Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз елім Ресейдің тапсырмасымен қуғындап отыр": "Til Maydani" қозғалысының жетекшісі өзге елдегі өмірі, Ресеймен күрес һәм қазақ тілінің мәртебесі жайында айтты

Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесі үшін күрескен "Til Maydani онлайн партиясы" Youtube арнасының авторы, қоғам белсендісі Қуат Ахметов елден кетуге мәжбүр болған еді. Қазір ол Украинаның астанасы Киев қаласын пана етуде. Ол жақта қазақстандық азаматқа грузия мен украин белсенділері көмек қолын созып, жағдай жасап отыр дейді өзі. Ахметов сонымен қатар алдағы уақытта Еуропалық соттың көмегімен Ресей мемлекетін жауапқа тартып, өз басының шындығын ақтап алатынын жеткізді. Қуат Ахметовтің осы және өзге де жаңалықтарымен Stan.kz тілшісімен болған сұхбаттан оқи аласыздар.

куат ахметов

Азаматтық белсенді Қуат Ахметовтің Қазақстаннан шығып, шетел асып кеткені туралы алғаш болып заңгер Абзал Құспан мәлімдеген еді. 

"Қуат Ахметов өз елінде өз ана тілінде сөйлегені үшін қуғындалды! Өз елінен кетті! Кетуге мәжбүрледі. Ұят! Еліміз үшін қара таңба! Ұлы тілдердің арасында ана тіліміздің қаңбақтай қадірі қалмағаны ма? Бұл бір ғана адамның басынан өтіп жатқан жағдай емес...", - деп жазған ол Facebook-тегі жазбасында.

Қуат Ахметов әңгіменің басын осы оқиғаның қалай болғанынан бастады.

– Елден алғаш кетуге тура келген кезіңізден бастайықшы. Бұл шешімді алдын ала ойластырып жүрдіңіз бе әлде аяқ астынан қабылдадыңыз ба? 

– Біз Абзал (заңгер Абзал Құспан – ред.) екеуміз Нұр-Сұлтан қаласында бас прокуратура мен президент аппаратына хаттарды қалдырдық. Содан кейін Тбилисиге ұшаққа билет алып, ұшып кеттім. Одан кейін ол жақтан Киев қаласына жол тарттым.

Елден кету мәселесіне келетін болсақ, жалпы бұл "Til Maydani" айналасында туындаған резонанс барша қазақстандықтарға мәлім болып үлгерді. Мен бұл бастаманы қолға алып, қазақ тілінің мәртебесі үшін күрес бастағалы қысым мен жалаға ұшырадым. Осы кезекте "Til Maydani" Youtube арнасына тоқталып өтейік. Жалпы, мен бұл арнаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен түсірілген бейнежазбаларды алып жүктеп отырамын. Маған көбінесе жазбаларды түсірген адамдардың өздері жолдайды. Бұл жерде ешқандай ұлтаралық жанжал немесе дау туғызу мақсат етілмеген. Тек олар өздерінің заңды талаптарын айтады. Соны қорғағысы келеді. Кейіннен бұл арна көпшілікке танылып, үлкен ауқымдағы беделдікке ие болды. Осы уақытта Ресей өз көзқарасын білдіре бастады. Қазақстанға талаптарын қойды.

Тілдік рейдтер кезінде көптеген жанжалдар болады. Мұндай жағдайларда орыс тілді азаматтардың өзі қазақша сөйлейтіндерді балағаттап, өздерін өктем ұстап жатады. Осындай оқиғалар бойынша бірнеше рет бір-екі азаматты сотқа да бердім. Олар кейіннен өздерінің қателіктерін түсініп, кешірім сұрады. Басты мақсат дау туғызу емес қазақ тілін лайықты орнына қою

– Демек, осы оқиғалардың барлығы сіздің елден кетуіңізге себеп болды ғой?

– Бір оқиға болды. Алматы қаласында отбасыммен жүрген уақытта мені полиция бала-шағамның көзінше қолымды қайырып ұстап алып кетті. Маған заңгеріме хабар беруге мүлдем мүмкіндік бермеді. Ешнәрсені түсіндіріп айтпады. 2 сағаттай ұстап отырғаннан кейін халық жинала бастады. Осы жағдайдан екі күн өткен соң Ресейдің Думасы маған қатысты отырыс өткізеді. Жиналыста маған және Әзірбайжан азаматы Исфандияр Вагадзадеге Ресей жеріне кіруге 50 жылға тыйым салады. Содан соң Ресейдің Евгений Примаков (Ресей ықтымақтастығының басшысы) деген шенеунігі біздің үкіметке “мына Қуатқа қатысты бірнәрсе жасаңдар” деп бұйрық береді. Осыдан кейін Алматы қаласының полиция басқармасы менің емес, менің жарияланған бейнежазбаларымның үстінен "Ұлтаралық жанжал туғызды" деген айыппен іс қозғайды. Яғни, бұл жерде мен құтылып кетпес үшін нақты фактімен қозғап отыр. Осылайша елде жүргенімде Ресейдің қысымымен мені жауып тастайтын еді. Сосын біз заңгерім Абзал Құспан екеуіміз елден уақытша кете тұруға шешім қабылдадық. Сөйтіп өз отанымнан еріксіз кетуге мәжбүр болдым.

 Сіз елден кеткеннен кейін шамамен бір апта уақыт ішінде "Til Maydani" арнасы Youtube хостингінен толығымен өшті. Сондай-ақ, жақында белсенділердің бірі Руза Бейсенбайтегі әлеуметтік желіге көші-қон полициясы қызметкерлерінің қазақша қызмет көрсетпегенін айтып, видео жариялағаны үшін түрмеге отырып шыққан еді. Жалпы осы көріністердің барлығы "Til Maydani" қозғалысының әлсіреп бара жатқанының белгісі емес пе?

– "Youtube желісіндегі арнамызға келетін болсақ, бұл мәселе бойынша мен елде жүрген кезден бастап арнаның талаптарын бұздың деген қисындағы хабарламалар келіп тұратын. Содан соң арна жабылып қалды. Бұл жерде Ресейдің хакерлері тарапынан жасалған шабуыл да бұған себепкер болса керек. Сонымен қатар Youtube-тың ТМД елдері бойынша бас ғимараты Мәскеу қаласында орналасқанына баса назар аударған жөн. Сол себепті мен бұл мәселелерді де кездейсоқтық деп ойламаймын. Осылайша Ресейдің ықпалы ғаламтор желілерінде де мықты болып тұр. Украинаға келгеннен кейін осы жердегі ұлтшыл достарым екі Youtube-тан арна ашып берді. Олардың бірі "Til Maydani uk" деп аталады. Қазір солармен жұмыс жасап жатырмын.



Ал "Til Maydani" қозғалысы әлсіреді ме деген сұраққа келетін болсақ, жоқ, олай емес деп сенімді түрде айта аламын. Себебі маған қазірдің өзінде көптеген заңгерлер қоңырау шалып, қолдарынан келген көмекті аямайтынын жеткізуде. "Til Maydani" заң бөлімін аштық, онда бес бірдей заңгер жұмыс жасайды және барынша тегін қызмет көрсетеді. Сондықтан "Til Maydani" қозғалысы әлсіреді деуге негіз жоқ деп есептеймін.

Жақында ҚР Парламент мәжілісі отырысында көрнекі ақпаратқа қатысты заң жобасы мақұлданды. Бұл да біздің қозғалыстың 3 жылдан бергі арпалыспен араласқан күресінің жемісі деп санаймын. Бұған дейін біздің заңда "қазақша жазылып тұрсын" деген сөз жоқ болатын. Осыған көптеген орыс тілін қолдайтындар иек артып, бізге қарсы шығатын. Енді осындай заң шығатын болады, қазір Сенаттың талқылауына өтті.

 Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев "Til Maydani" қозғалысынан туындаған толқулардан кейін мемлекеттік арналардың біріне берген сұхбатында қазақ тілін қорғап жүрген азаматтардың әрекетін "үңгірдік ұлтшылдық" деп бағалаған еді. Сіз бұған қандай пікір айтасыз?

