Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бекболат Тілеухан: Назарбаевты мазақтап, масқараға ұшырату - қоғамның опасыздығы болды

Бекболат Тілеухан жауларына ерегісіп депутат болуы, Назарбаевқа деген құрметі, вакцинаға көзқарасы жайлы Qasqa Jol арнасына сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тілеуханның айтуынша, депутаттарды сынап жүрген азаматтардың өзі шын мәнінде депутат болғысы келеді. 

"Сол сынап жүргендердің бәрі "Праймеризге" тапсырды ғой. Яғни бәрінің барғысы келеді", – деді ол.

Тілеухан қазіргі уақытта депутат болуға қызықпайтынын жеткізді. Тек сайлау алдында өзіне қатысты түрлі жалаға тап болған соң, жауларына ерегіскенде өз кандидатурасын ұсынғанын айтады. 

"Имандай шыным, қазір маған түк те қызық емес. Осыған жабысып қалған түгім де жоқ. Бармайын деп ойлап тұрған жерімде, Парламент сайлауы болардың алдында неше түрлі жалалар кетті. Қару сатты деді, видеолар шыға бастады. 

Маған шабуыл басталғанда, яғни менің депутат болғанымнан дұшпандарым сонша қорықса, болу керек екен деген ой содан келді.



"Депутат болса, халыққа жанашыр болмай қалады" деген ой бар. Адамның ішіне ешкім кіріп шыққан жоқ. Қалай жанашыр болмайсың? Ішін бермейтін ұлы саясаткерлер болады. Жеткен жеріне дейін жусаннан аласа болып, "ләппай тақсыр" деп, тағына жеткен кезде өзінің дегенін көрсетеді. Сөйтіп, халқыңа пайда келтіруге болады", – деп ағынан жарылды мәжіліс депутаты.

Бекболат Тілеухан коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанымен, бұл індетпен екі рет ауырған. Ол вакцинаның пайдасын мойындайды. Алайда мәжбүрлеуге қарсы екенін білдірді. 

"Иттей болып салдырдым. Қазір болып жатқан нәрсе мәжбүрлеудің о жақ, бұ жағы. Баратын жеріңе бара алмасаң, жұмысқа кіре алмасаң, мәжбүрлемеген несі қалды?

Жалпы вакцинаға қарсы болу деген нәрсе дұрыс емес. Оның да жақсы жағы бар. Сынақтан толық өтпеген нәрсені, елдің күмәнін сейілтпестен, салып жатқанын көрген кезде, мен үшін түсініксіз. Осыған қарсы шығу – өте қауіпті. Өйткені бұл Қазақстанның ғана шаруасы емес, әлемде болып жатқан жағдай", – деді депутат.

2019 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "екі сиыр ал да, өзіңді асыра" деген сөзі ел арасында қызу талқыланып, тіпті әзіл-әжуаға арқау болған еді. Мұны Бекболат Тілеухан "қоғамның Назарбаевқа жасаған опасыздығы" деп бағалаған. Депутат осыған қатысты пікірін айтты. 

"Заманында көп нәрсенің қадірін білмейміз. Көп адамға ұнамайтынын білемін. Бірақ ұнамайды екен деп өзім иланған ақиқатты жасырып қалмаймын. Назарбаев – ұлы саясаткер. 

Маған: "Тұғырдан кеткеннен кейін, неменеге оның сойылын соғасың?" деп ақыл айтатын адамдар бар. Мен сойылын сойып жатқан жоқпын. Тарихи әділдігін, өзімнің көзім жеткен шындығын айтып жатырмын. Кез келген нәрседе әділ болуымыз керек. 

Бізде пәлендей келешек, үміт болған жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алған соң, немісің бар, орысың бар, неге қашты? Көп адам осыны білген кезде, соны ұстап қалған адам – Назарбаев. Керек кезінде тәуекелді, қатал қадамдарға барды. Парламентті таратып жіберіп, бүкіл нәрсені мойнына алып, қаншама заңдарды шығарып, реформаны бастап жіберді.

Бастаған соң, шатасады. Ол – пенде, Құдай емес, пайғамбар емес. Шатасқанмен, негізгі курстан шатасқан жоқ. Жанын шүберекке түйді. 2018 жылы Каспийге талас болған кезде Қазақстанның мүддесін алып шықты. Ол тек қана Назарбаев сияқты ұлы саясаткердің қолынан келетін нәрсе. Көп адам оның бағасын біліп жатқан жоқ. Біз 2020-2021 жылы оған баға бере алмаймыз. Назарбаевтың қадірін 2040-2045-те білуіміз мүмкін. 

Соншама дәрежедегі елдің ақсақалын мазақтап, масқараға ұшырату қоғам тарапынан опасыздық болды. Сына, бірақ мазақтауға болмайды. Ол сөзім үшін мен жауап беремін", – дейді Бекболат Тілеухан. 

Талқылау