Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Алматыдағы атыс туралы: Үкімет пен ұлттық банкке бір ай уақыт беремін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда болған атысқа қатысты пікір білдірді. Ол үкіметке  бір ай мерзімде заңнамалық және нормативтік түзетулер топтамасын әзірлеуі керектігін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Полиция қызметкері мен сот орындаушысы қызметтік міндетін орындау барысында жасалған шабуыл салдарынан көз жұмды. Адамдарды өлтіруге қандай себеп түрткі болғанына қарамастан оны ақтап алу болмайды. Өркениетті қоғамда кез келген даулы оқиғалар мен мәселелер тек құқықтық деңгейде шешілуі керек. Осыған орай, болған трагедияны егжей-тегжейлі қарап, шешу керек", – деді Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте.

Президенттің айтуынша, кредиторлар мен проблемалық қарыз алушылар арасындағы қарым-қатынас саласы, әсіресе баспанаға қатысты, өте сезімтал және заңнамалық жетілдіруді талап етеді. Бұл банктердің кепіл саясатына, бағалау қызметін реттеуге, жеке сот орындаушылары мен басқа да аспектілерге қатысты.

"Бұл банктердің кепілдік саясатына, бағалау қызметін реттеуге, жеке сот орындаушыларының жұмысына және басқа да аспектілерге қатысты болып тұр. Осы мәселелер төңірегінде ашық және біркелкі сот практикасын қамтамасыз ету аса маңызды. Қажет болған жағдайда үкімет, ұлттық банк пен қаржылық реттеу жөніндегі агенттік бір ай мерзімде заңнамалық және нормативтік түзетулер топтамасын әзірлеуі керек. Бірақ менің ойымша, мұндай қажеттілік туындап отыр. Алайда мамандар бұл мәселені тағы да мұқият зерделеуі керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент үкімет пен әкімдікке Алматыдағы қайғылы жағдайдан зардап шеккендердің бәріне, әсіресе бірінші кезекте балаларға қолдау көрсету қажеттігін айтты. 



"Балалардың ешқандай кінәсі жоқ. Олар жалпыға ортақ немқұрайлылықтың құрбаны болды. Балалар қоғамымыздың әділдігіне деген сеніммен өсуі маңызды.

Егер үкімет пен мамандар мұқият қарап түзетулерді дайындайтын болса, жұртшылықпен келісіліп, келесі жылдың басынан бастап күшіне енуі керек", – деді Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшамауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен  қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.

21 қыркүйекке қараған түні Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы жаппай кісі өлтіру болған Алматыдағы үйден бір отбасын шығару жағдайында атқарушылық өндіріс екі жеке тұлғаның дауы болып табылатынын мәлімдеген.  

Талқылау