Болат Әбілов саяси партия құратынын мәлімдеді
Қоғам қайраткері, кәсіпкер Болат Әбілов саяси партия құратынын мәлімдеді. Ол қаңтар оқиғасынан бері екі ай өтсе де, Қазақстанда айтарлықтай өзгеріс жоқ екенін айтты. Бұл туралы Әбілов Forbes Kazakhstan журналының шығарушысы, кәсіпкер Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
2 наурыз күні Болат Әбіловтің үйіне полиция келіп, 13 ақпанда Республика алаңында ұйымдастырған митингі үшін тергеуге алып кетті. Кәсіпкер аталған жайтқа қатысты пікір білдірді.
"Кешегі сот (сұхбат 3 наурыз күні алынған) сондай күлкілі болды. Ол жаңа Қазақстан туралы тезистің әлі жұмыс істемейтінін көрсетті. Егер мен адамдарды митингіге 10 ақпанда шақырсам, неге органдар мені бірден митингтен кейін, 13-14 ақпанда шақырмады? Бір айдай уақыт өтті.
"Рұқсат етілмеген митинг өтті, заңды бұздыңыз. Осы жайында сөйлесейік" десе болар еді ғой. Яғни полиция бірден әрекет еткен жоқ, ал енді үйіме келіп отыр. Ал бірақ әкімшілік іс бойынша маған шақырту қағазын жіберсе де болар еді. Бізде күштік блок билікке тәуелді. Сот жүйесі де тәуелсіз емес. Бұл шешімдерді мен мойындамаймын және дұрыс жасадым деп ойлаймын. Бұл жағынан келгенде әлі ештеңе өзгерген жоқ", – деді Әбілов.
Болат Әбілов 13 ақпанда халықты митингке шақыру арқылы саяси өмірін қайта қалыпқа келтіріп жатқанын растады. Сондай-ақ Әбілов саяси партия құру туралы шешімін айтты.
"Митингіге шығып, халықты шақыруым – азамат ретіндегі парызым. Үнсіз қалып, 40 күндігіне келмесем, өзімді кешірмес едім. Менің айтқым келгені, біз – қазақстандықтар, үнсіз жүре алмаймыз, бұл трагедия болмағандай кейіп таныта алмаймыз. Біз ол жайлы айтуымыз керек. Одан дұрыс нәтиже шығарып, қайталанбауын қадағалауымыз керек. Және менде саяси партия құру туралы жоспар бар.
Мен бүгінде әлдебір оппозициялық алаңның барын, өз ұстанымдарын билікке қарсы - оппозициялық деп көрсетіп жүрген адамдарды көріп жүрмін. Оларды құрметтеймін, қолдаймын, бұл олардың таңдауы. Күресті жалғастырып жатқандарыңыз үшін алдарыңызда бас иемін. Өз басым қашанда эволициялық процесті құптаймын.
Біреуден бірдеңені тартып алмаймын, бөлмеймін, ешкімнің соңына түспеймін деп үнемі айтамын. Бірақ жемқорлық схемасымен ұрланған дүниенің барлығы Қазақстан халқына қайтарылуы тиіс. Ал әрі қарай – жаңа ережелер. Неге аздаған адамдар тобы кәсіпорындар мен банктердің үстеме табысын көруі, ал қалған 19 миллион қазақстандық оған шеттен қарап отыруы керек? Сондықтан жаңа адамдар, жаңа тәсілдер керек. Үкімет осының бәрін игере алады деп ойлайсыздар ма? Қаңтар оқиғаларынан бері екі ай өтті. Бірдеңе өзгерді ме? Республика тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарды деп айта аласыз ба?" – деді Болат Әбілов.