Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әріптестеріне коронавирус жұқтырмау үшін тікұшақ қолданған": Біртановтың адвокаты мәлімдеме жасады

Елжан Біртановтың қорғаушылары соттан 14 шілдеде аяқталатын экс денсаулық сақтау министрінің үйқамақта ұстау мерзімін ұзартпауды сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Біртанов

Біртановқа қатысты "лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Прокуратура экс-министрдің Тараздан Нұр-Сұлтанға санавиация ұшағымен заңсыз ұшып, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны туралы мәлімдеген.

Экс-министрдің адвокаты Нұрлан Бейсекеев осы жағдай туралы егжей-тегжейлі айтып берді. 

Біртанов 2020 жылдың 12-13 маусымында Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Сондай-ақ ол сапарда премьер-министр Асқар Мамин да болған. Жұмыс тобының мүшелері Қордай ауданында болып, коронавирусқа қарсы вакцина шығаратын зауыт құрылысының барысымен танысты.

"Белгіленген тәртіпке сәйкес, Нұр-Сұлтаннан жұмыс тобының осы өңірге баруына әуе көлігі ұйымдастырылды. Ашық ақпарат көздерінде айтылғандай, осы сапар барысында Біртанов COVID-19 вирусын жұқтырғаны белгілі болды. Бұл диагноз 2020 жылдың 13 маусымында расталды", – деді Бейсекеев сот отырысында.

Нәтижесінде Біртанов Нұр-Cұлтанның модульдік инфекциялық орталығына жатқызылды. Онда шенеунікте екі жақты пневмония түріндегі асқыну бар екені анықталды. Кейіннен денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты экс-министр Ұлттық жүрек орталығына жатқызылды. Ол жерде 2020 жылғы 23 маусымға дейін емделді. 

Адвокат Біртанов премьер-министр және үкімет мүшелерінің бастарын қатерге тігіп, бір ұшақта Нұр-Сұлтанға орала алмайтынын атап өтті. Өйткені ауруды жұқтыру қаупі жоғары еді. 

Сол қиын кезеңде премьер-министрдің COVID-19 жұқтыруы бүкіл министрлер кабинетінің жұмысына ауыр және қауіпті салдарға әкелуі мүмкін екенін түсінесіздер деп үміттенемін. Президент сол тұста премьер-министр мен денсаулық сақтау министріне COVID-19 таралуын болдырмау жөніндегі штабқа басшылық етуді, төтенше жағдай кезінде халықты қолдауға бағытталған шұғыл шаралар қабылдауды жүктеді", – деп жалғастырды адвокат.

"Үкімет мүшесі бола отырып, оның Нұр-Сұлтандағы тұрақты жұмыс орнына, өзі тіркелген медициналық мекемеге келуіне тура келді. Осылайша, Біртановты Тараздан Нұр-Сұлтанға санавиация көлігімен тасымалдау елдегі төтенше жағдай салдарынан туындаған мәжбүрлі шара болды", – деп түйіндеді Бейсекеев.

Экс-министрді оның туған ағасы Ержан Біртанов та қорғады. Ол санитарлық авиация арқылы тасымалдау туралы жаңа іс 2021 мамырында ашылғанын айтты.

"Елжан Амантайұлы премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің ғана емес, қарапайым азаматтардың да денсаулығына қауіп төндіргісі келмеді. Сондықтан ол үкіметтік бортты да, азаматтық авиакөлікті де пайдалана алмады. Санавиация бортын пайдалануға мәжбүр болды. Бұны премьер-министрдің өзі де құптаған", – деді Ержан Біртанов.

Күдіктінің бауыры өзінің эмоцияға толы сөзінде мұндай қылмыстық іс қозғауды "шектен шыққандық" деп атады.

"Елжан Амантайұлы ем қабылдау үшін Таразда қалудың орнына Нұр-Сұлтандағы жұмысына асықты. Себебі ол коронавирусқа қарсы күрес жүргізу бойынша штабтың тәулікбойғы жұмысын басқарды. Санаваиция ережесі бойынша көлік жетуі қиын аймақтағы адамдарды емдеу үшін дәрігерлер санавиацияны қолдана алады. Ал Елжан Амантайұлы халықты коронавирустан құтқаруға тиісті дәл сол дәрігердің бірі болды", – деп қорытты Ержан Біртанов.

Айта кетсек, қаржылық мониторинг агенттігі бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен вице-министр Олжас Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтағанын мәлімдеген. Біртанов пен Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жарамсыз ақпараттандыру Платформасын қабылдау және пайдалануға беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп күдіктелуде.

Талқылау