Қазақтар ауа-райын қалай болжаған: Этнограф Болат Бопай аязды қыс пен шіліңгір ыстықтың белгілерін ажыратуды үйретті

Қазіргідей озық техника жоқ заманда да қазақтар алдағы ауа-райының қалай боларын дөп басып біліп отырған. Этнограф-ғалым, фольклоршы, қазақ дүниетанымына байланысты көптеген кітаптың авторы Болат Бопай ежелгі қазақтардың ауа-райыны жүгірген аңның, аққан судың, төрт түлік малдың қимылына қарап қалай болжағанын Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

болат бопай

Аспан денелерінің қимылына қарап, ауа-райы туралы айтады екенсіз? Осы туралы айтып өтсеңіз...

Қазақ халқының ауа-райы болжамы деген ықылым заманнан келе жатқан үлкен есеп жүйесі. Оны аспан есебі деп те атаған. Кейінгі ғылым тілінде астрономия ілімі. Ежелгі қазақтар мал шарушылығы мен аңшылықпен, құс, егін шаруашылығымен айналысты. Осы көнкөрістің жалпы осындай түрі табиғатпен ауа-райымен тікелей қатысты болды.

Ол заманда қазіргідей аспаптар жоқ, өздерінің қамыстан, киізден, сүйектен, ағаштан жасап алған әртүрлі құралдары арқылы, сығалау, дөң басына шығу арқылы ауа-райын болжайтын болған.

Ауа-райын екінің бірі, егіздің сыңары емес арнайы есепшілер болжаған. Олар өздерінің қойын дәптеріне әр күндегі, әр айдағы, әр жылдағы ауа-райы өзгерістерін жазып отырды. Төрт маусымды: қысты - ақ тоқсан, көктемді - көк тоқсан, жазды - жаз тоқсан, күз - тоқсан деп төрт тоқсанға бөлген. Сол төрт тоқсанмен ауа-райын межелеп біліп отырды.

Есептің басы наурыздың күн мен түн теңелетін тұсынан бастады. Содан кейін екі тоқырау, екі теңелу деген бар. Ежелгі қазақтар 12 айдағы 24 амал дегенді жақсы білген. Бір айда екі амал кіреді. Бір амал басы, ортасы, аяғы деп үшке бөлінеді, жеті күннен тұрады. Амалдың басы қатты басталса, аяғы жылы аяқталады немесе керісінше жылы басталса, суық болады.


Тағы оқыңыз: Тек дәрет алып, ер адамдарға ғана жинауға рұқсат: Адыраспан қандай ауруларға ем болады?


Наурыздың 9-16 аралығында Әз амалы кіреді. Осы уақытта аспаннан дауыс естіледі, оны төрт түліктің ішіндегі қой ғана ести алады. Себебі қой Меккеден шыққан. Егер адам баласы Әз дауысты еститін болса, жеті атасына дейін бақытты әрі өмір жолы ұзақ болады. Әз амалы кірген күндері ауарайында өзгерістер болады. Мысалы, қар жауады, жел тұрады, боран соғады. Айдың 19 мен 26 аралығанда әз-Наурыз амалы кіреді.

Сәуір айының 10-15 От амалы кіреді. Шөптің шыға бастауы. 20-25 аралығында Сәуір амалы кіреді. Мамыр айының 10-15-і Сартан дейтін амал кіреді. "Сартан" арабша жұлдыз аты. 20-25-іне Зауза амалы кіреді. Қазақтың Сартан-Рауза амалы деп жүрген амалын кейбір жерде "Құралай салқын", "Құралай киік", "Бескемпір" деп әр өңірде әртүрлі атайды.

Маусым айында Қыркүйек амалы кіреді. Одан кейін Мырза дейтін амал кіреді. Осы кездері ауа-райында жауын-шашын басталады.

Шілде айының 16-19-ы Бас шілде амалы кіргенде, ыстық басталады. Шілденің 20-25 күндері Сарша кіреді.