– Жалпы Қазақстанның президент әкімшілігі әлі де Ресейдің ырқына жығылып, олар не айтса, соны қайталап бір сөзбен өзге елдің сойылын соғып отыр. Бұл жерде де Дәурен Абаевтың айтқан сөзін аузына орыс билігі салып беріп отыр. Негізі бұл "үңгірдік ұлтшылдық" деген Путиннің айтқан сөзі. Ресей президенті парламент мүшелерімен болған бір кездесуде ресейлік саясаткер Жириновскийге (Владимир Жириновский Ресей мемлекетік Думасының депутаты – ред.) осылай деп айтқан. Бұл тұрғыда қазақ шенеуніктерінің Путиннің айтқан сөзін сөзбе-сөз қайталауы олардың өзіндік көзқарасының жоқтығын, елінің мүддесін қорғаудағы құлқынсыздығын көрсетеді. Мені де осы Ресейдің тікелей тапсырмасымен қуғындап отыр.

Біздің мемлекет Өзбекстан құрлы болмады. Осыдан 4 жыл бұрын өзбек мемлекетінің сыртқы істер министрі Ресей дипломатын шақырып алып, “біздің ішкі саяси істерімізге араласпаңыздар” деп кесіп айтты. Осыдан кейін Өзбекстанда қандай жағдай болып жатса да. Ресей аузын ашып ешнәрсе айта алмайды. Ал бізде қалай? Бізге қатысты  Қазақстанның өзінің жері болмаған, ол біздің сыйлық деп Никонов, Федоров, Жириновский, Лавров та айтты. Бірақ оларға қарсы жоғарыда аталған Дәурен Абаев та біздің еліміздің сыртқы істер министрлігі де ләм мим деп аузын ашқан жоқ.

Қазір мен секілді шетел асып өзге елді паналап жүрген қазақтар өте көп. Себебі олар өз елдерінен қорғау таба алмай, өзге мемлекетке келіп тығуладан басқа амалы қалмаған. Бірақ, менің ойымша, бұның барлығы уақытша, барлығы өтеді деп ойлаймын.

 Жаңа сөзіңізде “мені өз мемлекетім қорғай алмайды керісінше қудалайды” деп айтып қалдыңыз. Осы кезекте өзге мемлекетте жүріп, Қазақстандағы саяси өзгеріске қалай ықпал жасау ойыңызда бар? 

– Менің қазіргі басты мақсатым – халықаралық ұйымдарға жету. Біздің ішкі мемлекеттік мәселелерге араласып, мені қаралаған адамдарды халықаралық сотқа беруге дайындалып жатырмыз. Халықаралық заңгерлер іздеп, Еуропарламентке жетуді ниет етіп отырмын. Ресей мемлекетін орыс шенеуніктерімен қоса сотқа тартқымыз келеді.

Егер біздің құқығымызды мемлекет қорғай алмаса, онда өзіміз қорғаймыз. Адам құқығын әлі ешкім алып тастаған жоқ. Осы болған оқиғаларды халықаралық деңгейге шығарып, бүкіл әлемді құлағдар етсек жеңіске жетеміз деп үміттенеміз.

 Тағы бір ақпарат көздерінде "Til Maydani" қозғалысының артында "Дикий Арман" атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің тұрғаны айтылады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

– Ия, маған да бұл туралы ақпараттарды көптеп жіберіп жатады. Бұл ақпаратты негізі Ресейден келген бір блогер шығарған. Қазіргі таңда ондай адамдар көбейіп кетті ғой, ондайларды кейбірі “хэйтерлер” деп атайды. Жалпы осы жолда жүргенімде менің атыма сан мәрте күйе жағылғанын жоғарыда айтып өттім. Осындай мені танымайтын адамдар маған қарсы ақпараттық соғыс ашты. "Ит үреді, керуен көшеді" дейді ғой, сол сияқты мұндай әңгімелер көп айтылады. Әрине, бұл шындыққа жанаспайды. "Жабайы Арманды" мен өзім жеке танымаймын.

Осы секілді әрекеттер көптеп орын алады. Бастысы арым таза. Күрестің ортасында жүргеннен кейін мұндай майда-шүйделерге аса мән бергің де келмейді.

