Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі тағы да ұзартылды
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі тағы ұзартылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Прокурорлардың мәліметінше, 14 шілдеде Біртановқа қатысты шектеу шаралары аяқталады. Алайда оның кінәсі немесе кінәсіздігі әлі дәлелденген жоқ. Сондай-ақ бірнеше күн бұрын соталды тергеу аяқталған болатын. Ал қылмыстық іс материалдары жәбірленуші тарапқа танысу үшін берілді. Содан кейін олар Біртанов пен оның қорғаушыларына беріледі. Осыған байланысты мемлекеттік айыптаушы экс-министрге үй қамауын ұзарту туралы өтініш білдірді.
Тараптардың пікірін тыңдаған сот прокурордың өтінішін қанағаттандырып, Біртановқа қатысты шектеу шараларын 2021 жылғы 14 қыркүйекке дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Айта кетсек, Біртановқа қатысты "лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Прокуратура экс-министрдің Тараздан Нұр-Сұлтанға санавиация ұшағымен заңсыз ұшып, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны туралы мәлімдеген.
Сондай-ақ бұған дейін Біртановтың адвокаты экс-министр неге санавиациямен ұшқанын түсіндірген болатын.