"Резонанс болсын деп істедім": Белсенді Руза Бейсенбайтегі қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткені үшін қамауға алынды
Белсенді Руза Бейсенбайтегі Павлодар қаласында қамауға алынған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Руза Бейсенбайтегі жақында әлеуметтік желіге көші-қон полициясы қызметкерлерінің қазақша қызмет көрсетпегенін айтып, видео жариялаған. Артынша видеодағы адамдар тарапынан өзіне ақпараттық шабуыл жасалып жатқанын мәлім еткен.
Stan.kz тілшісіне Павлодар Полиция департаменті белсенді ХҚКО маманына қатысты қорлайтын сөздер айтқаны үшін ұсталынғанын хабарлады.
“2021 жылғы 07 қазанда сағат 15.25 шамасында Павлодар қаласының Павлов көшесі, 48 мекенжайы бойынша орналасқан ХҚКО ғимаратында қала тұрғыны ХҚКО қызметкерлерімен жанжал шығарды, бұл ретте ХҚКО маманына қатысты қорлайтын сөздер айтып, өтініштердің үлгілерін шашып тастаған. Бұл факті тіркелді және 1958 жылы туған қала тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал қарау үшін Павлодар қаласының Мамандандырылған сотына жіберілді.
2021 жылғы 12 қазанда сағат 13.30-да қала тұрғыны сот отырысына онлайн-режимінде қатысу үшін Павлодар қаласының Оңтүстік полиция бөліміне жеткізілді. Сағат 17.15-те адвокаттың өтініші бойынша сот отырысы 2021 жылғы 13 қазанға ауыстырылды”, – деп түсіндірді басқармада.
Белсенді Руза Бейсенбайтегі қазіргі уақытта босатылғанын, өзін барлық адами құқығын бұзып, адвокатсыз, материалдармен таныстырусыз соттап жатқанын хабарлады.
“Қайтадан орысша болатынын жатқа білгендіктен, тым болмаса резонанс болып, мүмкін қазақшасы осылай пайда болар ма екен деп, скочпен жапсырылып қойған ақпараттарды барлығын өзім алып тастадым, маған "ақшаға тіркейсің" деп жала жапқан, бастықтарының алдында күш қолданбақшы болған ”, – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Айта кетейік, жақында "Тіл майданы" қозғалысы белсенділерінің қазақша қызмет көрсетуді талап еткен әрекеттеріне байланысты "Тіл майданы" қозғалысының белсендісі Қуат Ахметов елден кетуге мәжбүр болған.
Еске салсақ, президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Абаев белсенділердің әрекетін "үңгір патриотизмі" деп атады.