"Беті қанталап кеткен": Шымкентте қаза тапқан жасөспірім қыздың өліміне қатысты жаға ұстатарлық жайттар анықталды
Қайғылы оқиға бір аптадан аса уақыт бұрын Шымкентте болған. 9-сынып оқушысы Ақару Құралбай демалыс уақытында жылдам тамақтану желілік кафесіне жұмысқа орналасады. Онда қыз кассир болып, бір уақытта еденді де жуған. Алайда арада бірнеше күн өткен туыстарына хабар келіп, қызды жұмыстан ауруханаға алып кеткенін айтады. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мен алғашында оны ыстық күнде фастфуд жеп, уланып қалған шығар деп ойладым. Келсек, ол мәйітханада жатыр. Жамылғыны ашып қалып едім, бүкіл бетінің қансырап кеткенін көрдім. Құдды бір құлап қалғандай көгеріп қалған", – дейді қаза тапқан қыздың анасы Бибайша Құттыбаева.
Туыстарының сөзінше, мамандардың алдын ала қорытындысы бойынша оқушы қыз электр тоғының соғуынан көз жұмған. Ал сауда орнының қызметкерлері пікір айтудан бас тартқан. Ал туыстары оқиғаның мүлдем басқа нұсқасын айтады.
"Олар Ақарудың жұмысқа жылап келіп, аш қарынға энергетикалық сусын ішкенін, содан кейін жүрегі ауырып, құлап қалғанын айтты", – дейді қыздың туысы Жеңісхан Қалыбай.
- "Бензин құйып, өртеп жіберген": Қапшағайда жоғалып кетіп, кейін мәйіті табылған қыздың ата-анасы әділдік сұрайды
- Талғарда көпірден өзенге құлап кетіп қаза тапқан әйелдің видеосы тарады
Дәл осы сауда орталығында Ақарудың сіңілісі де жұмыс істеген. Ол жұмыс орнындағылардың жоғары ток кернеуі бар екенін айтып, ескерткенін еске алады.
"Пицца дайындайтын орында ток орнының бар екенін айтқан. Алғашында аспазға көмектесемін деп, кейін еденді жуып, шаң-тозаңды сүртетінін айтты. Менің айналысатын жұмысым осы", – деп түсіндірді марқұм қыздың сіңілісі Айару Құралбай.
Қыршын кеткен Ақару Құралбай 15 жаста еді. Полиция тергеу жұмыстарын бастады. Кінәлі анықталса, ол 5 жылға дейін түрме жазасына кесілуі мүмкін. Туыстары тергеудің ашық жүргізілуін талап етіп, кәсіпкерлердің істі жылы жауып тастауынан сескенеді. Қыздың өлімінің нақты себебі бірнеше аптадан кейін белгілі болады. Әзірге асхана орны уақытша жабылған.
Еске салайық, бұған дейін Шымкенттегі ойын-сауық орталықтарының біріндегі фаст-фуд әзірлейтін дәмханада оқушы қыздың қайтыс болғанын жазған едік.