Тамыз айының ортасында Үркер амалы кіреді. Одан кейін Сарша тамыз амалы кіреді.

Осы амалдардың ішінде 40 күн шілдесі бар. Қырық күн шілдеде Үркер аспаннан ғайып болады. Ежелгі қазақтар Үркер жерге түссе, құрғақ ыстық болады; тасқа түссе, қапырық ыстық болады; суға түссе, жаз жаңбырлы, жайлы болады деп білген. Есепшілер оның ай жарығынан көрінбей тасаланып кететінін білді, бірақ халыққа ұғымдырақ болсын деп солай түсіндірген.

Қыркүйек айында Масақ дейтін амал кіреді. Бұл уақытта егінін теріп болған соң мал жаяды немесе масақ теретіндіктен осылай атаған. Осы аралықта күздің алғашқы салқыны түсе бастайды. Айдың ортасынан кейін Таразы амалы кіреді. Аспанда Таразы жұлдызы туады. "Таразы туса, таң салқын, Сүмбіле туса, су салқын" деген сөз содан қалған.

Қазан айының 9 мен 16-ын Қара жел дейді. Аты айтып тұрғандай жел соғып, қара желдің табы білінеді. Қазанның 19-26 дейінгі аралықты Бұғы мүйізін жуар амалы кіреді. Бұл алғашқы қар жауып, ормандағы бұғылар мүйізін қарға жуып жатқан кезі. 

Қараша айының алғашы күндері Қауыс деген амал кіреді. Ол жұлдыздың аты. Ол күндері де ауа-райында өзгерістер болады. Ал 19-нан кейін Боқырау деген амал кіреді. Даладағы малдардың қиына қырау қата бастайды.

Желтоқсан айында Ақырап деген амал кіреді. Ол күндері де ауа райы құбылмалы болып тұрады. Ай соңында Серне деген амал кіреді.

Қаңтар айының 9-ынан бастап Қырықаяқ дейтін амалы кіреді. Бұл дегеніміз қардың жорғалап жаууы. Астында қалың қар жауады, үстінде көбелек құсап қар қалқып тұрады. Осы айдың аяғында тоқырау болады. Күн ұзарып барып тоқтайды.

Ақпанның басында Ақпан амалы кіреді. "Ақпан ақырып кіреді, қарлы боранды шақырып кіреді" дегендей қыстың ең суық айлары қаңтар мен ақпан. Ал айдың соңында Ұтты дейтін амал кіреді. 

Аспанда тоғыс болатын күндері қазақ ұлы істерді: той, үйлену, сүндет той, тұсаукесерді жасамған, алыс сапарға шықпаған. Өйткені сол күндері аспанда өзгеріс болып, жер сілкінуі мүмкін немесе боран болып, сел жүруі, ауа-райы бұзылуы мүмкін деп сенген. Сәтсіздік әкеледі деп қарайды. Осы құбылыстардың бәрін зерттей келе, мен "Аспан есебі" деген кітап жаздым. Осыны өмірде көп қолданамын.

Ауа-райыны малдың іс-әрекеті мен жүріс-тұрысына қарап болжау қаншалықты дұрыс және оған сенуге болады ма, аға?

Ол деген керемет нәрсе. Ежелгі есепшілер тек болжап қана қоймай, ғалым болған кісілер. Есепшілер ұшқан құстың, көктеген шөптің, ауған бұлттың, жүгірген аңның, аққан судың, төрт түлік малдың қимылына қарап отырып та ауа-райын болжай білген. 

Қараша айында өріске баққан малдың аузына қараған. Мал жайылып жүріп аузына шөп тістеп қайтса, биыл қыс қатты болады деп межелеген. Сосын өрістен айдап келген малы қораға кірмей кері қашатын болса, жыл жайлы болады екен, далаға қашып тұр деп болжаған. Керісінше, малдар өріске тоқтамай, қораға қашатын болса, бүгін түннен бастап ауа-райы бұзылады деп қамданған. 

