Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бес жыл бойы күйеуінің аяқ саусақтарын тістеген әйел оны комадан шығарды

Фото: Handout

Қытайда әйелінің махаббаты мен табандылығының арқасында ауыр халде жатқан ер адам есін жиып, қайта өмірге бейімделе бастады. Сун Мэй есімді әйел бес жыл бойы вегетативті күйде жатқан күйеуіне күтім жасап, оны оятудың түрлі жолын іздеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі South China Morning Post-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 2019 жылғы қазанда болған. Сун Мэйдің күйеуі Чжао Цзиньцянь қойманың шатырына шығып, үш жасар баланы құтқармақ болады. Баланы қолына алған сәтте ол шамамен алты метр биіктіктен құлап кеткен. Құлау кезінде Чжао баланы өз денесімен қорғап қалған. Бала аман қалды, ал ер адам ауыр бас-ми жарақатын алып, комаға түсті.

Сол күннен бастап Сун Мэй күйеуінің жанынан бір елі ажырамаған. Ол тәулігіне үш сағаттан да аз ұйықтап, күн сайын жарына ән айтып, денесіне массаж жасап отырған. Әйел күйеуінің есін жиғызу үшін барлық мүмкіндікті байқап көреді.

Бір күні Сун Мэй ерекше әдіске жүгінген. Ол күйеуінің аяқ саусақтарын ақырын тістеп, ауырсыну арқылы оның ағзасын оятуға тырысқан. Әйел осылайша жұбайы қандай да бір реакция білдіреді деп үміттенген.

Ақыры оның үміті ақталды. 2024 жылы Чжао көзін сәл ашып, айналасындағы адамдарға әлсіз болса да жауап бере бастаған. Кейін ол сөзді түсініп, қолын көтеріп белгі беруді үйренді. Уақыт өте келе өзгенің көмегімен аз уақытқа орнынан тұра алатын жағдайға жетті.

Ал 2026 жылғы 30 маусымда Чжао әйеліне сыбырлап

“Сун Мэй, мен сені жақсы көремін”, – деген.

Бұл сөзді естіген әйелдің қуанышында шек болмады. Көп ұзамай Чжао қайта жазуды үйрене бастады. Оның қағазға түсіре алған алғашқы әрі жалғыз сөзі әйелінің есімі болды.

Айта кетейік, қайғылы оқиғаға дейін Сун Мэй мен Чжао қарапайым, бірақ тату-тәтті өмір сүрген. Олар бай болмағанымен, екеуі де өзгеге көмектесуге дайын жандар еді. Сун Мэй тұрмысы төмен отбасылардың балаларына тегін сурет салуды үйреткен. Ал Чжао шалғай таулы аймақта оқитын бір оқушыға қаржылай қолдау көрсетіп жүрген.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде көпшілікті тебірентті. Желі қолданушылары Сун Мэйдің адалдығы мен сабырын нағыз махаббаттың көрінісі деп бағалап жатыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 14 Шілде, 2026 18:05