Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір тиын да төлемеді: Ұзату тойларында хитке айналған әннің авторы Салтанат Бақаеваға ренішін жеткізді (видео)

Танымал әнші Салтанат Бақаева орындап жүрген «Әгугәй, құрбым» әні бүгінде қыз ұзату тойларында хитке айналған. Алайда әнші тойларда сұранысын арттырған әннің авторына бір тиын да төлемеген көрінеді. Қазақ эстрадасында шырқалып жүрген 100-ден аса әннің авторы, ақын Назерке Семей Бақаеваға өз ренішін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бір тиын да төлемеді: Ұзату тойларында хитке айналған әннің авторы Салтанат Бақаеваға ренішін жеткізді (видео)

Бұл туралы белгілі тележүргізуші Бибігүл Дәулетбекқызы Instagram желісіндегі парақшасында жазды.

«Бибі әпке, сіздің көмегіңіз керек. Мен – бүгінгі таңда қызды ұзатар алдында айтылып жүрген «Әгугәй, құрбым» әнінің авторымын. Жас ақынмын. Қанатым қырылып, жүрегім қан жылап жүр. Сізден көмек сұрап отырмын», –  деп бастапты сөзін тележүргізушіден көмек сұраған ақын.

Журналистің сөзінше, ол жас ақынмен ұзақ сөйлесіп, жанында жатқан мұң мен шерге қанық болыпты. Күрсінген дауысынан – қобалжығандық, көмейінде өксік тұрғандай болып сезілді, дейді Дәулебтекқызы.

«Неге мені пайдаланады жұрт? Олар сонда мен арқылы нанын тауып жеп жүр ғой. Олар менің дауысымды барлық тойларда пайдалануда. Аңғал халық сол пайдакүнемдерге сеніп, фонограммасы үшін ақша төлеп отыр. Керек десеңіз, әнші Салтанат Бақаева бұл ән үшін бір тиын да төлемеді. Жарайды, жас ақынмын ғой деп қолымды бір сілтедім», – дейді Назерке Семей журналистке айтқан әңгімесінде.

Жас ақынның сөзінше, біраз уақыттан кейін Салтанат Бақаева хабарласып, ән жазып беруін сұраған.

«Қыз ұзатуда ішке кіргізерде бір ән жазып жатыр едім, өлең жазып бересің бе?» – дегеннен кейін, өлеңнің тақырыбын «Әдемі-ай» деп қойдым да, жібердім. Содан кейін оған: «Салтанат, кешіріңіз, маған 50 мың теңге төлесеңіз», – дей берген едім, әлгі жерде ол ашуланып: «Ондай ақша менде жоқ! Берсем – 20 мың теңге!» – дейді. Артынша басқа ақынды тауып, менің өлеңімнің атына дейін алып, шығарып жіберді.

Жүрегім қан жылады. Сол күнгі күнім жылаумен өтті…», – дегенде, Назеркеге қатты жаным ашып кетті», – деп ақын Назерке Семейдің өзіне айтқан әңгімесінен үзінді келтірді Бибігүл Дәулетбек.

Өз кезегінде Дәулетбекқызы әнші Салтанат Бақаеваны сынға алып, «Әгугәй, құрбым»  әні арқылы халықтың ықыласына бөленгенін басып айтты.

«Кісі ақысын жегендердің жақсы болып жатқанын көрмедім. Шындығымды айтсам сол Салтанат Бақаеваны кезіндегі «Арнау»-дан кейін жөні-түзу бір әнін естімеген едім. Осы «Әгугәй» әнінен кейін қайта халықтың ыстық ықыласына бөленді емес пе?

Салтанат Бақаева қаншама тойларға барып жүр. Сол тойлардан мыңдаған емес, миллиондаған табыс табуда. Елу мың теңге үшін жылағанына жол болсын. Ақша – қолдың кірі. Бүгін сен біреуді жылатсаң, ертеңгі күні сені де біреу жылатады.

Ал, тойларда осы әнді Назеркенің дауысымен жазылған плюсовкамен айтып жүрген «фанерщиктер», Құдайдан қорықсаңдар нетті?! Мына мәселені Мұхамеди жақсылап қолға алу керек! Не болып кетті өзі, өңкей плагиатшылар мен алаяқтар қаптап бара ма елімізде?! Сөзім жоқ!» – деп түйіндеді сөзін Бибігүл Дәулетбекқызы.

 

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау