Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір баланың екі анасы": Әлем аралап, ғашық болып, ұл туған сиам егіздерінің өмірі

Сиам егіздерінің дүниеге келуін ғылым бұрынырақта зерттеп, түсіндіріп берді. Десе де, әлі күнге дейін ерекше жаратылыс иелеріне адамдар көз сүзе қарайды. Бір кездері мұндай балаларды ақша үшін көпшіліктің алдына да шығарған. Мұндай тағдыр Роза және Жозефа Блажекті де айналып өтпеді.

Қыздар 1878 жылы Богем ормандарының ішінде жоғалып кеткен кішкентай ауылда Блажековтар крестьян отбасында дүниеге келген. Туа салысымен, ауыл тұрғындары түрлі қауесеттер таратып, қыздардың ерекшелігіне анасын кінәлаған. Әйел екіқабат кезде көріксіз, мүгедек жандарға қарап қойған деп өзара сыбырласты жұрт. Ал ол кездегі наным бойынша, екіқабаттардың науқастарға көз салғаны дұрыс деп есептелмеген. 

Ал содан екі жыл бұрын ғана дені сау қызды дүниеге әкелген 22 жастағы бейбақ ана бәрінен де қатты қорыққан. Бір қарағанда қарапайым қыздарға ұқсағанымен, денелерінің төменгі бөлігі бірігіп кеткен. 

Жаңа туған қыздарды анасы бірден сиқыршыға алып барған. Ол өз кезегінде сайтанның ісі ме деп күдіктенеді.

Роза мен Жозефаның анасы екеуіне 8 күн тамақ бермеу кеңес беріледі. 

Қандай да бір ғажаптың күшімен қыздар аман қалады, мұны анасы көктен берілген белгі деп есептейді. Одан бөлек, сиқыршы балалардың ерекше қамқорлыққа мұқтаж екенін айтады. Сонымен жолдары екіге айырылады. 

Роза мен Жозефа сырттай бір-біріне қатты ұқсағанымен, мінездері, болмыстары қарама-қайшы болып шықты. Роза жеңілтек, бір орнында отыра алмайтын қыз болса, Жозефа ұяң, уайымшыл әрі көптің көзіне түскенді ұнатпайтын. Десе де, екеуі туғаннан бір-бірін жақсы түсінетін. Ренжіспейтін, қажет кезде бір-бірін қолдап отыратын.

Чех ғалымдары оларды ұдайы бақылауда ұстап, медициналық еңбектерін арнады. Ол шақта сиам егіздерін көпшілік "құбыжық" деп атайтын. 



Тексеріс кезінде қыздардың өз жастарына сай дамып жатқаны анықталған. Дәрігерлердің назарын аударған тағы бір жайт, қыздардың бірі сергек отырған кезде екіншісі емін-еркін ұйықтаған. Әрқайсысының ұнататын тағамдары, асқа деген тәбеттері мен суға деген қажеттіліктері әртүрлі болған. Тіпті олардың жүрек қағыстары мен пульстері бір-бірінікіне ұқсамаған. Олар тіпті кезекпен жүрген. Яғни біреуі жүрсе, екіншісі аз ғана қолғабыс етсе жеткілікті. Көбінесе жүру кезінде үш аяқты қолданғандары айтылады.

Жергілікті дәрігерлер қыздардың ата-анасына тез арада ақша жинап, Роза мен Жозефаны мықты мамандарға (мысалы Париждегі) көрсетуге кеңес береді. Отбасы онда 1891 жылы, қыздар 14 жасқа қараған шақта аттанады. 

Парижге саяхат

Роза мен Жозефаны мұқият қараған француз дәрігерлерді оларды бөлу мүмкін еместігін айтады. Екеуінің кеуде тұсынан бастап құйымшаққа дейінгі омыртқа жотасы бірігіп кеткен. Қыздардың әрқайсысында жүрек пен бүйрек бөлек, ал асқазан және жыныс мүшелері ортақ болған. Есесіне қуық пен жатыр екеуінде екі бөлек. 

Парижге барған сапарында ата-анасы қыздарды көпшіліктің алдына шығаруды ұйғарады. Себебі олардың еміне қыруар қаржы керек еді. Қыздар да өнерден құр алақан емес. Жозефаның оң аяғы сол аяғынан қысқа болғанына қарамастан, екеуі жұптық би билеген. Францияда қыздардың жеке менеджері және ұдайы өнер көрсететін алаң пайда болады. Жергілікті халық та елге көк көзді, сары шашты қыздардың келгенін естіп, олардың өнерін көруге асығады. Жарнамалық акциялар да үлкен рөл ойнайды. 

Араға 2 жыл салып, қыздар Америкаға, әлемдік көрмеге аттанады. Ол жерде де сиам егіздері толағай табысқа кенеледі. Кейін Еуропаға қайта оралады. Демалыссыз Еуропа елдерін аралап, музыкалық және хореографиялық өнерлерін паш етеді. Алайда күндердің күнінде халықтың қызығушылығы бәсеңдейді, қыздардың да арасында түсініспеушілік пайда болады. 

Туғалы тату болған қыздардың ұрысына не себеп?

