Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біреуге айтсаң, түрмеге отырасың": Алматылық әйел пәтерін сатып, несие алып, алаяқтарға 23 млн теңге аударған

Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Белгісіз біреулер құрбандарға телефон арқылы хабарласып, өздерін полицей ретінде таныстырады. Олардың атынан қарыз рәсімделейін деп жатқанын хабарлап, оның алдын алу үшін бірнеше несие алуды талап етеді. Ал кейбірін тіпті, баспанасын сатуға мәжбүрлейді. Кейін жалған полицейлер ақшаны шотқа аударуды, сол арқылы алаяқтарды табуға көмектесуді сұрайды. Ал “арнайы операция” жайлы біреуге тіс жарып айтуға болмайды. Өйткені қылмыстық жауапкершілік көзделген деп қорқытады. Көпшілігі сеніп, қорыққандарынан алаяқтардың барлық айтқандарын орындайды. Алматылық әйел де пәтерінен солай айырылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап. 

"Дүниеге келгелі осында тұрып келе жатырмыз. Анам алаяқтарға алданып қалды. Әлдебіреулер арбау жолымен оны пәтерді сатуға мәжбүрлеген. Анам пәтерді сатты, енді көшуге дайындалып жатырмыз. Бүгін соңғы күн, пәтерді босатуымыз керек. Көшуге бәрі дайын. Әрі қарай не істеу керектігін білмейміз", - дейді зардап шегушінің ұлы Рамиль Гаязов.  

Пәтердің экс-иелері жиһаз бен заттардың көп бөлігін шығарып үлгерген. Отбасы алаяқтардың кесірінен далада қалып отыр. 

Олар қарт әйелге хабарласып, әлдебіреу пәтерді кепілге қойып, оның атынан несие рәсімдеп жатқанын хабарлаған. Оны сақтап қалу үшін пәтерді тез арада сатып, ақшаны "полицейлердің" қарауына беруді сұраған. Пәтер нарықтағы құнынан 1,5 есе арзан бағаға небәрі екі сағатта сатылып кеткен. Ал зейнеткер түскен ақшаны берілген шотқа аударған. 

Осылайша ақша алаяқтардың қолына түседі. Ұлының айтуынша, полицей-сымақтар анасын түрмеге отырғызамыз деп қорқытқан. Сондықтан әйел пәтердің сатылымы туралы жақындарына да айтпапты. 



"Полицеймін деп таныстырған. Алдымен ақшаны бізге аударасыз, кейін алаяқтарды ұстаған соң, кері қайтарамыз, ал сатып алу келісім-шартының күшін жоямыз, деген. Онымен қоса: "Сіз бұл істе қатысушы, куәгерсіз, біздің қызметкерсіз. Ақпарат құпияда сақталу керек. Біреуге айтар болсаңыз, сізді отырғызамыз", - деп қорқытқан", - дейді әйелдің ұлы. 

Зардап шегуші Вера Канарованың айтуынша, бұған дейін оған банктен хабарласып, атынан жарты миллион теңгеге жуық несие рәсімделетінін айтқан. Ақшаны сақтау үшін оны көрсетілген реквизитке жіберуде сұрапты. Кейін белгісіз біреулер әйелге қайта хабарласып, тағы да қарызға кіруі мүмкін екенін айтып, 2,5 млн теңге несие алуды талап еткен. Зейтнеткер алаяқтардың бүкіл дегенін орындап, ақыр соңында оларға 23 млн теңге ұстатқан. 

"Қай банкке барып, несие сұрайтынымды айтып отырды. Ол жерде өтінішімді кері қайтарса, басқа банк тауып беріп отырды. 
Мұның барлығы полицияның бақылауында деді. Мен соған сеніп қалдым", - дейді жәбірленуші Вера Канарова.

Полициядағылардың айтуынша, биыл мұндай жағдайлардың саны артқан. Бірақ қылмыскерлерді анықтау қиын болып отыр. Айлакерлер үнемі жаңа нөмірлерден хабарласып, түрлі қулыққа барып отырған. 
Алматы қалалық полиция департаменті аталған фактінің тіркелгенін және қылмысты әшкерелеу үшін жедел тергеу тобының құрылғанын хабарлады. Сондай-ақ, тұрғындарға сақ болуды, телефон арқылы бейтаныс адамдармен байланысқа түспеуді сұрады. 
 

Талқылау