таба аласыз әрі біз тағамды уақылы жеткіземіз. Яғни біздің артықшылығымыз осында. Статистика бойынша, 87 пайыз тапсырысты уақытында әкелеміз. Ал мәселен, сұрақ туындап, чат арқылы операторға жазсаңыз, біз 39 секунд ішінде жауап беруіміз керек. Егер сізге тағам ұнамаған болса, қолымыздан келгеннің бәрін істейміз. Тамақты дәмді етіп әкелеміз деп уәде бере алмаймыз, бірақ кері байланыс береміз, түрлі компенсациялық  жеңілдіктер ұсынамыз. Одан бөлек, біз отандық өнімбіз.

ー Компанияның негізгі миссиясы қандай? Компанияда жұмыс істеудің артықшылықтары ретінде нені атар едіңіз?  

ー Біздің басты миссиямыз – адамдарды бақытты қылу. Кез келген сервисіміз осы мақсатпен жұмыс істейді. Мысалы, сіз тағамдарды жеткізу қызметінің көмегімен уақыт үнемдейсіз, жеңілдікпен ойын-сауық орындарына барып тынығасыз. Ал компанияда жұмыс істеудің артықшылықтары жайлы айтсам, ерінбей, жалықпай, талмай еңбек етіп жақсы нәтиже көрсете білсеңіз, бұл көзге бірден көрінеді. Сол арқылы жақсы нәтижеге жетіп, көтерілуге болады. Сондай-ақ ІТ саласы болғандықтан тиісінше жалақысы жоғары. Үшіншіден, актуалды мамандық, тәжірибе алмасуға өте қолайлы. Төртіншіден, сервис, жұмыс процесі өте қызық.

ー  Осындай ірі холдингте әйел басқарушы болу қандай сезім? 

ー Өзімді әйел басшымын деп ойламаппын. Бұл жерде жыныстың мәселесі мен үшін рөл ойнамайды. Бірақ айналамдағы адамдардан сұрасам, бұл керемет мотивация екенін айтады. Компанияда мен жалғыз әйел басшы емеспін. Соңғы жылдары холдинг топ-менеджментінде әйелдерің саны көбейіп жатыр. Алайда жалпы IT-саласында әйелдер аз, тіпті өз командамда бір ғана қыз IT-маманы бар. Сондықтан осы салаға қыз-келіншектердің көбірек тартылса деп ойлаймын, себебі гендерлік теңдік орнауына сеп болар еді. 

ー Қазір холдинг суперапп қосымшасын жасаумен қарқынды жұмыс жүргізіп жатқан сияқты. Алдағы уақытта даму жоспары осымен байланысты бола ма?

ー Иә, жұмысымыз тікелей суперапп қосымшасына байланысты, ары қарай да оны дамыту мүмкіндіктерін көздейміз. Choco қазіргі таңда Қазақстандағы ең үлкен суперапптардың бірі. Жалпы, суперапп жобалар өте ыңғайлы. Бір қосымша арқылы әртүрлі сервистің көмегіне жүгінуге болады. 

ー Алдағы жылдары компания шетелдік нарыққа шығуды көздей ме?

ー Тамақ жеткізу саласын айтсақ, алдағы үш жылға мұндай жоспар жоқ. Себебі Қазақстанның әлеуеті өте жоғары. Тіпті өмірінде бір рет болсын тағамға тапсырыс беріп көрмеген адамдар көп екен, оның тиімділігін сезінуге уақыт керек. Сондықтан да келесі үш жылда тағам тапсырыс беру сервисі бойынша Қазақстандағы қызметті 10 есеге дейін көтеру жоспарда бар. 

 

Жарнама құқығында

Талқылау