Осындай әрекеттер мені қазір орыс тілді азаматтарды күштеп қазақша сөйлетіп жүрген секілді қылып көрсетіп қойды. Алайда біз барлығын заң аясында істейтінімізді айтып өттім. Ал олар –  Ресей билігі бар, Қазақстан да қосылып жалғыз өзім қазақ азаматтарын орыс тілділерге қарсы айдап салғандай етіп бейнеледі. Мұның барлығы жала және мені қаралау үшін жасалған айла-амалдар.

 Ресейдің cыртқы істер министрі Сергей Лавров "Российская газета" басылымында жариялаған мақаласында Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндерге ксенофобиялық көзқарастың бары туралы айтқан еді. Сіздің ойыңызша, шынымен де біздің елде орыс тілді азаматтарға осындай көзқарас қалыптасқан ба?

– Бізде қазақофобия бар. Орыс халқы біздің елдегідей еркіндікте басқа ешқандай елде жүре алмайды. Мемлекетімізде барлығы керісінше, бәрін орыс тілді азаматтарға ыңғайлы етіп қойғанбыз да, қазақ тілі ақсап қалған. Қазақ азаматы өзіне қазақ тілінде қызмет еткенін сұрап, талап етсе, оны заңмен қудалап, ұлт тыныштығын бұзды деп айыптайды. Қазір жергілікті әкімдікке барсаңыз да барлық құжат орыс тілінде жазылған. Сондықтан біз осы мәселені көтеріп жатырмыз. Әрбір қызмет көрсетуші тұтынушы талабын орындасын деп айтып жүрміз. Біз Ресейге барып біздің қазақтарға қазақша қызмет көрсетіңдер айтып жатқан жоқпыз ғой. Егер солай етсек қалай болады, бұл Ресейдегі ксенофобиялық көзқарасқа жатады ма?



Мына нәрсені ойлап көріңізші: егер Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ресейге қарап, қазақ ұлтына ксенофобиялық көзқарас бар деп айтса, қалай болатын еді? Біздің билік бұлай айта алмайды, себебі Ресейде “мемлекеттік тіл орыс тілі және осы тілде қызмет көрсетілуі қажет” деген шегемен қағылып қойған заң бар. Ал бізде бұл жоқ. Сондықтан біздің қалауымыз осы".

 Сіз елден кетіп қалғанда бір топ белсенді азамат әлеуметтік желілерде сізді қолдап, біршама жазбаларын жазды. Соның ішінде бір ақпаратта сіз ұшаққа отырған сәтте қалтаңызда бар болғаны 90 мың теңгеге жетер-жетпес ақша болғаны айтылады. Ендеше қазіргі күніңіз қалай? Қаражатты қайдан алып жатырсыз?

– Қаражат болғанда мен әлі де "Til Maydani" қозғалысының жұмысын жалғастырып жатырмын. Сонда менің шотыма көптеген адамдардан демеу ретінде қаражат келіп түседі. Оның ішінде қарапайым азаматтар да, кәсіпкерлер де бар. Жақында бір кәсіпкер 100 мың теңге аударып жіберіпті. Осындай ұлтжанды азаматтардың арқасында қазір қысылып жүрген жоқпын.

Елден шығып Тбилисиге келген кезде ары қарай Түркияға баруды ойладым. Бірақ ол жерде ешқандай таныстарым жоқ, тіпті билет алуға ақшам да болмады. Сосын маған осы Украинадаға белсенді азаматтар қоңырау шалып, осында шақырды. Мен оларға өз жеке құжаттарымды жібердім, олар маған билет, барлығын алып берді. Келгеннен кейін де құшақ жайып қарсы алып, тұрақтайтын үйімді дайындап, қолдан келгенше көмектерін аямауда. Осы жердегі жергілікті бағдарламаға қатыстым. Ол жерде мені басты кейіпкер ретінде шақырды. Осы тұста Украина және Әзірбайжанның ұлтшыл азаматтарына алғыс айтып өткім келеді.

