Баян Алагөзованың тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы фильмі Берлин кинофестиваліне қабылданды
Баян Алагөзованың "Бақыт" атты фильмі 72-ші Берлин кинофестивалінің "Панорама" секциясына қабылданды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер туралы картинаның әлемдік таныстырылымы15 ақпанда өтеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қуанышты хабарды Баян Мақсатқызы өзі жеткізді.
"Бүгін менің өмірімдегі ең бақытты күндердің бірі. Бірінші жаңалығыммен бөлістім, ал екіншісін мен бүкіл шығармашылық ғұмырымда күттім. Армандар орындалады! "Бақыт" тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы фильмі 72-ші Берлин кинофестивалінің негізгі байқаулық бағдарламасына, "Панорама" секциясы бойынша кірді", - деді Баян Мақсатқызы.
Фильмге Асқар Ұзабаев режиссерлік еткен. Продюсер 2020 жылы аталған фильмді түсіру үшін краудфандинг (авт.ерікті түрде ақша жинау) жариялаған еді. Алагөзова бұл проблемаға бей-жай қарамай, атсалысқан барша жандарға алғысын білдірді.
"Осы хикая арқылы еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды өзгерте алатынымызға сенемін. Мыңдаған әйелдер бақытты бола түседі, ал айналамыздағы әлем жарық әрі мейірімді болады. Бұл картина үлкен команданың күшімен түсірілді, атсалысқан әр адамға алғыс білдіремін.
Алғашқы авторлық кино және оның тұсауы Берлиналеде кесіледі. “А” санатындағы кинофестиваль. Бұл өте керемет. Ал қазақстандықтар біздің туындымызды биыл көктемде көре алады", – деді Баян Мақсатқызы.
Айта кетейік, Баян Алагөзова тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын 2016 жылдан бері көтеріп келеді. Сол жылы продюсер экс-күйеуі Бақытбек Есентаевтың соққысына жығылған болатын. Әйеліне пышақ жарақатын салған Есентаев соттың шешемімен 9 жылға сотталған еді.
Еске сала кетейік, кеше Баян Мақсатқызы әже атанды. Көп ұзамай, продюсер тұңғыш немересімен түскен суретін жариялады.