Белгілі ғалым Рәбиға Сыздық дүниеден озды
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздық 96 жасында дүниеден озды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына сілтеме беріп хабарлайды.
«Бүгін түнде қазақ тіл білімінің абыз анасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық дүниеден өтті. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Рәбиға Сәтіғалиқызы отбасының қайғысына ортақтасып көңіл айтады», - деп хабарлады институт Facebook желісінде.
Рәбиға Сыздықова 1924 жылы 17 тамыз айында Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында дүниеге келген.
Ол 1938-1940 жылдары Темір қаласындағы педучилищеде білім алып, 1940-1945 жылдары – Алға поселкесі мен Темір қаласында мектеп мұғалімі, педучилище оқытушысы болып қызмет еткен. 1945-1947 жылдары – Абай атындағы Алматы педагогикалық институтында, 1947-1951 жжылдары – осы институттың аспирантурасында оқыған. 1951-1957 жылдары – Қазақ мемлекеттік оқу-педагогика баспасында (қазіргі «Рауан») редактор, кейін редакция меңгерушісі, 1957 жылдан бастап – Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында (қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы) ғылыми қызметкер, Тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, 1980-1994 жылдары – Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, 1994 жылдан – бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. «Абай қара сөздерінің морфологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық (1959 ж.), «Абай шығармаларының тілі» тақырыбында докторлық диссертация (1971 ж.) қорғады. Осы салада үш монография жариялады: «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1971), «Абайдың сөз өрнегі» (1994).
Ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, ҚРҒА-ның корреспондент мүшесі ол 1951-1964 ж. Қазақтың оқу- педагогикалық баспасында аға редактор, редакция меңгерушісі, Қазақ КСР ҒА тіл және әдебиет ин-тында кіші ғылыми қызметкер, ҚРА. Байтұрсынов атындағы тіл білімі ин- тының бөлім меңгеру-шісі, 1994 жылдан бері осы институтының бас ғылыми қызметкері.
14 кітаптың авторы. Оның ішінде: "Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш", "Сөздер сөйлейді", "Сөз сазы", А.Байтұрсынов, "Қазақ әдеби тілінің тарихы", "Абайдың сөз өрнегі", "Сөз құдіреті", "Қазақ тілінің анықтағышы" және т.б бар.
Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының 1996 жылғы лауреаты. «Құрмет Белгісі» орденімен үш рет, ҚР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.