Батыс көшбасшылары Путиннің психикалық денсаулығына күмән келтіруде - Guardian
"Донбасстағы әскери операция" туралы жария еткеннен кейін Путин санкциялар аясындағы жұмысты талқылау үшін ресейлік бизнес өкілдерімен кездесті. "Украинаға басып кіру туралы шешім Владимир Путиннің "шынайы өмір туралы сезіміне" қатысты сұрақтар тудырады", – деп жазады Guardian газеті.
Ресей президентінің Еуропаның қақ ортасында қанды-қырғын соғыс бастау туралы шешімінен кейін Батыс көшбасшылары Путиннің психикалық тұрақтылығына күмән келтіре бастады.
69 жастағы Ресей президентінің тұйықтыққа бейімділігі коронавирусқа қарсы сақтық шараларынан кейін үдейе түскендей. Ол енді заманауи әлемнен алшақтап, тарихты тереңінен қопарып, ұлылыққа деген жеке құлшынысын әспеттеп жатқандай, деп жазады басылым.
Газет Путинді бұрыннан танитын Франция президенті Эммануэль Макронның сөздерін келтірді.
2017 жылдың жазында Макрон қызығушылық танытқан Путинді Версаль сарайына кішігірім электрлі гольф-кармен алып барды. Келесі жазда оны Жерорта теңізі жағалауындағы өзінің саяжай резиденциясында күтті. Путин онда бір құшақ гүлімен тікұшақпен жетіп, Макрондар жұбының күнге әдемі қарайғаны жайлы жылы лебізін білдірген.
Макрон мен Ресей басшысының Мәскеудегі соңғы келіссөздерінен кейін, ол "шиеленістің сезілгенін" журналистерге айтқан. Макронның айтуынша, бұл Путин 2019 жылы Елисей сарайында көрген Путиннен өзгерек.
Еуропарламент мүшесі Бернар Гетта әскери шабуыл басталған таңда France Inter радиосына: "Бұл адам, жұмсақ тілмен айтқанда, шынайылық сезімін жоғалтып барады", – деді.
Бұл сөзімен Путиннің есінен адасқанын меңзегені ме деген журналист сауалына Гетта: "Иә" деп жауап берді. Бұлай ойлайтын жалғыз Гетта емес.
Владимир Путиннің ұзақ уақыт бойы жақтаушысы болған Чехия президенті Милош Земан да Украинаға жасаған шабуылынан кейін Путинді есінен адасқан деп санайтынын айтты.
"Ресейді бақылаушылардың барлығы оның деспоттық ойлауға кетіп бара жатқанын айтады", – деді тағы бір еуропалық дипломат.
Америкалық ғалымдар федерациясының есебі бойынша, Ресейде 5 977 ядролық оқ бар. Бұл көрсеткіш бойынша Ресей осы саладағы бас қарсыласы АҚШ-тан да асып түседі.
Путин бұл арсенал жайлы жиі айтады, Донбасстағы операцияны бастайтын кезде де атап өткен.
Газет сауалнамасына қатысқан сарапшылар бұл қарулар өзгелердің әрекетін бұрыс түсініп қалуы мүмкін адамдарға жақын орналасқан деп алаңдайды.
АҚШ президентінде сияқты, Путинде де ядролық қаруды қосуға болатын кодқа қолжетімділігі бар. Бірақ ол батырманы бір адам алып, баса алмайды. Оны тек қорғаныс министрі мен қарулы күштер штабы басшысының қатысуымен жасауға болады.
Бірақ Путинді біреу тоқтата ала ма, ол жағын енді нақты айту қиын деп түйіндеді Guardian.