Белсенді, батыл, үнемі бір қадам алда жүретін Роза ерлерге қызығушылық таныта бастайды. Ал ұяң Жозефа сіңлісінің бұл қылығын құптамайды, тіпті айыптайды. Алайда екі бөлек соғатын жүректердің қалауы тоғыспайды. 

Қыздар бойжете салысымен, БАҚ оларды жеңіл мінезді әйелдерге теңейді. Қыздар да қарсылық білдірмейді. Себебі мұндай шу билет сатылымын ұстап тұруға көмектеседі. Бірақ күндердің күнінде оның да әсері бәсеңдейді. Сол кезде елді елең еткізер жаңалық шығады:

"Роза Блажек екіқабат!"

Бұл 1909 жылы, егіздер 31 жасқа келгенде болған оқиға. БАҚ беттерінде түрлі ақпарат жарияланады. Көп ұзамай елдің көңілін күпті еткен сауалға болашақ ананың өзі жауап береді. Роза өмірінде тек бір рет ер адаммен қатынасқа түскенін, оның өзі үлкен махаббатпен болғанын айтады. 

"Сонда Жозефа қайда қалды?" – деген сұрақ бүкіл Еуропаны мазалады. Газет қызметкерлерінің мәліметінше, ғашықтар өздеріне кедергі келтірмес үшін Жозефаны әдейілеп ұйықтатқан. Сонда көпшілік сәбидің әкесі қыздардың менеджері деп болжаған еді. Ол бір себеппен олардың барлық концерттеріне бірнеше жылға тоқтау салып, жақ ашпаулары үшін қомақты қаржы берген деседі. 

Қалай болғанда да, Роза 1910 жылдың сәуірінде Прагада құпия түрде ұл босанады. Ол сәбиді Франц деп атайды. Өзінің айтуынша, ешкім көрмеген әкесі Франц Дворак есімді әскеридің құрметіне осылай атаған. Омырау сүті екі әйелде де пайда болған. Соның арқасында апалы-сіңлілілер сәбиді кезектесіп тамақтандырған.



Ал араға үш жыл салып, сиам егіздері сахнаға "Бір баланың екі анасы" деген қойылыммен қайта оралады. Кішкентай Франц шоудың үшінші қатысушысына айналады. 

Қыздардың танымалдылығы тез арада қалыпқа келеді. Үзілістен кейін және соңғы болған оқиғаларға байланысты халықтың оларға деген қызығушылығы арта түседі. Ал бұрын ер адаммен қарым-қатынасқа түбегейлі қарсы болған Жозефа жұмсара түсіп, өзгереді. Оның тіпті жігіті пайда болады. 

Ал ресми түрде тұрмыс құруға келсек, сиам егіздері үшін бұл арман болып қалады. Себебі "құбыжықтар некесі" заң тарапынан құпталмайтын, екі әйел алушылыққа теңелетін. Соған қарамастан, Роза өмір бойы өзін Дворак тегімен таныстырып, жесір қалғанын айтады. Күйеуі 1917 жылы Германия үшін күресте қаза болыпты. Ал сүйіктісімен тек атастырылып үлгерген Жозефа тұрмысқа шықпайды. Себебі оның сүйіктісі көп ұзамай ішек ауруынан қайтыс болады. 

Жаңа шоуды Еуропада қойып болған соң, Роза мен Жозефа Америкаға баруға ниеттенеді. Ұзақ уақыт дайындықтан кейін, 1921 жылы Чикагоға 11 жасар Францпен бірге аттанады. Алайда апалы-сіңлілердің арманы орындалмайды. 

Бірнеше айдан кейін Роза тұмау жұқтырып, қатты науқастанып қалады. Бір қызығы, егіздер бірдей уақытта өте сирек ауырған. Роза айыға бастаған кезде, Жозефаның іші қатты ауырады. Екеуі қайта емханаға түседі. Бұл жолы дәрігерлер диагноз бен нақты ем жазып бере алмайды. Жағдайы нашарлаған Жозефа комаға түседі. 

Осы кезде қыздарды екіге ажырату туралы сауал қайта қойылады. Осы кезде өзін сиам егіздерінің бауыры деп таныстырған Франк есімді біреу пайда болады. Ол тым болмағанда Розаны құтқарып қалу үшін екеуін бөлу керек деген мәселені көтереді. 

Бұл жердегі Франктың ойы белгілі еді. Егіздердің екеуі де қайтыс болған жағдайда, олардан қалған мүлік "екі ананың ұлы" Францқа бұйырады. Ал тек біреуі көз жұмса (оның үстіне ұлдың анасы болып табылмайтын Жозефа), Франк оның мұрасынан үміт ете алады. 

Ауруханада болдық деген куәгерлер екі түрлі нұсқаны алға тартатын. Олардың бір тобы Жозефа комаға түскен соң, Розаның "мені құтқар" деп жалынғанын айтса, екіншілері Розаның әпкесімен бірге көз жұмуды қалағанын алға тартқан. Өзі де солай болды.  

Роза Жозефадан 12 минут артық өмір сүрді. Екеуі 1922 жылдың 30 наурызында қайтыс болды. Ал мұрагерліктен үміттенген Франк тағы біраз уақыт күресті. Әйелдердің денесіне сараптама жасап, ұлдың шынайы анасын анықтауды талап етті. Ақырында Францты туған Роза екені белгілі болды.
 

Талқылау