Биыл жастарға қанша пәтер жалға беріледі? Асқар Мамин түсіндірді
Премьер-министр Асқар Мамин жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін пәтерлер құрылысын қаржыландыру 2025 жылға дейін ұзарту қарастырылатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Ақ жол партиясының депутаттық сауалына жолдаған жауабында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Белгілі болғандай, 2019-2020 жылдары республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 4 мың пәтер жалға берілген.
Айтуынша, биыл 3 мың пәтер беру жоспарда бар.
"Қазіргі уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл 3 мың пәтер беру мәселесін пысықтауда. Сондай-ақ, аталған бағдарламаға 2025 жылға дейін қаржыландыруды ұзарту бөлігінде өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде. 2021-2025 жылдары "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес жыл сайын республикалық маңызы бар қалаларда 3 мың жасты осындай тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда", - деді ол.
Сондай-ақ, 2025 жылға қарай жұмыс істейтін жастарға барлығы 15 мың пәтер берілетінін айтып өтті.
"Мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде және олар Үкіметтің бақылауында", - деді премьер-министр.
Қазақстанда жастарға арналған тұрғын үй: Баспанаға қалай қол жеткізуге болады