Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бес адамды өлтірген Дужнов бір жерден дайындықтан өтуі мүмкін – Сарапшы

Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужнов арнайы дайындықтан өтуі мүмкін. Мұндай пікірді сот барысында арнайы маман Игорь Лим білдірді. Сөзінше, дайындалмаған адам қас-қағым сәтте бірнеше оқ атып, дөп тиюі мүмкін емес екен. Сондай-ақ Дужновты үйінен шығар алдында оның қаруы бар-жоғы тексерілуі керек болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап. 

Дужнов

Алатау ауданы полиция басқармасы бөлім бастығының айтуынша, Дужновтың қаруы бар-жоғы тексерілмеген. Тіпті сол үшін қызметтік тексеріс жүргізіліп, жергілікті полиция қызметінің бастығы жұмыстан шеттетілген. Ал сотта жауап берген өзге куәгерлер сотталушының "бұрын оғаш қылығы болмаған" десе, кейбіреуі тергеуде айтқан сөздерінен жаңылды. 

"Осы жылдар арасында ешқашан шәй дескен кезіміз жоқ. Иогорьды жақсы жағынан білемін. Екеуіміз бажа болып келеміз. Сол күні моральдық тұрғыдан қолдау білдіру үшін жеткенмін. Сот орындаушылары келді. Қақпаның сыртында тұрдық. Бір кезде қатты дауыс естідім. Мылтықтың дауысы деп ойламадым. Сәл кідірістен соң кері бұрылып аулаға, көлікке қарай жүгірдім, сол жерде бес адамның денесін көрдім", – деді куәгер Алмас Абдулин. 

Бүгін ұзын-ырғасы бес жарым сағатқа созылған сот отырысында сегіз куәгерден жауап алынып, Дужновтың жақындары, жәдел жәрдем фельдшері мен заңгер түрлі сұраққа жауап берді. Бір қызығы, сотталушы әйелінің құрбысы "оқиғаны телефонға түсіріп тұрдым" деген сөзінен айнып шықты. 



Қайғылы жағдай өткен жылдың қыркүйек айында Ақбұлақ шағын ауданында болды. Отағасы сол кезде сот шешімін орындауға келгендерге оқ жаудырған. Қанды оқиғадан екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза тапты. 

Прокурор сотталушыға бірнеше баппен айып тағылғанын жариялады. Оның ішінде "кісі өлтіру", "оқ-дәрілерді заңсыз сақтау" және "басқа мемлекеттің аумағында қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына қатысу" секілді бап бар. 

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Игорьды 2014 жылы Луганскідегі қарулы қақтығысқа өз еркімен барып барлау тобында қызмет еткенін растаған болатын. Прокурор әскери дайындықтан өткен күдіктіге қару қолдану таңсық емес деп айтқан. Ал сотта сөз алған арнайы маман дайындықтан өтпеген адамның қас-қағым сәтте бірнеше оқ атып, нысанаға дөп тиюі "мүмкін емес" дейді. 

"Дужнов оқудан өтті ме, жоқ па, білмеймін. Бірақ біздің ортада мұндай атқыш ешқашан болған емес. Алайда бұл адам бір жерде қандай да бір дағдыны үйренген шығар. Бейне сабақтарды қарап отырып игеру мүмкін емес. Тек қана практика қажет. Сонымен қатар ол қаруды дүмбісіз қолданып, іш тұсынан нысананы көздеген. Машықтанбаған адамға нысанаға тигізу қиын. Сол себепті бір жерде дайындықтан өткен болуы мүмкін", –  деп мәлімдеді ҚР Ұлттық атқыштар қауымдастығының президенті Игорь Лим.

Сот барысында Дужнов сөз сөйлеп, қару қолдануды қашан үйренгенін айтып берді. 

"Мен Германияда әскер сапында борышымды өтедім. Біздің жеке тиріміз болды, дайындық жоғары деңгейде өтетін. Бізде әйелдер, офицерлердің жары кез келген қарудан ата алатын. Бұл 1986-1988 жылдар еді. Сонымен қатар Кеңес мектебі бар. Карабинді тексере аласыздар, Осы күнге дейін 15-тен көп рет атылмаған", –  деді Дужнов. 

Айта кетейік, 2021 жылы қыркүйектің 20-нда Алатау ауданында атыс болып, 5 адам қаза тапқан еді. Кейін 54 жастағы ер адамның сот үкімін орындауға келген 5 адамды атып тастағаны белгілі болды. 

Талқылау