Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бетперде тағу міндеті мен Ashyq бағдарламасы: "Қызыл" деңгейге көшкен аймақтарда қандай шектеу енгізіледі?

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасының алаңында COVID-19 инфекциясының таралуына байланысты "қызыл" аймаққа көшу жағдайында енгізілетін шектеудің карантиндік шаралары талқыланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

маска

Денсаулық сақтау министрлігі "қызыл" аймаққа көшкен аймақтарда қандай шектеу енгізуді ұсынады:

  • Ashyq бағдарламасын қолдану;
  • бұқаралық іс-шараларды өткізуге шектеу (50%-ға дейін толтыру);
  • қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру;
  • әлеуметтік ара қашықтық;
  • маскалы режим;
  • вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерді жедел тесттен өткізу.

Қатаң шектеу шараларын қайта енгізу ұзақ карантиннен кейін енді ғана қалпына келе бастаған бизнеске үлкен соққы болады, дейді кәсіпкерлер.

"Мен кәсіпкер мен жеке тұлға арасындағы жауапкершілікті бөліп қарағанын қалаймын. Әлеуметтік қашықтық, бетперде тағу... Келушілер маска тағу режимін сақтамаған кезде айыппұлдар салдарынан бизнесті жабуға мәжбүр болған жағдайлар бәріміздің есімізде. Кәсіпкер бүкіл халық үшін жауапкершілік ала алмайды", - дейді бөлшек сауда және қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының президенті Марина Бошель.

Кәсіпкерлерді бәрінен бұрын локдаун енгізілген жағдайда мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдау мәселесі қызықтырады.



"Егер шектеулер енгізілсе, салық төлеу мәселелерін шешу қажет болады, өйткені шектеулер бастала салысымен, бизнес қайтадан шығынға ұшырай бастайды. Тіпті бетперделердің өзі де үлкен шығын. Онда салықтар мен тексерулерге мораторий енгізу мүмкіндігін тағы да қарастыруымыз қажет болады. Жасыратыны жоқ, індет жайлаған үш жылда бизнестің көрмегені жоқ", - деп қосты Марина Бошель.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Сәуле Ахметова Ashyq бағдарламасының төсек сыйымдылығы 50%-дан асса және денсаулық сақтау жүйесі бұл ауыртпалық еңсере алмаса қайтарылатынын айтты.

"Сары" аймақта шаралар ұсыныстық сипатта, ал "қызыл" аймақта оның айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда жеңілдеу нұсқа ұсынылған.

Іскерлік ұсыныстар, қарсылықтар мен күдіктер Денсаулық сақтау министрлігіне жолданады және "қызыл" аймаққа карантиндік шараларды әзірлеу кезінде ескерілетін болады.

25 шілдедегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары коронавирустың таралу деңгейі бойынша "сары" аймақта, қалған барлық аймақтар "жасыл" аймақта.

Талқылау