"Көлеңкеге байламай, су бермей, қинап қояды": Алматылықтар Медеуде қызмет еткен жылқылардыңң мүшкіл жағдайына шағымданды

Медеу паркіне қыдырып барған тұрғындар онда жануарларды қинап, еңбекке жегіп қойғанына шағымданды. Желіде тараған видеода жылқы мен қашыр күн ыстықта тұрып ұйықтап тұрғанға ұқсайды. Оның үстіне су ішпей әбіржіген. Мұны көрген алматылықтар жануарларға аяушылық танытпағандардың қызметіне жүгінбеуге шақырды. Істің мән-жайын Stan.kz ақпарат агенттігі жауапты мекемелерден сұрап көрді.
Медеу паркіндегі жағдайды Анжелина есімді алматылық видеоға түсіріп, пікір білдірді.
"Байғұс жануарлар арқылы ақша табуды қашан қояды? Аттар күннің астында тұр, қалғып кетіп жатыр, әбден шаршаған. Ер адамдар қамшы ұстап отырды. Мен олардан ең болмаса су беруін сұрадым, олар қолдарын бір сілтеді. Өздері көлеңкеде, бастарында кепка. Құдай-ау, егер тірі жанға жауапкершілік алсаңыздар, дұрыс күтім жасаңыздар, ақша тауып отырсыздар ғой. Қазақстанда жануарларға қатысты осындай бассыздық қашан тоқтайды? Таратыңыздар. Егер біреу сол жақта болса, мүмкін ыдыспен су немесе қандай да бір жеміс апарып берерсіздер. Келесіде барсам, мен де апарамын", – деп пікір білдірді ол.
Тұрғынның бұл сөзін желі қолданушылары қолдап отыр. Алматылықтардың біразы мұндай жағдайға бұрын да ресми түрде шағымданғанбыз дейді.
- "Біздің көз алдымызда екі жігіт аттарды қатты ұрып, оларды Медеуден баспалдаққа қарай айдап бара жатты. Аттар шаршаған, тіпті бәлкім аш болған сияқты көрінді. Бұл жағдайға қарау өте ауыр".
- "Таратып отырмын. Жазда Көлсайға бардым, ол жақта да аттарды аяусыз пайдаланады. Айнала у-шу, музыка ойнап тұр, адамдар көп, ал бейшара аттар осының бәрінің ортасында адамдарды тасып жүр. Ол жақта беткейлер тік, ал шабандоздар оларды ұрып, тезірек жүгіруге мәжбүрлейді. Аттар арық, титықтаған, ал иелеріне бәрібір, көбірек ақша тапса болды. Осындай қатыгездерге тезірек шара қолданылса екен".
- "Мен бұл туралы былтыр да жазғанмын, бірақ жағдай мүлде өзгермеді. Аттар қыс пен жазда сол жерде қалай тұрса, солай тұр. Олардың қандай жағдайда екені – бөлек мәселе. Жем туралы нақты айта алмаймын, бірақ сырт келбеті, жұмсартып айтқанда, жақсы емес. Бұл жерде тағы бір мәселе бар: тезектің иісі. Ол барлық жерде. Иісі Денсаулық баспалдағына дейін жетеді. Әсіресе қыста жүру мүмкін емес: өткір, тұрақты иіс алыстан-ақ сезіледі".
Дегенмен жануарға аяушылық танытуды да сынағандар табылды. Заты мал болған соң да бізге бәрі басқаша көрінуі мүмкін дейді олар. Сөздерінше, жылқылар шаршамаған, әбіржімеген, су үшкен болуы мүмкін, тек адамға солай көрінеді-мыс.
"Видеоны таратыңыздар, су, жеміс апарыңыздар…". Мына сөз әдемі естіледі, бірақ эмоциясыз қарайық. Жұмыс аттарының иелері бар және негізгі талаптарға сай, оларға су да, жем де беріледі. Онсыз жануар жүре алмайды. Ат жүдеп кеткен емес: ол жай ғана тыныш тұр, бұл – қалыпты демалып тұрғаны. Егер жағдайы шынымен жаман болса, оны мінез-құлқынан байқауға болар еді. Өздеріңізді күнде күтім жасайтын адамдарынан артық қамқор болатындай етіп көрсетудің қажеті жоқ. Оның суы да, жемі де бар, ол кездейсоқ "көмекке" мұқтаж емес", – дейді желі қолданушы.
Енді бірі жануар бұрыннан осылай ұйықтайды деп жазды.
