Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүргізушілердің жағдайы қиындаса, такси қымбаттайды: Сенатор автокөлікті лизинг арқылы сатып алу мәселесін көтерді

Сенат депутаты Жанна Асанова жалдамалы көлікпен табыс тауып жүрген такси жүргізушілерінің мәселесін көтерді. Үкіметке сауал жолдаған сенатор еліміздегі автопарктердегі бірқатар маңызды мәселелерді де атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сенатор Жанна Асанованың айтуынша, үкіметтің лизинг арқылы сатып алуға қолдауды алып тастау бастамасы такси жүргізушілері мен такси парктеріне мәселе туғызуы мүмкін. Өйткені қазір автопарктер отандық көліктерді лизингке алып, оны көлік жүргізушілеріне жалға береді.  Ал жүргізушілер көліктерді біртіндеп жекеменшікке сатып алады.

Сенатордың мәлімдеуінше жалдамалы көлікпен жүретіндердің көбі такси жүргізушілері. Олардың саны шамамен 18 мыңды құрайды. Тағы 14 мың адам кезекте тұр. 

"Бір көлік үш адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Өйткені бір отбасының мүшелері немесе достар ауысып істейді. Осылайша, барлығы жалға алған көліктің ақысын бірге төлеп жүреді. Бір адам күніне 20 сағат жұмыс істесе, 30 мың теңгедей табады. Ал жалға алу ақысын, амортизация мен жанар-жағармайды алып тастағаннан кейін таза 7 мың теңге қалады", – деді Асанова.

Асанова атап өткендей, такси жүргізушісінің табысы Қазақстандағы орташа жалақыға сәйкес келеді, ол 2022 жылы 204 мың теңгені құрайды. Жүргізушінің күнделікті табысының үлесі сапар құнының 30-50%-ын құрайды.

Сенатор бұл салада  көбіне өзге аймақтардан келген азаматтар және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүшелері жұмыс істейтінін айтты. Ал егер субсидияны алып тастаса, көлікті жалға алу құны атып, такси жүргізушілердің табысы азайып қалады. 

"Олардың жағдайы нашарлайды, осы салада қалып жұмысын жалғастырғанымен, олардың табысы ең төменгі жалақыға да жетпей қалуы мүмкін. Такси жүргізушілерінің жағдайы қиындаса, қызмет бағасы және көліктің саны да өзгеруі мүмкін", – деп атап көрсетті сенатор.

Сенатор үкімет басшысына лизингтік бағдарламаларды өзгертпей, сақтауды сұрады. Немесе субсидиялау шарттарын өзгертуді ұсынды. 

Алайда, сенатор қазір салалық мемлекеттік орган субсидияларды алып тастауды жоспарлап отырғанын, бұл автокөлікті жалға алу құнының ұлғаюына әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде жүргізушілер табысының, тиісінше олардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеп соқтырады.

Талқылау