Италияға саяхат, техника және жеке несие: Астанада емхана басшысы сотталды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты аса ірі мөлшерде иемдену және ысырап ету ісі бойынша емхананың төрт басшысы мен лауазымды тұлғасына үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот мәліметінше, қылмыстық схема 2021 жылдан 2025 жылға дейін жұмыс істеген. Сот Л. есімді әйелді схеманы ұйымдастырушы деп таныды. Ол қылмыстық іске экономикалық жұмыс қызметінің басшысын, бас есепшіні және мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджерді тартқан.
Сот топ мүшелері жалған келісімшарттар бойынша кәсіпорынның қаражаты аударылатын жеке және заңды тұлғаларды іздегенін анықтады. Кейін бұл қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған.
Іс материалдарында көсетілгендей, 2023 жылдың маусымында кәсіпорын жүргізушісіне жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, банк деректемелерін бас бухгалтерге беруді ұсынған. Осыған ұқсас жолмен схемаға басқа да адамдар тартылған.
Сондай-ақ 2021-2023 жылдар аралығында кәсіпорын қаражаты есебінен жеке пайдалануға арналған тұрмыстық техника сатып алынған. Оның жалпы құны 7 миллион теңгеден асқан.
Сот анықтағандай, 2023 жылдың наурызында ұйымдастырушы, экономикалық жұмыс қызметінің басшысы және бас есепші кәсіпорын қаражаты есебінен Италияға жеті күндік сапарға барған. Саяхаттың құны – 7,8 миллион теңге болды.

“2023-2025 жылдар аралығында ұйымдастырушы кәсіпорын қаражаты есебінен жеке тұтынушылық несиесін өтеп отырған. Бұл мақсатқа шамамен 2,2 миллион теңге жұмсалған. Іс бойынша келтірілген жалпы шығын көлемі 672,7 миллион теңге болды”, – деп мәлімдеді сот.
Сотта сотталушылардың барлығы кінәсін мойындамай, өздерін ақтауды немесе бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұраған. Ал прокурор олардың әрқайсысына жеті жылдан бастап бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Сот төртеуін де кінәлі деп танып, ұйымдастырушыны 8 жылға, экономикалық жұмыс қызметінің басшысын 7 жыл 6 айға, ал бас есепші мен мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджерді 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұл ретте бас есепшіге қатысты жазаны орындау бір жылға, яғни 2027 жылдың 30 қыркүйегіне дейін кейінге қалдырылды.
Сондай-ақ сотталғандардың барлығына белгілі бір лауазымдарды атқаруға және белгілі бір қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым салынды.
Осылайша, жәбірленуші тараптың азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды.