Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Білім министрлігі соңғы қоңырауды өткізудің бірнеше форматын ұсынды

Ертең ел мектептерінде соңғы қоңырау соғылады. Өкінішке қарай, COVID-19 індетінің тарауы салдарынан өткен жылдан бастап, мектептегі аталған дәстүрлі іс-шараны өткізуде айтарлықтай өзгеріс енгізілді. Олай болса, биыл соңғы қоңырау рәсімін өткізуге рұқсат берілді ме, ол қалай өтпек осы және басқа да сұрақтарға ҚР Білім және ғылым министрлігі, Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

звонок

"Ертең ел мектептерінде соңғы қоңырау соғылады. Министрлік тарапынан барлық орта білім беру мекемелеріне оны қалай өткізу туралы нұсқаулықты жібердік. Біз соңғы қоңырау іс-шарасын өткізудің бірнеше форматын ұсынып отырмыз. Атап айтқанда, аталған шараны тек қана 9-шы және 11-ші сыныптарға арнап дәстүрлі түрде өткізуге болады немесе сынып ішінде тәрбие сағаты ретінде ұйымдастыруға болады. Одан бөлек, егер мектепте мүмкіндік болса, яғни оқушылардың сыйымдылығы көп болмаған жағдайда 9-11 сынып оқуышаларымен қатар, басқа да сынып оқушыларын кестеге сай шақырып дәстүрлі түрде өткізуге рұқсат", - деді Майра Мелдебекова. 

Сондай-ақ, министрлік өкілі мектеп бітіру кешіне қатысты түсініктеме беріп өтті. 



"Министрлік тек соңғы қоңырауды өткізуге рұқсат беріп отыр, аттестат табыстау рәсімі де мектепте өтеді. Ал басқалай мектеп бітіру құрметіне арналған түрлі форматтағы кеш, ойын-сауық ұйымдастыруға тыйым салынады. Және әр аймақтың жергілікті атқарушы органы жиын-тойдың өтпеуін қадағалауы тиіс. Оның үстіне әр оқушы мен ата-ана алдымен өздерінің жеке қауіпсіздіктері туралы ойлаған жөн", - дейді ол. 

Оның айтуынша, биыл мектепті 154 400-ден астам түлек бітіргелі отыр. 1-11 сыныпта оқитын 3 млн 400 мыңнан астам оқушы бар. Оқу процесі екі форматта ұйымдастырылды. Дәстүрлі және қашықтан оқыту.

"Республика бойынша оқушы саны 300-ден астам мектептер дәстүрлі форматта оқытты және онда 120 мыңнан астам оқушы білім алды. Сондай-ақ, 1-5 сыныптар арасында кезекші топтар ашылды. Яғни оқу процесі әр аймақтың санитарлық-эпидемиологиялвқ жағдайына байланысты ұйымдастырылды", - деді комитет басшысы.

Талқылау