Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада велосипед мінген баланың үстінен көлік басып өткен: Қапыда ұлдарынан айырылған ата-ана істің созылып жатқанына наразы

"Кінәлілер жазадан жалатырып кете ме деп қорқамын...". Астанада оқыста жеті жасар ұлынан айрылған ата-ана осылай дейді. Оқиға былтыр шілде айында болған. Аулада велосипед теуіп жүрген ойын баласын жол талғамайтын көлік үстінен басып өткен. Оқушының ата-анасы істі әдей созып отырғанына сенімді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Арман Атаханова

Арада жеті ай уақыт өтсе де, іс сотқа жетпей жатыр, дейді жәбірленуші тарап. Көлік тізгініндегі азамат жазасыз қала ма деп алаңдаулы. Бір рет жабылып, қайта қозғалған іс қазір прокуратураның бақылауында.

Қапияда ұлынан көз жазып қалған ана тіпті құлыншағымен тілдесіп те үлгермепті. Содан бері жарты жылдай уақыт өтсе де, істің сотқа жетпей келе жатқанына қапалы.

"Баламды жеті жасқа дейін мәпелеп, ешкімге сөз айтқыздырмай өсірдім. Ал енді бір күннің ішінде бір қыз менің баламның үстінен басып өтіп кетіп, тыныш қана өмір сүріп жүр. Бұл қалай болған?! Әділетті емес! Маған сол әділеттілік керек!", - дейді жәбірленуші Арман Атаханова.

Шілденің уайымсыз бір күнінде велосипед теуіп, үйден дін аман кеткен баламды сол кезде соңғы рет көргенімді білмедім дейді анасы. Оны қаққан көлік тізгінінде 1994 жылғы қыз болыпты. Бірақ оның өзі Ержігіттің ата-анасының алдына тек үш айдан кейін келіпті.

"Бір рет әкешешесі келді, әкесі келді де: "Қызым түрмеге шыдамайды..." деді. Менің балам да өлімге шыдайтын бала емес еді. Ол да қандай жағдайда болды. Ол қиналды ма? Мен күттім. Келсе екен... Ең бірінші баланы көрген сол қыз болды ғой деп...", - дейді Атаханова.

Анасының айтуынша, сол күні рульде болған қыздың ата-анасы кешірім ретінде қаражат ұсыныпты. Бірақ ақша маған ұлымды қайтарып бермейді деп қайғырады ол.



Мән-жайды бастан-аяқ жазып тұрған жалғыз бейнебақылау камерасы ғана екен. Бірақ оның өзінің алдын әлдебір көлік көлегейлеп қалған. Ал айналаны қоршаған өзге де бейнебақылау камералары болғанымен, олар белгісіз себеппен жұмыс істемей қалыпты.

Жол талғамайтын көлік велосипед мінген баланы басып өтіп, 200 метрге барып бір-ақ тоқтаған. Камера жазбасы да, сараптама да мұны растап тұр. Бірақ тергеушілерге бұл да жеткіліксіз болып, сараптаманы бірнеше мәрте жасатқан. Жәбірленуші тарап осылай күдіктілер жазадан жалтарып кете ме деп қорқады.

"Хюндай Туксон автомобилінің жүргізушісі жолқозғалыс ережесін бұзған. Ол жолында кедергіні байқағанда дереу көлігін тоқтатуы керек болған. Бірақ ол тәртіп сақтамаған. Бірнеше мәрте сараптама жасалып, 2023 жылдың 31 қаңтарында іс сотқа жөнелтілгенімен,Сарыарқа ауданы прокуратурасы 9 ақпанда істі кейін қайтарды. Біз шешіммен келіспейміз", - дейді жәбірленуші тараптың адвокаты Серік Құсайынов.

Астана қаласы прокуратурасы да істің қосымша тергеуге қайтарылғанын растады. Бірақ бұл іс біздің бақылауымызда болады деген ресми жауабында.

"2022 жылдың 14 шілдесінде Астана қаласы полиция департаменті ҚР ҚК Әкімшілік құқықбұзушылық туралы 345-бабы, 3 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған еді. Сол жылы 26 қазанда қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған. Ал аудандық прокуратура бұл шешіммен келіспей, мән-жайды жан-жақты, объективті зерттеу үшін арнайы нұсқаулар берді. 2023 жылдың 31қаңтарында тергеу нәтижелері бойынша айыптау актісімен қылмыстық іс прокурорға жіберілді. Ал осы жылдың 9 ақпанында қылмыстық іс қосымша тергеуге қайтарылды. Тергеу барысы прокуратураның бақылауында", - делінген жауапта.

Бауыр еті баласынан айырылған ата-ана әділдік үшін аяғына дейін баратынын айтады. Себебі, кінәлілердің жауаптан жалтарып кеткенін қаламайды.

Талқылау