"Өзі сені осы деңгейге жеткізген шығар": Бишімбаевты ұстаған полицейге қатысты қызметтік тексеру жүргізіледі
Салтанат Нүкенова қаза болған күні Қуандық Бишімбаевты ұстауға барған астаналық полицейге қатысты қызметтік тергеу басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
9 қараша күні BAU мейрамханасында ұсталған Қуандық Бишімбаевқа сұрақ қойып жатқан полицей "Оның өзі сені осы деңгейге жеткізген шығар" деген сөзді айтқан.
Бұл сөз айтылған видео 8 сәуірде Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша өтіп жатқан басты сот процесінде көрсетілді.
"Астана қалалық полиция департаменті бұл факті бойынша қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін 8 сәуірде сот отырысы барысында Қуандық Бишімбаевтың қамауға алынған сәтінің видеосы көрсетілген еді. Қамауға алыну сәті оқиға орнына келген полицейлердің бірінің бейнебақылау камерасына жазылып қалған.
Видеода оқиға орнына келген тәртіп сақшылары Бишімбаевтың құқығын оқып берді. Кадрларда экс-министрдің полицейдің өтініші бойынша басын көтеріп, кейін қайтадан төмен түсіретінін көруге болады.