Сонымен қатар "Til Maydani" қозғалысы әлемнің түкпір-түкпірінде ашылып жатыр. Жақында Оңтүстік Кореяда ашылды, сонан соң АҚШ-тың қазақтары өз қолдауларын көрсетті. Бәріміз жұмылған жұдырық болып әрекет етсек алынбайтын қамал жоқ екенін түсініп келе жатқандаймыз.

 Осы қозғалыстың барысында жүріп жинаған тәжірибеңізге сүйене отырып енді қазақ тілінің мәртебесін көтерудің басқа жолдарын қарастырудасыз ба?

– Менің бір нәрсеге көзім анық жетті. Мен осыған дейін заң шеңберінде барлығын шешуді ойлап, тек заңға ғана сүйеніп әрекет етіп келдім. Бірақ, бір өкініштісі, Қазақстанда заңдар жұмыс істемейді екен. Енді мен халықаралық деңгейде ғана күресетін боламын.

 Осы қозғалыс жолында жүрген уақытта қазақстандық танымал тұлғалардың яки зиялы қауым өкілдері тарапынан қандай да бір қолдау болды ма?

– Мен негізі әншілер болсын, спортшылар болсын, зиялы қауым өкілдері болсын барлығына үндеу жасағанмын. Ол кісілер енді танымалдығы болғаннан кейін айтқан сөздерін халық тыңдайды, санасады ғой. Бірақ Бекболат Тілеуханұлы ағамыздың өзі қазақ тілінде талап ете алмайды. Егер осындай мансабы мен атағы ұштасқан ағаларымыз жастардың әрекетін қолдаса, онда сөзіміздің салмағы болатын еді. Мен үндеу жасаған кезде маған жауап беріп, көмектесуге дайын екенін жеткізген жалғыз адам саясаткер Дос Көшім ағамыз болды.

 Елге оралу ниетіңіз бар ма?

– Қазіргі таңда маған қарсы іс қозғалғанын айтып өттім, бірақ шешім шыққан жоқ, сот та болған жоқ. Әрине, қазір оралсам, онда ресейшіл билік апарып жауып тастайтыны анық. Мен елден шығарда осының барлығын ойласып, ақылдасып барып кеттім. Сол себепті дәл ертең немесе арғыкүні оралам деп айта алмаймын. Бірақ түбінде қайтамын.

Қазір алға қойған үлкен жоспарларымыз бар. Еуропарламент пен халықаралық соттарға жазып жатқан хаттарым бар. Соларды алдағы уақытта жеткіземін. Біздің елімізде мемлекеттің өз азаматын қорғай алмайтынын және керісінше кудалайтынын ашық айтатын боламын. Сонымен қатар Ресей мемлекетін де сотқа беріп менің атымды қаралағаны үшін жауап алатын боламын. Болашақта осы мақсаттарымның барлығын орындағаннан кейін әлбетте елге ораламын. Өйткені онда менің отбасым бар. Мені күтіп отырған жандар бар. Қазір ең бастысы күрес, өз атым үшін, ана тілім үшін аянбай күресетін боламын.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ресейлік БАҚ-та "Til Maydani" қозғалысы туралы сюжеттер пайда болған болатын. Қозғалыс мүшелерінің еліміздегі орыс тілді азаматтарды гастарбайтерлер деп атауы ресейлік журналистердің наразылығын тудырған еді.

Қуат Ахметов өз кезегінде бұл қозғалысты бастаудың негізігі мақсаты орыс тілінде сөйлей алмайтындарды қолдау, олардың қазақ тілінде қызмет алуына жағдай жасау екенін атап өткен.

Бұл мәселеге Ресей шенеуніктері қарсы жауап беріп, Қазақстан билігінен бұл мәселеге қатысты шара көруді сұраған.

Кейіннен Ахметовке тіркелмеген ұйымның қызметіне қатысқаны үшін әкімшілік хаттама жасалып 145 850 теңге айыппұл салынған. Өз кезегінде Ресей ІІМ Қазақстан азаматы Қуат Ахметовке бейнероликтерде ұлтаралық араздықты тудырғаны үшін Ресей Федерациясына 50 жылға кіруге тыйым салды.

Талқылау