Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бел бекер жуандап, қалың әжім жайдан жай түскен жоқ": Роза Әлқожа туған күні қарсаңында жан сырын ақтарды

Танымал әнші, сазгер Роза Әлқожа жаңа жасын тойлап, ел алдында есеп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/roza_alqozha/

Өнер иесі сөз басын жеке өмірінен бастап, шығармашылығына да тоқталды. 

“Біреуге ерте қонған әншілік бақ маған кеш қонғанымен, отбасылық бақыт маған ерте бұйырды. Он тоғызымда келін атанып, жиырма жасымда ана болдым, шүкір! 33 жасымда бес баланың анасы, Алматы-Астанада бес үлкен кеш берген әнші-сазгер, аты-жөні белгілі тұлғаға айналдым. Екі жүзден әннің орындаушысы, жүзден астам әннің авторы. Отызға жуық бейнебаяны бар, оннан астам альбом шығарған еңбекқор жан ретінде өзіме разымын! Жүрегіме, санама, ақылыма, сезіміме, төзіміме алғыс! Кей жолдарды қалай жүріп өткеніме бүгін таңырқап қарап қоямын! Кей жерлерде қалай төзгеніме қазір қайран қаламын! Мұның барлығы – махаббаттың арқасы! Мұның барлығы кіршіксіз сенген, күткен, жеткен Розаның арқасы!", – деп ағынан жарылды әнші. 



Сонымен бірге өнер иесі өмірдегі қиындықтарын да айтып өтіп, сынақта сүрінбегеніне тәуба етті. 

“Сына қаққанда сүрінбеуге, ізін баққанда бүлінбеуге тырысқанымен, өмір тек еркелетіп отырмады. Өзіне тән қошеметі, өзіне лайық қиындығы, өзіне тән сынағын қоса берді. Бел бекер жуандап, қабақтағы қалың әжім жайдан жай түскен жоқ… Бір Аллаға ғана тәуекел еткен жанның бағасын беруші де, несібесін жеткізуші де – халық. Бұл берген жолдарды, бұл киген киімдерді, өңдеткен әндерді, түсірген бейнебаянды бір адам ғана қолдап жасап бере алмас еді. Оған жомарттығы жетпес, мұнша дәрежеге жеткізуге ниеті де болмас?!. Бұл – үздіксіз хәм ұзақ жылдар жүрген жолдар жемісі, бітпеген төзім мен үзілмеген үміттің жеңісі!”, – деп жазды өнер иесі.  

Еске салайық, Роза Әлқожа шетелде саяхаттап жүріп, қиындыққа тап болғанын жазған едік. 

Талқылау