Ит екеш иттің де әрекетін бақылап отырған. Ит жауырыннан түлесе, қыс жайлы болды, бауырынан түлесе, қыс қатты болады деп қараған. Жылқы батысқа қарап, танауын шүйіретін болса, батыстан жел соғады, шығысқа қараса, шығыстан жел соғады деген. Қарлығаштың жоғары-төмен ұшуы да көп нәрсені аңғартқан. Жер бауырлап ұшса, жаңбыр жауады деп топшалаған. Құмырсқаның илеуіне де қараған. Илеуін бекітіп, жатып алатын болса, дереу ойдағы үйлерді сел жүреді деп дөңге шығарған. Жылан, құрт-құмырсқа сынды ұсақ жәндіктер індерін тастап, көше бастаса, жер сілкінеді деп үйлерінен шыққан.

Наурыздың 21 күні жауған қарды сыпырмайды, күремейді. Өйткені оны сыпырса, басынан бақ кетеді, босағасынынан құт кетеді, қолы қалтақ болып қалады деп сенген. Ол қар өздіген еріп, өздігінен жоқ болады. 

Ауа-райын болжау тәсілдері өте көп. Ол - қазақтың қашаннан қалыптасқан даналық білімдері. Мысалы, мысық босағаны, ағашты тырнап, мазасы кетсе, ауа-райы қатты бұзылады, жел тұрады немесе боран соғады деп топшалайды. Мысық керіліп ұйықтай берсе, онда ауа-райы ұзақ уақыт жайлы болады. Тауық биікке қонақтаса, жаңбыр жауады. Кешке тауық ұясына ерте кіріп алса, қыстың күні суық бoлады екен, жаздың күні болса, тасқын су жүреді, жаңбыр жауады деген. Тауық жерге қанатын қағып, аунап, тазалана бастаса, жаңбыр жауады дейді. Жаңбыр жауып тұрғанда далада жем іздеп жүрсе, онда ұзақ уақытқа созылған жаңбыр болды. Құмырсқалар илеуін жоғары салса, тасқын болады. Аспандағы бұлттар ортасынан бұзылса, ауа-райы бұзылады. Көктем айында қара қарға суға шомылса, көктем айы керемет жаймашуақ жайлы болады.   

 

Сұхбаттасқан: Жанна Мәлік

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

 

Талқылау
Пікір
Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайқымазақ Саматты ұрған студент оқудан шығарылды

Сайқымазақ Кроханы сирек кездесетін генетикалық аурумен ауырады

Қызылордада көлік аялдамада тұрған үш адамды қағып өлтірді (видео)

Тағы 2 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды

Би туралы қызықты деректер

Майамиде бір уақытта 119 986 адам конга биін билеген

Қыздарға кеңес: Жігіттер танысудың бірнеше жолын айтты

Әңгімені бастаудың ең жақсы тәсілі - адамды мақтау

Студентті өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған оқытушы Cоколовтың өзіне қол салмақшы болғаны видеоға түсіп қалған

Полицейлер ұстаз енді бұлай істемейді деп сендірді

Алматы билбордтарындағы есірткі жарнамасы: "челендж" партнері болған блогердің әңгімесі

Блогерлер кінәлі деп ойламаймын

Ер азамат бостандықта жүрген педофил жайлы естіп, оны бірер минуттан соң ұстаған

Қылмыскерді өзі ұстап, полицияға хабарлаған

Жер туралы қызықты деректер

Бір секунд ішінде Жерге шамамен 100 рет найзағай түседі

Теледидарды қосып қалған анасы жоғалып кеткен қызын көріп қалған

Қызы Денвер қаласында үйі жоқ адамға айналыпты

Лотереяда қомақты қаржы ұтқан азамат әйелінен қашып кеткен

Ақшаны екауара бөлісе алмай, жұбайлар арасында жанжал шыққан
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр