Бишімбаевтың ісі: Қазақстандықтар кісі өлімі болған "Bau" мейрамханасын жабуды талап етуде
9 қараша күні кешке экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірген елордалық "Бау" мейрамханасы сынның астында қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: press.kz
Қазақстандықтар адам өлтірілген кезде қызметкерлердің ешқайсысы әрекет етпеген мекеме жұмысын әрі қарай жалғастыра алмайтынын жазуда. Бір күн бұрын Bau мейрамханасының Instagram аккаунты барлық қолданушылар үшін ашық болған еді. Алайда қайғылы оқиғадан кейін мекемеге айып тағылып, парақшаға кіру мүмкіндігі шектелді. Адамдар 2Gis платформасындағы "пікірлер" бөліміне қызметкерлер туралы өз пікірлерін жаза бастады.
"Кісі өлтірудің куәгері болу – кісі өлтірумен бірдей. Сіздер қылмыскерсіздер. Ұят", "Олар Бишімбаевты бекер босатты. Ол жемқорлық үшін жазасын өтеудің орнына адамның өмірін қиды", "Түнде қалай ұйықтайсың?", "Мен онымен жерлес екеніме ұяламын", "Жазасыздық осындай қайғылы оқиғаларға әкеледі! Жазасын өтеген жоқ... Қарапайым халық бір жыл зейнеткерлікке шықпай шахтада өліп жатқанда оның жеке мейрамханасы болды", "Сол күні кешке осы мекемеде болғандардың бәрі бармен, даяшы, аспаз, әкімші, күзетші ме, бәрібір, бұл қыздың өліміне бәріңіз жауапты боласыз",
– деп жазды желі қолданушылары.
Мейрамхана қызметкерлерін кінәлап, мекемені жабуды ұсынған пікірлер саны бір түнде 600-ден асты. Алайда өзін мекеме қызметкерімін деп атаған Жан Кәрімов есімді адам қызметкерлерді ақтап алуға тырысты.
"Мен осы мекеменің қызметкерімін. Сіздерден мейрамхана қызметкерлерін сынамауларыңызды сұраймын. Өйткені олар өз жұмысын мінсіз атқарады. Көпшілігіңіз қызметкерлер қайда қараған деп сұрап жатырсыздар. Шындығында біз ол жерде болмадық. Біз ауысымды аяқтап, үйге қайтып кеткенбіз. Мейрамханада күзет жоқ, сосын жабылды. Ал басшылық мекеме жабылғаннан кейін өздері қалуға шешім қабылдады. Қызметкерлердің кінәсі жоқ!" – деп жазды ол.
Айта кетейік, 9 қараша күн і кешке экс-экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді. Кейіннен марқұм әйелінің қазасына қатысты жаңа деректер пайда болып, оның жүкті болуы мүмкін екені айтылды.
Сондай-ақ ол бұрын сыбайлас жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталған экс-шенеунік түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққан. Әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар “егер түрмеден босатпағанда, мұндай ауыр қылмыс болмас еді” деп сотқа көңіл толмаушылық білдіруде.