"Борат" образын қолданған танымал брендтің басшысы кешірім сұрады
Қазақстандық Shoqansuits ерлер киімі брендінің басшысы, кәсіпкер Ұлықбек Шәріпов роликте “Борат” образын қайталанғаны үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кәсіпкер не себепті ұзақ уақыт үнсіздік сақтап, халық алдына енді шығуының себебін түсіндірді.
“Мен – қазақтың қара домалақ, Ошақтының баласымын, Тараз қаласының тумасымын, “Shoqan” брендінің негізін қалаушымын. Менің хабарсыз кеткенім – барлығының тынышталғанын күттім. Ең алдымен, біздің брендтің атынан шыққан ролик үшін кешірім сұраймын. Бұл қателік үшін толық жауапкершілікті өз мойныма аламын”, – деді Ұлықбек Шәріпов.
Брендтің негізін қалаушы кәсіпкер мұндай жағдайға алғаш рет болып тұрғанын, қазақ халқына құрметсіздік көрсетіп, намысына тию ойында болмады деп ақталды.
“Басында не істерімді білмедім. Сондықтан алғашқы әрекеттерім дұрыс болмады. Қателігімді түсіндім. Мен ешқашан қазақ халқына, мемлекеттік тілге, мәдениетімізге немесе елімізге құрметсіздік көрсету деген ойым болған емес. Бірақ бұл видео көп адамның көңіліне тигені үшін кешірім сұраймыз. Енді мұндай жағдай қайталанбайды. Балаларыңызды кешіріп қойыңыздар”, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін кореялық топтың әншісі Бораттың суреті бар жейде киіп, қазақстандық бишінің биін қайталағаны хабарланған еді. Оңтүстіккореялық ENHYPEN тобының мүшесі Ян Чонвон хореографиясын астаналық биші Рания қойған "Bloody Paradise" әніне билеп, видео жариялады. Қазақстандықтар оның Бораттың суреті бар шолақ жейде кигенін байқап, әншіні сынға алды.
Видео тараған соң қазақстандықтар бұл туралы X әлеуметтік желісінде кеңінен жазып, талқылады. Оларды биді қазақстандық қыз қойғанына қарамастан әртістің Қазақстан туралы жалған стереотиптердің символы деп қабылдайтын кейіпкер бейнеленген футболкамен шыққаны ашуландырды.