Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Біріккен Араб Әмірліктері ОПЕК және ОПЕК+ құрамынан шығатынын мәлімдеді

Мұнай канистралары
Фото: depositphotos.com

Біріккен Араб Әмірліктері 2026 жылғы 1 мамырдан бастап Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) құрамынан және ОПЕК+ форматынан шығатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  WAM агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Араб Әмірліктері мәлімдемесінде бұл шешім елдің ұзақ мерзімді экономикалық стратегиясымен, энергетикалық профилінің өзгеруімен және мұнай өндіруге инвестицияларды арттырумен байланысты екені айтылған. ОПЕК-тен шыққаннан кейін БАӘ нарықта "жауапты рөлін" жалғастырып, сұраныс пен нарықтық жағдайларға қарай мұнай өндіруді біртіндеп арттыруды жоспарлап отыр.

Reuters бұл қадамды ОПЕК пен ОПЕК+ үшін елеулі соққы деп бағалайды. Аталған ұйымдарда Сауд Арабиясы мен Ресей жетекші рөл атқарады.

Шешім әлемдік энергетикалық нарықтағы тұрақсыздық аясында қабылданды. Бұл жағдай АҚШ пен Израиль арасындағы Иранға қарсы соғыс және Парсы шығанағынан мұнай жеткізіліміне қатысты тәуекелдермен байланысты.

Қазақстан үшін бұл жаңалық маңызды, өйткені ел ОПЕК+ форматына қатысып, мұнай өндіру көлемін альянспен келісіп отырады. Сәуір айында Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, БАӘ, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман сияқты сегіз ел мұнай өндіруді түзету мәселесін талқылап, нарық тұрақтылығына бейілділігін растаған еді.

Қазақстан ОПЕК-тің толыққанды мүшесі болмаса да, кеңейтілген ОПЕК+ форматына қатысады. Сондықтан БАӘ-нің шығуы Қазақстанның мәртебесіне тікелей әсер етпейді. Дегенмен, бұл альянс ішіндегі тепе-теңдікке және квоталар бойынша болашақ келіссөздерге ықпал етуі мүмкін.

БАӘ-нің кетуі мұнай нарығына қысымды күшейтуі ықтимал. Бұл Қазақстан үшін ОПЕК+ аясындағы болашақ шектеулер мен міндеттемелер бойынша келіссөздердің күрделене түсуіне әкелуі мүмкін.

ОПЕК – 1960 жылы мұнай өндіруші елдер құрған халықаралық үкіметаралық ұйым. Қазіргі уақытта оның құрамына 13 ел кіреді: Алжир, Ангола, Венесуэла, Индонезия, Ирак, Иран, Ливия, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Нигерия, Сауд Арабиясы және Эквадор.

Еске салсақ, 22 сәуір күні энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресей арқылы Германияға мұнай транзитінің тоқтатылуы туралы ақпаратты растады. Оның айтуынша, Ресей тарапы мұны әлі ресми түрде растаған жоқ. Алайда бейресми арналардан алынған мәліметтерге сәйкес, мамыр айына арналған транзит іс жүзінде тоқтатылған.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 18:28