Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біреудің несиесін жауып, біреудің көлігін жөндеген": Алматы облысында 14 жасар оқушының өлімін ата-анасы әлімжеттіктен көреді

Алматы облысында көз жұмған 14 жастағы Айболаттың туыстары оқушының өліміне әлімжеттік себеп болды дейді туыстары. Қара жамылған отбасы ұлымызды жоғарғы сыныптың оқушылары мен студенттер соққыға жыққанына сенімді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Айболат

Себебі, ауылдың сотқарлары өзінен жасы кіші балалардан үнемі ақша жинап күш көрсетеді дейді марқұмның жақындары. 

Іш-құрылысына зақым келген 9-сыныптың оқушысы үш күн бұрын ауруханада бақилық болған. Қайғылы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Ауруханада көз жұмған 14 жастағы Айболатты туыстары 16 наурызда жер қойнына тапсырыпты. Бұл қаза тұтас бір әулетке ауыр соққы болған. Қара жамылған отбасы қайғылы оқиғаға әлімжеттік себеп дейді.

"Үйге он жарым, он бір кезінде келді. Келді де, құсты. Құсқан соң жедел жәрдем шақырдым. Міне, балаңызды көріңіз, ішектері жарылып іріңдеп кеткен. Ішін қатты соққан, қан ұйып қалған деді. Балам сап-сау жүрген. Осындай болады деп ойламадым", - дейді марқұмның анасы Сайрат Ұғыбай.

Айболаттың телефонын қарап шыққан жақындары ауылдың сотқарлары өзінен жасы кіші балаларды бопсалап, үнемі ақша жинайтынын біліпті.

Айболатқа қатарластары жіберген аудио-хабарламалардан байқағанымыз, 9-сыныптың оқушылары үлкендердің тапсырмасын бұлжытпай орындайтын көрінеді.



Айболаттың ағалары ініміз таяқ жеп, ауыр жарақаттан бақилық болғанына сенімдіміз дейді. Бірақ әлі ешкімнің қамауға алынбауы көңілге күдік ұялатыпты.

"Марқұм болған Айболаттың телефонынан жоғары сынып оқушыларының ақша сұрағанын, қанша сұрағанын, не үшін сұрағанына дейін жазылған. Біреудің Kaspi red-ін жауып берген. Біреудің машинасын жөндеуге алған. Біреуге кальян әкеп берген. Бірақ Еңбекшіқазақ ауданы полициясы бөлімінің іс-әрекеті түсініксіз. Тергеудің әділ жүргілуін сұрамаймыз, талап етеміз", - дейді Айболаттың ағасы Талғат Нұрман.

Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Полиция мәйітті тексеру барысында марқұмның денесінен зорлық-зомбылықтың белгілері табылмағанын жеткізді.

"Арыз ҚР ҚК 106-бабы бойынша тіркелді. Мәйітті тексеру хаттамасында баланың денесінде зорлық-зомбылықты өлім белгілері жоқ екендігі анықталды. Өлім себебін анықтау үшін қажетті сұрақтар қойылған сот - медициналық сараптама тағайындалды", - дейді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Баланың өліміне нақты не себеп болғаны сот-медициналық сараптама қортындысынан кейін белгілі болады. Ал қайғыдан қан жұтқан отбасы тергеу әділ жүргізіліп, кінәлілер тиісті жазасын алуын талап етеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында аудандық ауруханалардың бірінде 14 жастағы жасөспірім көз жұмғаны жазылған.

Талқылау