METRO Қазақстан нарығынан кетіп, 6 дүкенін жабатын болды
METRO Қазақстандағы 17 жылдық жұмысын тоқтататын болды. Компания 2027 жылдың наурыз айының соңына дейін елдегі алты дүкені мен жеткізу қызметін кезең-кезеңімен жабуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Компанияның мәліметінше, мұндай шешім Қазақстандағы бизнестің ұзақ мерзімді болашағын бірнеше ай бойы талдағаннан кейін қабылданған. METRO жергілікті нарыққа бейімделіп, клиенттерге арналған қызметтерін жақсартуға және көтерме сауда бағытын дамытуға тырысқан. Алайда компания Қазақстанда тұрақты өсімге қол жеткізе алмаған.
METRO Қазақстан нарығына 2009 жылдың қазанында кірген. Содан бері компания елде дүкендер желісін дамытып, логистика мен тауар жеткізу жүйесіне инвестиция салды. Компания негізінен мейрамхана, қонақүй, кейтеринг және шағын бөлшек сауда бизнесіне қажетті азық-түлік пен басқа да тауарларды көтерме бағамен ұсынды.
Соңғы жылдары METRO жеткізу қызметін де кеңейтіп, кәсіпкерлерге тауарды дүкенге бармай-ақ тапсырыс беруге мүмкіндік берген. Алайда компанияның айтуынша, жасалған инвестициялар мен нарықтағы позициясын күшейтуге бағытталған шаралар Қазақстанда тұрақты өсімге жеткіліксіз болған.
METRO Қазақстанда шамамен 650 адамды жұмыспен қамтып отыр. Компанияның бас директоры Месут Догукан компания жабылу процесін қызметкерлердің, клиенттер мен жеткізушілердің мүддесін ескере отырып жүргізетінін жеткізді.
“Қазір METRO Қазақстанның барлық қызметкерлері үшін өте күрделі кезең басталды. Барлық қызметкерлерімізге көпжылдық еңбегі мен компанияға деген адалдығы үшін, сондай-ақ іскерлік серіктестеріміз бен мемлекеттік органдарға METRO-ның Қазақстандағы бүкіл қызметі барысында көрсеткен сенімі, ынтымақтастығы және қолдауы үшін алғыс айтқым келеді. Бүгінгі басты басымдығымыз – METRO Kazakhstan-ға сенім артқан 650 қызметкеріміздің, сондай-ақ клиенттеріміз бен жеткізушілеріміздің мүдделерін ескере отырып, бұл үдерісті жауапкершілікпен әрі тиісті құрметпен жүзеге асыру", – деді METRO Қазақстанның бас директоры Месут Догукан.
Компанияның барлық дүкені бір күнде жабылмайды. Алты дүкен мен жеткізу қызметі 2027 жылдың наурыз айының соңына дейін кезең-кезеңімен тоқтатылады. Осы уақытқа дейін компания клиенттермен, жеткізушілермен және басқа да серіктестерімен жұмысын жалғастырады.
METRO қазір әлемнің 30-дан астам елінде жұмыс істейді. Компанияда 84 мыңнан астам адам еңбек етеді. 2024/25 қаржы жылында METRO-ның жалпы сату көлемі 32,4 млрд еуроны құраған. Компания бүкіл әлем бойынша қонақүй, мейрамхана, кейтеринг және тәуелсіз бөлшек сауда саласындағы кәсіпкерлерге көтерме сауда қызметін көрсетуді жалғастырады.
Қазақстандық әйел пәтерін жалға беріп, пәтерақысын ала алмай, жалға алушыны үйінен шығара алмай отыр
