Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз Янмен біргеміз": Футболдан ел құрамасының ойыншылары Словениядағы ойыннан кейін халықтың сынына ұшыраған қорғаушыны қолдап, жазба қалдырды

Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасының ойыншылары қорғаушы Ян Вороговскийді қолдап, әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Себебі құраманың соңғы ойынында қателесіп, пенальти жасаған Ян көптің сынына ұшыраған еді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Вороговский коллаж

Қазақстан құрамасы 2024 жылы Германияда өтетін Еуропа чемпионатына жолдама берілетін іріктеу ойындарының соңғы турында Словениядан 2:1 есебімен жеңілді. Осылайша қазақстандық спортшылар неміс жерінде өтетін додаға тікелей жолдама ала алмады.

Словения астанасы Люблянада өткен ойын өте тартысты өтті. Ойынның 40-минутында қорғаушы Ян Вороговский қарсыластың ойыншысы Петар Стояновичті айып алаңында шалып құлатты. Төреші Шимон Марчиняк VAR жүйесінен осы эпизодты қайталап көрген соң Қазақстан қақпасына пенальти белгіледі. Бұл 11-метрлік пенальтиді Беньямин Шешко орындап, ойынның есебін ашты.

Бірақ қазақстандық ойыншылар екінші таймда ойынды ширақ бастап, 48-минутта Рамазан Оразов есепті 1:1 етіп теңестірген. Осы сәтте барша жанкүйерлердің бойында тағы бір үміт пайда болғандай еді. Өйткені Қазақстанға жеңіске жету үшін тек бір ғана гол керек еді. Алайда 86-минутта барша қазақстандық жанкүйерлердің үміті мен қуанышы су сепкендей басылды. Өйткені ойынның осы уақытында Беньямин Вервичтің оң қапталдан тепкен добы Қазақстан қақпасына дөп түсті. Ойын 2:1 есебімен аяқталды.



Ойыннан кейін қазақстандық жанкүйерлер Ян Вороговскийді сынның астына алды. Олардың ішінде пенальти алып келген ойыншының кәсібилігіне мін артып жатқандар да болды.

Бірақ осындай қиын сәтте командаластары Янның жанынан табылатындарын білдірді. Олар Янды қолдап, әлеуметтік желіге жаппай жазба қалдыра бастады.

Мысалы, өткен ойындағы гол авторы Рамазан Оразов “Бауырым, сен өте мықтысың” деп жазды. Сондай Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты да “Ян – біздің батыр! Біз бірге жеңеміз де, жеңілеміз де!” деген жазба арнады. Құраманың негізгі қақпашысы Игорь Шацкий да челленджден құр қалмай, жігіттердің “қуаныш та, жеңілісте де Янмен бірге” екенін білдірді. Құрамамыздың қорғаушысы Марат Быстров пен шабуылшысы Максим Самородов та “Янның үздік ойыншы” екенін айтты.

Қазақстан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының екі жолдамасына Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия және Сан-Мариномен таласты. Бұл топтан Дания 25 ұпаймен, Словения 22 ұпаймен жолдамаға ие болды. Қазақстан 18 ұпаймен 4-орында тұрақтады.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасының Еуро-2024 жолдамасы үшін жорығы мұнымен аяқталған жоқ. Қазақстан келесі жылы наурызда Еуро-2024 додасына лицензия алуға тағы бір рет талпынып көреді. Енді алдағы жылы наурызда Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы бір жолдамаға таласуға мүмкіндігі бар. Қазақстан наурыздың аяғында Грекиямен ойнайды, егер Грекияны жеңсе, Грузия-Люксембург арасындағы матчтың жеңімпазымен жолдамаға таласады.

Талқылау