Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

17 сағатқа кешіккен Fly Arystan рейсінің жолаушыларын қайта тіркелгені үшін ақы төлеуге мәжбүрлеген

Жолаушы Fly Arystan әуе компаниясының қызметіне шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: astanatimes.com

Насима Қорғанбекова есімді Facebook қолданушысы 7 қаңтар күні Алматы-Өскемен бағытындағы KC7171 рейсімен сағат 15:55-те ұшуы керек болған. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты рейс бір күнге кешіктірілген. 

"Қысқаша айтқанда, егер мен Қазақстаннан көшіп кететін болсам, оған бірден бір себеп – Fly Arystan әуе компаниясы. Кеше сағат 15.55-те Алматыдан ұшуымыз керек болған. Бірақ рейс үш рет ауыстырылды. Соңында бүгін 9.30-да ұштық. Әуе компаниясының өкілдері мұны ауа райына байланысты дейді. Мен келісемін, әрине қауіпсіздік маңыздырақ. Бірақ су, тамақ беріп, кешірім сұрамады.

Қымбат билетке қоса (50 мыңға жуық) таксиге 10 мың теңге жұмсадым (туыстарыма барып, түнеп қайтып келу үшін), тамаққа тағы 15 мың, сосын тағы 5 мың жұмсаймын. Демек, бір жақты сапардың өзі осыншалықты қымбатқа түсті деген сөз.

Сондай-ақ бүгін таңертең мені аэропортта қайта тіркеуге мәжбүр етті. Себебі біздің тіркеу 7 қаңтарда еді. Ал бүгін 8 қаңтар. Тіркеу үшін тағы 2 мың теңге алды. FlyArystan-нан менің 2 мың теңгемді қайтарып беруді талап етемін. Мен өз тиынымның сіздің авиакомпанияңызға кеткенін қаламаймын!", - деп жазды шағымдаушы. 

Аталған жағдайға байланысты Stan.kz FlyArystan әуе компаниясына сұрау жіберді. Әуе компаниясы 7 қаңтар күні Алматы - Өскемен бағытындағы KC7171 рейсі ауа райының қолайсыздығына, тұманға және Өскемен қаласындағы қону минимумының төмен болуына байланысты кейінге қалдырылғанын хабарлады. 

"Арызданушы өтемақыны қарастыру үшін мессенжерде жеке хабарлама арқылы жіберілген мекенжай бойынша тұтынушыларға қызмет көрсету бөліміне ресми өтініш жазуы тиіс. Сондай-ақ FlyArystan әуежайда ақылы тіркелу қызметін көрсетеді.

Дегенмен, біздің жолаушылар әрқашан FlyArystan қолданбасы немесе flyarystan.com веб-сайты арқылы онлайн тегін тіркеле алады. Ұшудан 30 күн бұрын тегін тіркелуге болады. Онлайн тіркелу ішкі рейстер үшін ұшуға 40 минут қалғанда жабылады", - делінген компания хабарламасында. 

Сондай-ақ авиакомпания осы рейстегі жолаушылар сусын және тамақпен қамтамасыз етілгенін хабарлады.

"Егер жолаушылар өкілдермен байланыса алмаса, төлемді растайтын құжаттарды ұсынған кезде әуе компаниясы азық-түлік шығындарын өтеуге дайын. Өтемақыны қарастыру үшін сіз мессенджерде жеке хабарлама арқылы сізге жіберілген мекенжай бойынша тұтынушыларға қызмет көрсету бөліміне ресми өтініш жаза аласыз", - делінген хабарламада.

Талқылау