Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Белгісіз біреудің ешкім танымайтын қатыны емеспін": Баян Алагөзованың экс-келіні күйеуімен не үшін ажырасып кеткенін айтты

“Рауза” телехикаясымен көрерменнің жүрегіне жол тапқан актриса, танымал продюсер Баян Алагөзованың экс-келіні Жарқынай Ханайым Айнұр Ілиясоваға берген сұхбатында Айдар Асқарбекпен не үшін ажырасып кеткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

©instagram.com/jarkynaixanaiym

“Ешқандай қыз ажырасамын деп күйеуге тимейді. Оның үстіне мен 27 жасымда тұрмысқа шықтым. Ажырасу процесі сен қазақи тәрбиені көрген, ер азаматын сүйген болсаң, араларыңда бала болса, өте ауыр өтеді. Бірақ мен көпшілікке оны көрсетпеуге тырыстым. Мен отбасыммен бақытты болуға ұмтылдым, бірақ Айдар екеуіміздің арамызда үйлесім болған жоқ. Мен Айдарға ойындағыдай әйел, ол мен армандаған ер азамат бола алмады. Біріншіден, екеуіміздің тәрбиеміз, өскен ортамыз екі түрлі. Екіншіден, үйленген соң жауапкершілік, бала, карантин, екеумізде де тұрақты табыстың жоқтығы әсер етті. Екеуміз де танымал адам болғандықтан, артымыздан сөз, өсек ерді. Айдармен арамыз суып, желіде бір-бірімздің суреттерімізді алып тастаған кезде мен ешқандай реакция білдірмедім. Жақсы болып кететін шығармыз деген үміт болды. Мінсіз келін болдым деп айта алмаймын. 27 жасымда тұрмысқа шықсам да, дұрыс тамақ пісіре алмаймын, мінезім қалыптасып қалған. Ол да 32 жаста. Екеуіміз бір шешімге келе алмай қойдық”, – дейді Жарқынай.

Актриса экс-күйеуіне өкпе-реніші болғанын жасырмады.

“Екі адамның арасында қандай дүние болса да, сыртта құрметтетсе ғой деп ойлайтынмын. Ол актер ретінде мансабын енді бастап жатты. Қыз бала болған соң отбасы үшін мансаптан да, бәрінен баз кеше саламыз. Айдардың ризалығы үшін әншіліктен де, актерліктен де бас тарттым, ол маған қызық болған жоқ. Сол кездерде “оның отымен кіріп, күлімен шықсам, тағы да бала тусам ғой” деген ой болды. Ал Айдар актер ретінде қарқынды дамып, түсірілімдерге бара бастады. Күйеуін жақсы көретін әйел үшін оны басқа актрисалармен көру маған қиынға соқты. Өзім баламен үйде, күйзелістемін, Айдардың басқа ортасы бар. Сонымен түбегейлі ажырасуға телехикаядағы қызғаныш себеп болды. Айдар маған заңды әйелі ретінде, тым болмаса Айлананың анасы ретінде телехикаядағы сахна туралы бір ауыз ескерту керек еді деп ойлаймын. Біз қанша жерден бір-бірімізге ашуланып, жанжалдассақ та қоғам үшін біз – ерлі-зайыптымыз. Ортада бала бар. Бұл тіпті қызғаныш емес, өкпе-реніш деп айтсақ, дұрыс болады. “Жарқынай, осындай сүйісетін сахна болайын деп жатыр. Мен түскелі жатырмын. Ренжіме” деп айтса, мен бұған басқаша қарайтын едім. Мені сол сахнаны ел қатарлы, көрермен сияқты көргенім, шок алғаным қапаландырды. Себебі, кез келген әйел ер азаматының қолын бөтен біреу ұстаса, жақын амандасқанын көрсе, жүрегі зыр ете қалады. Мен күйеуіме біреудің көз салып қарағанын көтере алмаймын, ол – менің адамым. Көп әйелдер: “Мен сондай болмашы дүние үшін отбасымды бұзбайтын едім” деп айтып жатады. Иә, әркім әртүрлі. Біреулер мұндайға шыдайды, ал менің бұған төзгім келген жоқ”, – дейді Жарқынай Ханайым.

Актриса ажырасқанына еш өкінбейтінін және өзінің бұл шешімін дұрыс деп санайды.

“Адамдар 10, 20 жыл бірге өмір сүре ме, олар тек бір-біріне адал болуы керек. Егер уақыт өте келе екеуінің сезімі суыса, тыныш қана ажырасып кеткені дұрыс деп ойлаймын. Сезім мәңгі емес. Ол бір жақтан болса да, бір күні сөнеді. Оның үстіне мен біреудің үйде отырған ешкім танымайтын қатыны емеспін. Бізде танымал адамдар бар, біз олардың үйде отырған қатынын білмейміз де, танымаймыз. Оның кімді, кімнен қызғанып жатқанын білмейміз. Кейбіреулер оның әйелі барын білетін шығар, бірақ басқа ортада мүлдем үйленбеген адам сияқты жүреді. Ал біздің қалай ажырасқанымызды болашақта қызымыз Айлана: “Анам қызғаншақ, әкем сері жігіт болатын. Сол себепті ажырасып кетті” деп айтады деп ойлаймын. Ажырасқаныма өкінбеймін”, – дейді ол.

Талқылау