"Ауыл — бәріміздің ортақ үйіміз": Қостанай облысы Боровское ауылында ауқымды сенбілік өтті
Қостанайдың Боровское ауылында "Таза ауыл — ортақ іс" ұранымен ауқымды сенбілік өтті. Ауыл тұрғындары мен волонтерлер ауыл-аймақты тазалап, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосты. Бұл іс-шараны Боровское ауылы әкімінің аппараты ұйымдастырды.
Қостанайдың Боровское ауылында әр апта сайын ауқымды сенбілік өтеді. Кезекті рет ұйымдастырылып жатқан игі іске ауыл тұрғындары, мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың өкілдері, жастар мен волонтерлар жиылды. Олар өз ауылдарының көшелерін тазалап, жол жиегі мен аула аумақтарындағы қоқыстарды шығарды. Оған қоса бордюрлерді әктеп шыққан. Осылайша өз ауылын көркейтуге шыққандар туған жеріне сүйіспеншілігі мен белсенді азаматтық ұстанымын көрсетті.
Боровское ауылының әкімдігі аппаратының міндетін атқарушы, сенбілікті ұйымдастырушылардың бірі Жеңіс Балабаевтың айтуынша, бүгін олар “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясындағы ұйымдастырылып жатқан сенбілікке төртінші рет қатысып отыр. Олар әр аптаның бейсенбі, жұма және жексенбісінде жиналып, ауыл көшелері мен саябақтарын тазалады.
“Бүгін Абай мен Тұрсынбай көшелерін сыпырып, барлық қоқысты, соның ішінде жапырақтарды, бұтақтарды жинап, тазалап шықтық. Осыған дейін шамамен екі миллион тоннаға жуық қоқыс шықты. Оны үлкен көлікке тиеп, арнайы тұрмыстағы қалдықтарды тастайтын полигонға жібереміз. Оған қоса осы көшеде орналасқан “Жеңіс” саябағын тазаладық, ондағы ағаштарды, бордюрларды әктедік”, – дейді сенбілікті ұйымдастырушы.
Жеңіс Балабаевтың айтуынша, мемлекеттік мекемелер ауылдың әр аймағын, көшесін бөліп алған. Әркім өзі жауапты көшелерді ретке келтіріп жатыр. Оған қоса оларға ауыл тұрғындары, жастар мен волонтер көмекке келеді екен. Мәселен, бүгінгі іс-шараға, Абай мен Тұрсынбай көшесін тазалауға 28 тұрғын ат салысыпты.
“Жастар, студенттердің көбі көмектесетін, бірақ қазір көбінің сабағы аяқталып, тағылымдамаға кетіпті. Дегенмен ауыл тұрғындары, әсіресе, зейнеттегі кісілер белсене ат салысып жатыр. Бірде-бір ата бізді көріп “мен де ағаш ексем бола ма?” деді. Ауыл тұрғындарының осындай белсенділігі мен ауызбіршілігі бізді қатты қуантады. Сенбілік — бұл тек тазалық жұмысы емес, бұл бірліктің, ортақ жауапкершіліктің көрінісі. Ауыл — бәріміздің ортақ үйіміз, оны таза әрі жайлы ету — әрқайсымыздың міндетіміз. Мұндай шаралар адамдар арасындағы байланысты нығайтып, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастырады", – дейді Жеңіс Балабаев.
Ұйымдастырушының сөзінше, сенбі күні республикалық сенбілік өтеді. Оған Боровское ауылын көркейтуге үлес қосқысы келетін кез келген адам қатыса алады.
“Бүгін біз 100 шұңқыр қазып қойдық. Сенбі сол жерге ағаш егеміз. Сонымен қатар Алтынсарин көшесін тазалаймыз. Жалпы мұндай игі бастамалар экологиялық ахуалды жақсартуға ғана емес, тұрғындар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ортақ іске жауапкершілікпен қарауға жол ашады”, – дейді Боровское ауылының әкімдігі аппаратының міндетін атқарушы.