Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Діни сауаттылық не үшін маңызды: Алматы тұрғындары дін туралы ақпаратты қайдан алады

ChatGPT

Фото: ChatGPT

Әлеуметтік желіде дінге қатысты ақпарат күн сайын көбейіп келеді. Бірі уағыз тыңдаса, енді бірі діни сұрақтардың жауабын TikTok, Instagram немесе YouTube-тан іздейді. Алайда ғаламтордағы діни ақпараттың барлығы бірдей сенімді ме? Тексерілмеген мәлімет адамның дүниетанымына қалай әсер етеді? Діни сауатсыздық радикалды идеологияның ықпалына түсуге себеп болуы мүмкін бе?

Stan.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтарды дінтанушылар Әл-Фараби Болатжан және Абзал Есіркеповке қойды.

Ақпарат көп, сүзгі аз

Бүгінде дін туралы ақпаратқа қол жеткізу бұрынғыдан әлдеқайда оңай. Бірақ ақпараттың қолжетімді болуы оның сапасына кепілдік бермейді. Әсіресе әлеуметтік желідегі қысқа әрі эмоцияға құрылған видеолар күрделі діни мәселелерге біржақты жауап ұсынуы мүмкін.

Дінтанушы Әл-Фараби Болатжанның айтуынша, діни сауаттың төмен болуы мен тексерілмеген дереккөздерге сүйену адамды радикалды көзқарастарға итермелеуі ықтимал.

"Бүгінде цифрлық орта жастардың діни дүниетанымына да әсер етіп отыр. Әсіресе студенттер діни ақпаратты әлеуметтік желілерден жиі алады. Сондықтан интернеттегі діни контенттің мазмұны мен оның жастардың көзқарасына ықпалын зерттеу маңызды. Діни ақпараттың қайнар көзін ажырата алмау адамның жалған немесе радикалды идеяларға бейім болуына әсер етуі мүмкін", – деді ол.

Яғни діни сауаттылық тек діни қағидаларды білу емес, ақпараттың қайдан шыққанын және оның мақсатын ажырата алу қабілетімен де байланысты.

"Мұсылман болсаң, осы ақпаратты тарат"

Маманның сөзінше, радикалды насихатта адамның діни сезімі мен эмоциясына әсер ететін тәсілдер қолданылуы мүмкін.

"Мұндай манипуляция адамның діни сезіміне бағытталады. Ол материалды тексерместен таратуы мүмкін. Ал оның заңмен тыйым салынған контент екенін білмеуі ықтимал. Сондықтан ақпаратты таратпас бұрын оның мазмұны мен дереккөзін тексеру қажет", – деді айрықша тоқтала Әл-Фараби Болатжан.

Мысалы, "мұсылман болсаң, осы ақпаратты тарат", "сауап жинайсың" деген сөздер адамның материалды қайта тексерместен бөлісуіне ықпал етуі мүмкін. Ал кейбір жағдайда мұндай контенттің таралуына заңмен шектеу қойылуы ықтимал.

Дінтанушының айтуынша, радикалды идеологияны таратушылар қоғамдағы өзекті әрі эмоциялық тұрғыдан ауыр тақырыптарды да пайдалануы мүмкін.

"Мысалы, Палестина немесе Сириядағы жағдайды пайдаланып, адамдарды соғысқа шақыруы мүмкін. “Қазақстандағы мұсылмандарға қысым көрсетіліп жатыр” деген сияқты мәліметтер таратады. Мұның бәрі адамның эмоциясына әсер ету арқылы белгілі бір әрекетке итермелеу үшін қолданылуы мүмкін", – деді түсіндіре ол.

Радикалды насихаттың салдары

Дінтанушы мұндай насихаттың нақты салдарын Сириядағы оқиғалармен байланыстыра түсіндірді.

"ИГИЛ сияқты террористік ұйымдардың насихатына еріп, қаншама отбасы Сирияға кетті. Оның салдары өте ауыр болды, көптеген адам қаза тапты. Кейін “Жусан” операциясы аясында әйелдер мен балалар Қазақстанға қайтарылды", – деді назар аударып сарапшы.

Бұл мысал діни ақпаратты таңдаудың жеке адамның сеніміне ғана емес, оның өмірлік шешімдеріне де ықпал етуі мүмкін екенін көрсетеді.

Алматы тұрғындары діни ақпаратты қайдан алады?

Алматыда тұрғындар діни ақпаратты мешіттерден, ресми интернет ресурстардан, әлеуметтік желілерден, сондай-ақ дінтанушылар мен теологтардың түсіндірмелерінен алады.

Дінтанушы Абзал Есіркеповтің айтуынша, қалада діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

"Қалада діни мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да көңіл бөлінеді. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ресми ресурстарында интернет кеңістігіндегі діни экстремизмге қарсы жұмыс, діни ахуалды мониторингтеу және ақпараттық-түсіндіру бағыттары көрсетілген", – деді екпін түсіріп ол.

Оның айтуынша, мұндай жұмыстар мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында, ауруханаларда, базарларда, түзеу мекемелерінде және басқа да нысандарда ұйымдастырылады.

"Діни радикализмнің алдын алу тәсілдері күннен-күнге жетілдіріліп келеді. Менің ойымша, бұл бағытта әлі де ғылыми жұмыстар жүргізу керек. Профилактика бойынша жаңа оқу-әдістемелік құралдар шығару қажет", – деді Абзал Есіркепов.

Осы ретте діни сауаттылықты тек дін негіздерін білу деп түсіну жеткіліксіз. Ол – сенімді дереккөзді ажырату, күмәнді ақпаратты тексеру, эмоцияға құрылған үндеулердің астарын түсіну және өзге адамның діни таңдауына құрметпен қарау мәдениеті.

Сондықтан діни мазмұндағы ақпаратты көргенде оны бірден тарата салмай, авторына, дереккөзіне және айтылған пікірдің ресми мәліметтермен сәйкестігіне назар аударған жөн. Ақпарат көбейген сайын оны сүзу қабілеті де діни сауаттылықтың маңызды бөлігіне айналып отыр.
 

Ақгүл Айдарбекқызы
Сәрсенбі, 30 Қыркүйек, 2026 09:00