BI Group пен Bazis Бектеновтың ескерутінен кейін салықтарын төледі
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасынан кейін бірқатар қазастандық компаниялар 17 миллиард теңге салық төледі. Оның ішінде BI Group мен BAZIS компаниялары да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Қаржы министрлігінің мәліметінше, 633 компанияға хабарлама жіберілген. Олардың 172-сі құрылыс саласында және 102-сі сауда саласында жұмыс істейді.
“12 наурыздағы жағдай бойынша салық төлеушілер қосымша есептілік нысандарын тапсырып, салықтарын толықтырып жатыр. Қазіргі уақытта 17 миллиард теңге төленді. Оның ішінде BI Group және BAZIS компаниялары да бар. Деректерді салыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, бірқатар ірі құрылыс компаниялары қаржылық ағындардың ашықтығы мен құрылыс саласындағы көлеңкелі схемаларды жою үшін цифрлық шешімдерді әзірлеуге және қаржыландыруға көмектесіп отыр”, – делінген хабарламада.
Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерді салық заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Егер хабарламалар орындалмаған жағдайда, салық органдары кешенді салықтық тексерулер жүргізеді.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов кәсіпкерлерді екі апта ішінде салықты әділ түрде төлеуге шақырған еді. Ол BAZIS, BI Group және басқа да ірі компанияларды салықтан жалтарды деп айыптаған.