Бауыржан Байбекке қатысы бар компанияға жүргізілген тексеріс заңсыз деп танылды

Ақмола облыстық прокуратурасы Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекке қатысы бар Qazaq Kaolin компаниясына көші-қон заңнамасының сақталуын тексеру бойынша жүргізілген тексеруді заңсыз деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алексеев каолин кен орны базасында тау-кен байыту комбинатын салу жөніндегі инвестициялық жобаның құны 5,8 миллиард теңгеге бағаланған. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашуды және өңірдің өнеркәсіп саласын дамытуды көздейді.
Компанияға тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде үш әкімшілік іс қозғалды. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай тексеру жүргізу үшін прокуратураның келісімі қажет болған.
"Уәкілетті мемлекеттік орган инвесторға қатысты көші-қон заңнамасының сақталуын тексеруді прокуратураның міндетті келісімін алмай және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркемей жүргізген", – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокуратура аталған тексеруді заңсыз деп таныды. Осыдан кейін компанияға қатысты қозғалған әкімшілік істер толық тоқтатылды.
Қазір заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанынан бастап “Qazaq Kaolin” компаниясының директорлар кеңесін Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек басқарады.
Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысында Бауыржан Байбектің әкесі жаңа өндіріс ашқаны туралы жазған едік.
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына берілген 20 миллион теңгені кім алды: Әкімдік жауап берді
Оқыңыз