"Бір бума ақша ұстатты": Балғынбек Имаш Болат Назарбаевтан көрген жақсылығын айтты
Айтыс өнерінің дүлдүлі, ақын Балғынбек Имаш алғаш рет қоғамдағы болып жатқан оқиғаларды талдап, көлемді сұхбат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі TalkLike жобасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол Болат Назарбаев мұрындық болған іс-шараларға жиі қатысады.
“Бір мерейтойына барып қалдық. Таныс жігіттер шақырып, үйіне бардық. Ауласына қонақтарын күтті. Құлманбеттің айтысын жасап, сол жерде тұрып қатар-қатар төрт жігіт айтыстық. Бір кезде Болат аға көмекшесін шақырып, үйіне жұмсады. Сүт пісірім уақыттан кейін оралған бір бума ақшаны төртеуімізге ұстата салды. Ол кісінің әртістерге гонарарын артығымен төлейтіні рас. Оның алдында гонарарын алдын-ала төлеп қойған. Келіскен бағамыздың ақшасын салып жіберді. Кейін санасақ қолымызға ұстатқан ақша 10 мың АҚШ доллары екен. Ол ақшалардың қайдан келіп жатқанын білмейміз. Бірақ өнерімізге берген сый деп қабылдадық”, – дейді айтыскер.
Алайда Балғынбек Имаштың айтуынша, Болат Назарбаев қазақ тарихында ешкім емес.
“Ол кісі тұңғыш президенттің кенже інісі болып қалады. Басқа ештеңе айта алмаймын. Болат Назарбаевтың адамдарымыз деп оның атын жамылып, қоқаң-лоққы көрсетіп жатқандарды көзбен көрдік. Істің ақ-қарасын ажыратсаң, Болатқа мүлдем қатысы жоқтар шығады. Осындай жағдайда ол сүйкімсіз көрініп қалатыны бар. Ағамыз өте ұзақ төсек тартып жатты. Алла сол арқылы оның күнәсін кешіргісі келген шығар”, – дейді Балғынбек.
Айтыскер ақын Болат Назарбаевтың балаларымен дос екенін де жасырмады.
“Ағамыздың үлкен ұлы Нұрболды жақсы танимын, сапарлас болдық. Бес уақыт намазын тастамайтын дінге адал жігіт. Кейінгі кезде бизнестерні харам нәрседен тазартты. Әкесінің де Исламда рұқсат етілмеген бизнестерін жауып атстады. Қаншама мешіт салды. Өзінің туған жерін гүлдендірді. Бір перзенттің болса, Нұрболдай болсын деп тіле. Болат ағамыз төсек тартып жатып қалғанда бүкіл шаруасын тастап, әкесінің бас жағында отырып, күн демей, түн демей аузына су тамызып отырып бақты. Қалтасын санап, ақшаның қайдан келіп жатқанын сұраудың өзі ыңғайсыз. Менің қолыма ұстатқан 10 мың АҚШ доллары өнерім мен қызметім үшін берілді. Оған харам болса да, сен оны маңдай теріңмен алып тұрсың. Сен үшін ол адал жолмен және еңбекпен келген ақша болып есептеледі”, – дейді өзі.
Еске салайық, 13 қараша күні Болат Назарбаев дүниеден өткенін жазған болатынбыз.