Антикор Батыс Қазақстан медицина университетінің ректорын ұстады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры – оқу орнының басқарма төрағасы Әсет Қалиевтің ұсталғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КазТАГ басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Батыс Қазақстан медицина университетінің баспасөз қызметі
“Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде “А.М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті" КеАҚ басқарма төрағасының ұсталғаны расталды” – делінген хабарламада.
Әлеуметтік желілерде Әсет Қалиевтің 12 миллион теңге пара алу фактісі бойынша ұсталғаны және бір күн бұрын оның үйінде тінту жүргізілгені туралы ақпарат тарады.
Экс-ректор бұл қызметіне 2022 жылдың 7 қыркүйегінде тағайындалған.
Еске салайық, бұған дейін елордада медицина университетінің бұрынғы проректоры пара алғаны үшін сотталғанын жазған едік. Ведомство өкілдері экс-проректордың жекеменшік компания басшысы Гриценкодан 10 000 доллар пара алды деп айыпталғанын мәлімдеді. Бұл қаржы электронды кітап жеткізу кезінде қолдау көрсетуге тиіс болған. Сонымен қатар ректор лауазымына тағайындалу үшін делдал М.Капаров арқылы 47 000 доллар пара беруге оқталған.