"Аттардың күннің астында қалғып тұруы – қалыпты. Адам "бейшара шаршаған ат" деп көретін нәрсе – жануар үшін жай ғана демалыс түрі. Олар үшін 4 сағатқа дейін тамақсыз болу да қалыпты. Қалыпты емес нәрсе – қырыққабат пен нан беруді ұсыну. Су туралы нақты айта алмаймын, бірақ кейбір адамдар өздерімен бірге жиналмалы шелек пен су әкеліп, аттарды суарады. Барлық ат үнемі су іше бермейді. Жануарларды адам сияқты ойламаңыздар, олардың ағзасындағы процестер басқа", – дейді тағы бір алматылық.
Дегенмен алматылықтар жануарларға қатыгездікті ақша төлемеу арқылы азайта аламыз деп кеңес етті. Желі қолданушының сөзінше, ол үшін жануарға қатысты қызметтен бас тартып, оған ақша жұмсамауға әдеттену керек.
"Бұл ақша әкеліп тұрғанша жалғаса береді. Демек:
– қала ішінде атпен серуендеуге ақша төлемейміз
– жануарлармен суретке түспейміз
– ат жеккен арбамен жүрмейміз
– шетелде пілдерге/түйелерге мінбейміз
– контакт зоопарктерге бармаймыз
– жануарлар бар цирктер мен дельфинарийлерге бармаймыз
– зоопарктерді алдын ала қараймыз: торлары тар болса, бармаймыз. Егер қорыққа ұқсас болса, шамамен жарайды", – деп пікір білдірді ол.
Stan.kz сайты Медеу паркінен пікір сұрады. Дегенмен парк жылқылар тұрған маң "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің балансына тапсырылғанын айтты.
"Аталған аймақтағы техникалық жолдан бастап аумақ Алматы әкімінің 2010 жылғы 6 қазандағы № 4/657-3190 қаулысы негізінде уақытша пайдалану үшін беріліп, "Қазселденқорғау" ММ балансына тапсырылған. Бүгінде көрсетілген видеоматериал "Қазселденқорғау" қызметкерлеріне жолданды. Аттардың иесін анықтау, сонымен қатар олардың бұл аумақта болу мақсаты анықталып жатыр", – делінген Медеу паркінің жауабында.
Осыдан соң "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесіне хабарластық. Қызметкерлерінің сөзінше, жылқы мен қашыр тұрған аймаққа "Қазселденқорғау" жауапты. Дегенмен мекеме учаскелік полиция жылқы иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін айтты.
Жағдайға эколог Тимур Елеусізов те пікір білдірді. Ол жалпы жануарды ойын-сауыққа пайдалануды құптамайтынын айтты.
"Жануарлардың жағдайына келсек, кадрлардан көріп отырғанымыздай, олар тікелей күн сәулесінің астында, су да, жем де көрмей, қатты шаршаған. Соның салдарынан жылқы осындай күйзеліске түскен, әлсіреген жағдайда тұр және дәл осы күйінде жалға беру үшін пайдаланылып жатыр. Әдетте иелері – жергілікті тұрғындар. Олар 5-6 немесе 2 ат ұстап, жалға беріп, қиын жағдайда, жұмыссыздық жоғары кезде күн көру үшін пайдаланады. Олар мәжбүрлі түрде жылқы сияқты үй жануарларын табыс көзі ретінде қолданады. Бірақ мен, шынын айтқанда, осындай "ресурсты", яғни жылқыларды пайдалануға қарсымын, әсіресе ерекше қорғалатын аумақтарда. Өйткені "Медеу" паркі – ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Оған қоса бұл жылқылар бөгет аумағында тұр деп ойлаймын", – деп пікір білдірді Тимур Елеусізов.
Эколог бұл істі әкімдік пен парк әкімшілігі бірлесіп реттеу қажет екенін айтып отыр.
"Жалпы әкімдік пен "Медеу" паркі бірлесіп осы мәселелерді реттеуі керек, яғни ұлттық парк аумағында және бөгетте кез келген коммерциялық қызметке жол бермеуге тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, біз әрекетсіздікті, тіпті әдейі әрекетсіздікті көріп отырмыз. Бәлкім, парк басшылығы деңгейінде қандай да бір келісім бар шығар. Негізі, мұндай жерде ешқандай коммерция болмауы керек, өйткені бұл – ерекше қорғалатын табиғи нысан, "Медеу" паркі", – дейді ол.
Осы іске қатысты Алматы қаласы прокуратурасына хат жолдадық. Жауап келгеніне қарай материал толығады.
Сонымен қатар біз Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жүгіндік.
"Еркекке айналып, жас қыздармен қатынасқа түседі": Қазақстандық әйелдер түрмедегі былықтарды жайып салды