Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Байлар байып, кедейлердің жағдайы нашарлайды: Халық зейнетақының бір бөлігін алуға қарсы шықты

Қоғам қайраткері Аида Букаева зейнетақы жинақтарының бір бөлігін беру жүйесін сынға алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қоғам қайраткерінің айтуынша, жаңа реформа жарияланған сайын барлық нәрсенің бағасы өсетінін айтты. 

"Жалақы немесе зейнетақыны көтеру мәселесі көтерілгеннен кейін келесі күні азық-түлік бағасы қымбаттайды. Жалақымыз өскенімен, нарықтағы баға да біртіндеп көтеріліп жатыр", - деді Букаева.

Ол БЖЗҚ-дан қаражат алуға байланысты реформа басынан бастап дұрыс болмағанын айтты. Өйткені бұл тұрғын үй бағасының өсуіне әкелетіні әу бастан-ақ белгілі болды. 

"Бұл реформа байларды байытып, кедейлердің жағдайын нашарлататыны белгілі. Себебі 20 жылдан астам тәжірибесі бар бірде-бір мұғалімнің, мейірбикенің, кітапханашының зейнетақы жинағында екі миллион теңге жоқ.  Реформа тұрғын үй бағасының күрт секіруіне алып келді.Әлі бір адамға зейнетақы қорынан ақша аударылған жоқ", - дейді ол. 

Естеріңізге сала кетейік, 23 қаңтарда сағат 09:00-де зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға өтініштер қабылдау басталды. Зейнетақы жинақтарын алуға өтініштерді қабылдаудың бірінші күні БЖЗҚ-ға 10 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Екі күн ішінде БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алғысы келетіндерге 112 миллиард теңгеге өтінімдерді мақұлдады.

Талқылау